03.09.2021
  127


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Әкесіне тартқан кісі

Абай мектебіне жаңа келген мұғаліміміз салдау жігіт екен, тақиясын бір шекесіне киіп, қолына үкілі домбыра ұстағанды тәуір көреді екен деген сөз ара-тұра естіліп жүрді. Мектептегі өзінен оқитын қыздарға да көз қиығын тастап, қырындап қояды екен десті зыпылдақ ауыздар. Бір күні «әлгі мұғалім Әдишаға сөз айтыпты, бетім-ау», деп Тұрған жеңгей аузын сылп дегізді. Қайдан ғана естіп қояды десеңізші сақ құлақтар-ай. Мұндай сөздің ең алғаш осы Ұртазыдан ғана естіген Әдиша шошып кетті. «Мұныңыз қалай? Мен сіздің шәкіртіңізбін ғой, тіпті жаспын ғой» деген сөздерін де айтып еді ол бірақ. Әдиша өзін сыртқа тепкен сайын ұстазы жақындап, майлы күйеше жабыса түсті. Өлердегі сөзін айтып, жалынды да, тырнағын да жалап-жалап алды. Ол болашақтағы болжауын айтып, қолы Әдишаға жетсе, өзін қандай бақытты адаммын деп санайтыны, екеуі қосылғаннан кейін сондай тату-тәтті тұратыны жайында сумаң қағып, аузы-аузына жұқпай айтып жүрді.


— Мен сені алмай қоймаймын, әкеме тартқан ұлмын,— деп те жіберді ол.


Бұған Әдиша мән бермеді, оқуын оқи берді. Ұстазы онда да қойған жоқ, арқаңды алыстан орағытып, тұзақтың бір ұшын Әдишаға тастап жүрді. Әдишамен бірге оқитын сабақтас қарындасынан: «Құлап барамын, жанып барамын, отқа түсіп өртенгелі тұрмын» деген сөздерді айтып талай-талай хат жазды. Арсыздыққа салынып, кейбір хаттардың аяғына, «сенің болашақ күйеуің» деп қол қойып та жүрді. «Әкеме тартқан ұлмын» дегенді де қайталай жүрді.


Бұдан кейін Әдиша біліп тұрған сабағына «жаман» баға алатын болды. Амал не, құдай ағасын осылай бұзып қойды. Әдишаға келгенде ол екіден басқа цифрдің бәрін ұмытты.


Көктемнің көрікті күндерінің бірінде клубта «Аманкелді» кинофильмі жүріп жатты. Батырдың өмірі жайындағы фильмді көруге көп оқушымен бірге Әдиша да келді. Картина аяқталғаннан кейін, басқыштан түсіп келе жатқан қызды Ұртазы шап беріп қолынан ұстай алды. Бұл кезде балалар тарап, адам саябырлаған да екен. Тіпті Әдишаның білегіне оның қолы жабысып қалғандай. Әдишаның қай шамада жұлқынғанын кім білсін, шынымен жұлқынса құтылар еді ғой, әйтеуір бұлқынып ештеме өндіре алмады. Ұртазы әйтеуір Әдишамен бірге ере кетті. Көрген көз, естіген құлақтар солай деп жүрді...


Тағы бір күні Ұртазы Әдишаға үйленіпті деген сөз естілді. Жергілікті «Социалистік құрылыс» газетінде Ұртазының феодалдық-байшылдық сарқыншақтан арыла алмай жүргендігі әшкереленіп мақала. басылды. Ол бұл жерде айласын асырып, Әдишаны алдап Омбыдағы туыстарына жіберді.


— Әкеме тартқан ұлмын, мені ұстай алмайды,— деді ол.


Ақыры, іс басылып, із суыған соң, екеуі ерлі-зайыпты кісі болып тұра берді.


Ұртазы армияға кетті. Әдиша оның аман келуіне тілектес болып сарғая күтті.


Ұртазы келгеннен кейін бұрын бір үйде екеу болса. енді бесеу болды.


«Қартайғанда кәрі боз жорға шығыпты» дегендей, әкесіне тартқан ұл төрт баланың әкесі болғаннан кейін бұзыла бастады. Содан ол табан аузында Қарағандыға көшпек болды. Оның мінезіндегі өрескелдікті байқаған Әдишаның әкесі: «Шырағым, Ұртазының сөзі қырық құрау, тоқсан тарау, қайсысын ұстарыңды білмейсің, қаңғып қалып жүрме» деп, қызына ескерткен де еді. Бірақ. Әдишаның көп жылдан бергі үйренісіп қалған ет жүрегі оны қимады. Қарағандыға бірге кетті.


Қарағандыға келген соң Әдишаға Ұртазының тағар міні көп болды. «Қалай болса солай жүресің. мәдениетің жоқ», туфлидің екшесін қисық басасың шашыңды «былай, нетіп, бұйралатып қоймайсың», тағы тағылар.


— Ана Зияны көрдің бе? Қандай әдемі, сондай неге болмайсың?— деді Ұртазы әйеліне.


— Ондай болу былай тұрсың оған ұқсағым да келмейді! —деп Әдиша кесіп айтты.


— Неге?!


— Зияға ұқсап әйелі бар адамға жармасуға менің арым жетпейді. Ондай некебұзарлықты, арсыздықты соған ақ бердім.


Әдиша бұл кезде Ұртазының Зиямен көңіл қосқанын сезіп те қалған еді. Баяғы «өлдім-талдымның» аяғының көпке бармағанын, осал, жасанды махаббат екенін енді сезді...


Осындай қырын кеткен күндердің бірінде Жаңаарқадан Зия Алматыға кетті деген сөз дүңк ете түсті. «Арқадан қызы сұлу бай көшті деп Торғауыттан байталмен Қодар салды» дегендей Қарағандыдан Ұртазы да аттанды. Аздан кейін-ақ Әдишаның атына Алматыдан хат келе қалды. Балалардың әкесінен шығар деп ойлады ол. Бірақ, бұл жолы Ұртазы балалардың әкесінше емес, жай бір таныстарша сүлесоқ хат жазыпты. «Сен балалардың апасы болып отыра бер» деп қойыпты бір жеріне.


— Мен әкеме тартқан ұлмын. Айтқанымды келтірмей қоймаймын.


Ұртазы қайтадан Қарағандыға келген соң:


— Сен бәйбіше болып отыра бер, төрт балаң бар, енді саған не керек, мен өзім сүйген жас Зиямен қызық өмір сүрейін,— деп ол бірде, бет-аузы қисаймай тура кетті.


Әуелде Әдиша мұны қалжың шығар деп ойлады. Бірақ бұл ойып емес, шын болып шықты. Кінәлауға түк таба алмаған Ұртазының Әдишаға тағар міні мынау болды: «Сені алғанда өзіме тартқан ұл табар деп алып едім, сен ылғи қыз табасың. Бәйбіше болып отыра бер десем, көнбейсің, бұл қорлық дейсің төрт баламен шұбыртып сені кім алады? Тастаған сүйек көзіңе тимей, жүр қаңғып!»


Осы әңгіме болғаннан кейін де «бір күнгі жолдасқа — қырық күн сәлем» деп. Әдиша оны бір жыл күтіп отырды. Ақыры, баяғы күйіп жанған шокта қоламтаның жылуы қалмаған соң ол төркініне көшіп кетті.


Ұртазы үйде отырғанда «әкеге тартқан ұлмын» деген мақтаныш сөзін расқа шығарды. Әкесі де бірін алып, бірін тастап, төсегін сегіз рет жаңғыртқан екен. Егер Ұртазының өзі айтқанындай, әкесіне тартқаны рас болса, Зиямен де тұрар-тұрмасы екіталай. Дәл айтқанда оның да шамаданын арқалар күні алыс емес шығар десіп жұрт артын бакты.


Сол Ұртазы қазір Қарағандыдағы Жамбыл мектебінде істесе керек-ті. Бұл — анда-санда балаларына ақша жіберетін жұмыс орны. Ол мұғалімдердің білімін толықтыратын институттан алатын ақшаны ешкімге білдірмейді. Баяғы Әдишаны алдағанындай бұл кезде балаларына да ұстатпайды. Бухгалтерияны тоқсан алдап, неше құбылады, кейде тапқызбай кетеді.


— Апа, әкем қайда?— деп сұрайды балалары Әдишадан. Ол жауап бере алмайды, мұңайып төмен қарайды. Оның орнына :


— Сенде әке сықылды әке бар ма еді, сендерді көзі қиып тастап кеткен мейірімсіз біреу дағы ол. Несін сұрайсыңдар оның,— дейді нағашы шешесі жиендеріне. Рас-ау, біреу емес, төрт баласын тірі жетім етіп, көзін жаудыратып тастап кеткен мұндайларды қалай әке деп айтарсыз.


Қоян көжегін туған соң қордаға көмеді екен де, «қанжығада көрісерміз» деп қорданы бір теуіп зытып кетеді екен. Ұртазы да көжегінен безген қояндай біреу болып шықты.


Ол ол ма, енді Зия да чемоданым арқалапты. Нағыз әкесіне тартқан ұл екен, шіркін Ұртазы. Шамасы сегізге бармай тоқталмас, сірә!


1967




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу