03.09.2021
  136


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Алтын жүзіктің иесі

Медицинаға белгілі аурудың саны әзірге үш мың қырық болса керек-ті. Ал ауыратын адамдар да бір-біріне ұқсай бермейтін үш мыңнан әлдеқайда көп мінезбен келіп ауруханаға жайғасады екен. Олардың ішінде кеселі жанын жегендіктен амалдың жоғынан келгендері бар сияқты, кейде желкілдеп, біраз күн әзір тамақ, әзір төсек үшін келетіндері де болатын көрінеді. Шынында ауруханаға бір кіріп алған соң ерінгендіктен өтірік ыңқылдай қойсаң беті-қолыңды да біреу жуып береді емес не: Шамасы ондайлар аурухананы жетік зерттеген адамдар болса керек.


Өлетін бала молаға қарай қашады» демекші, cay жанына ауру тілеп жүретіндер бар дегенге сенгің де келмейді. Дегенмен пендеміз деңіз. Түрмеге де, ауруханаға да қаланып баратындарды (екеуі де адамды түзетеді ғой) естігеніміз болмаса көргеніміз жоқ-ты. Әйткенмен нақ сондай «ауру» болмағанмен біреулердің «зерттелу» үшін түскенін көргенім бар.


Науқас адамдардың әдеттегі ермегі бүгін ауруханаға кім келді, ол қандай науқас, дерті қатты ма, әлде еркелік пе, жасы қай құралпы, қызметі, лауазымы кім, немесе әйел болса ол кімнің әйелі, әдемі ме екен, өз мансабы жоқ болса, күйеуі немесе әйелі не істейді екен, кеткендер болса белгілі, науқасынан қай шамада жазылды, айығып кете ме, әлде үйіне барған соң о дүниеге аттана ма, қанша күндік, немесе қанша сағаттық өмірі қалды, тағы тағылар.


Аяғымыздан жүретіндеріміз түскі асқа асханаға жиналғанымызда шеткі столда отырған гастриті ішін әлеп-жәлеп, ішкен-жегенін бойына жұққызбай қойған инеліктей арық, жанындағы әйелдің жартысындай Ғалия жүректі май басып кеткендіктен демін екі иығынан алып отырған, өзі де шоқыдай дәу әйел Күміске бұрылып:


— Менің палатама жаңа келген әйел тамақты алдырып ішетін болды. Сізбен науқастас болмаса кімге айтарсың — деді.


«Науқастас» деген сөз көңіліне шық ете қалған Күміс қылт ете түсіп, тіл қатпады. Науқастас! Не дегені ол? Мен мұндай ауруды құдайдан сұрап алыппын ба деп отырғандай. Тырсылдап жарыла жаздап қалды. Мұны байқаған ауру бәрінен қатты болса да, бөрілікпен арығын сыртқа білгізбей қампайып жүргем көңілді Асан осы қырғи қабақ кикілжіңді жойып жібермек болды:


Екеуіңше емделсе тез жазылар.— Бұл өзі де ызаға булығып отырған Күміске жаман тиді. Ол Асанды бастырмалатып кеп берді.


Ішіп алған тораңғыдай болмай жоғалшы, әрі. Өлейін ден тұрын сенің күлкің қай жеріңнен келеді.


Асап шамданған жоқ. Жұртпен қосыла күлді. Күміске батып отырғаны «Екеуіңше емделсе» деген сөз. Өйткені осыдан үш күн бұрын таңертеңгілік айналыста дәрігер Күміске де, Ғалияға да қатты ескерту жасады. Өйткені Ғалия арық болғандықтан аз да болса ішкен тамағым бойыма сіңсін дейді екен де, тамақ іше салысымен жата қалады. Ондағы ойы ішіме май байлансын дейді. Бірақ содан ұйықтап кетеді де, ішкен тамағы (өзі ауру іш қой) қорымай кілкілдеп жүрегінің басында тұрады, сондықтан келесі тамақ батпайды. Сөйтіп жүдейді де жүреді. Ал Күміс болса, оның жағдайы мүлдем бөлек. Ол тамақ іше салысымен аулаға шығады да, содан бір отырмай жүріп алады. Ондағысы тамақ май үстіне май бітірмесін деп қауіптенеді. Оның бәрі дұрыс-ақ. Бірақ ол келесі асқа келгенде қарны ашып зорға жетеді де, берген сыбағаны сыпырып-сиырып соғып алады, тіпті қосымша сұрап ішеді. Содан күн асқан сайын Ғалия ілмие түседі де, Күміс күмпие түседі. Жаңа Асан сөзіне ашуланғаны да осы еді.


Нақ осы бір кезде әдейі осы әңгімені үзіп жіберейін дегендей ауруханаға соңғы келген әйел Ғалияның көршісі ашық тұрған асхана есігінің алдынан өтіп, осы жерге орнатылған телефонмен үйімен сөйлесе бастады.


— Сенбісің? Мен Тұрған ғой. Мынау аурухананың тамағының тамақ сиқы жоқ екен. Торттан басқа түк жемейтін байқұс басым, жаңа көк сорпаны ішпей тастап шықтым. Сен балалардың қолынан шоколад түсіруші болма. Олар шоколодтан басқаны жемейді ғой...


Мына бір сөздер асханада отырғандардың бәрін елеңдетіп-ақ тастады. Елеңдемеуге болар ма!? Мынау шамасы періште шығар. Өзі торттан басқа түк жемесе, балалары шоколадтан басқаны аузына алмаса, ол дүниеде болмаса бұл дүниеде жоқ хордың қызындай бір сәулем болып шықты ғой.


Ауру болса да отырған еркектердің біразы жаңағы періштені көруге дәлізге тамағын тастай шықты. Ауыздары шөпшеңдеген әйелдер де тамақтарын шала ішті. Тіпті, олардың алдындағы астарын ішуге мүмкіндік бермей сайқымазақ Асан да дегбірін алып болды.


— Қалай ғана торттан басқа тамақ ішпейтін сәулемді көрмей қаласыңдар. Өй, өңкей арық тоқтыға ұсаған байқұстар, капуста сорпаны ішіп, сәбізді қоянша кеміріп өліп барады ғой. Тарелканы жеп қоймақпысыңдар!..


Асан сөзінен кейін асханада Күмістен басқа ешкім де қалмады. Бәрі де дәлізге шығып Тұрғанға бір-бір қарап жымиып қойып, аяңдап кете барды. Тұрған жап-жас келіншек. «Бұрынырақта астықты қаппен тасыған кезде қалған-құтқан дәнді салып қоятын үлкен дағаралар колхоз қырмандарында тұрушы еді. Нақ сондай қолпиып тұр. Шынында торт қана жеген адамдай. Ұзыны мен көлденеңі бірдей болып телефонға жабысып қалған. Екі қабат болмаса да беті секпілденіп, ноқталанып кетіпті. Жазды күні тары істегенде былғауыш ұстап тары қуырып отырған әйелдер бір жағынан бетін от, түтін, күйе шарпып, бір жағынан күн қақтап қарала-торала болып кетуші еді. Бет-жүзі нақ солардай. Қазір ғана қазаннан қуырып алғандай. Торттан басқа тамақ жемейтін, жел тимеген салқын үйден шыққан адамға ешкімнің көзі тиіп, сұғы өтпейтінін бәрі де сезді.


Тұрғаннан жұрттың көңілі шиткіп қалды. Дегенмен оны емдейтін дәрігермен бірге мен де зерттей бастадым.


Тұрған күніне үйіне екі мәрте телефон соғады. Шамасы түсте ері кызметте болады білем. Екі ұл, екі. қызының бірін шақырып сөйлеседі. Науқас адамдар ол кезде Тұрған сөзін асханада отырып естиді. Ондағы сөздің бірі (алғашқы күнгісі) былай келді:


— Жөкең сенбісің. Бұл мамаң ғой. Қарындарың ашып қалған жоқ па? Көкең әкеліп қойған шоколадты күйсетіп соға беріңдер. Көкеңе кешке айтармын, бірнеше қорап әкеліп қой деп. Жөкең серванттың ортаңғы суырмасында менің алтын жүзігім тұр. Сен оны алып лақтырып тастап жүрме. Ұйықтайтын бөлмедегі үлкен күзгінің алдында менің алтын сағатым тұр, әлгі Сәулеге айт, қолыма салам деп түсіріп алып жүрмесін. Өзінің алтын сағатын салсын...


Тұрған шаршап кетті білем, үйімен сөйлесуге телефон күтіп тұрғандарға қарап, орындықты қойып жібер деп ымдады. Тіпті оның бағанадан бері қалай тұрғанына, жалпы қалай жүретініне таңданып қалдым. Аяғына көзім түсіп еді шидиген балтыры анау, молдау жаралған денені қалай көтеріп тұр екен дерлік. Орындық алып беруге Асан дайын екен. Лып еткізді. Ол жөңкеріліп зорға отырды да, телефонға енді кіші ұлын шақыртты.


— Саматжан, мен мамаң ғой. Сен үстіңе анау Берлиннен алдырған костюміңді кимей-ақ қой. Ленинградтан алдырғанын ки. Айнаның алдындағы менің дүррі-гауһар сырғаларыммен ойнама, оны ұстама...


Артқы жағымдағы біреудің күбірі көңілімді бөліп жіберді. Асан екен. Санап отыр:


— Үйінде серванты бар екен. Бір. Оның ішінде алтын жүзігі тұр. Екі деңіз. Айна алдында алтын сағат бар, үш...


Жұрт ду күліп жіберді. Бірақ Тұрған өзінше сөйлей берді.


Кешке қарай сайқымазақ Асан жұрттан бұрын телефон жағынан орын алды. Өзінше келсе де, әлде алтын жүзіктің иесінің сөзін тыңдағысы келсе де бәрі тізіліп қалыпты. Кезек Тұрғанға келгенде бағанадан бері дабырласып отырғандар тына қалды. Тұрғанның май басқан бырбық саусақтары телефон тегермегін айналдырды:


— Алло, Ескен, мен ғой. Аманмын. Өлер болдым. Ішім пысты. Маған бір кітап әкеп бер. Түу екі мың том кітаптың ішінен қолыңа түк түспей тұр ма? Ілінгенін әкел. Сен қай костюміңді киіп жүрсің. Анау арзан екі жүз сомдықтарын-ақ кисеңші. Қарап жатыр ғой. Не білуші еді. Мен ауруханадан шығарда анау австриялық костюмді әкел, жоқ, жоқ оны әкелме. Әлгі жапоншасын әкел. Менің алтын алқамды шифоньерге тыға салшы...


Естігендер Тұрғанға бір-бір жымиып кете бастады. Бұдан кейін ауруханада ол телефонмен сөйлескенде қасына ешкім бармайтын болды. Шамасы Тұрған үйінің дүниесін тегіс біліп болса керек.


...Күн жексенбі болатын. Ауруханадағылар аулаға шығып демалып отырысты. Бұл жерге Тұрған да шығып келе жатты. Ол жолшыбай әркімге әлденені көрсетеді. Науқастар үндемей қарсы алды. Маған таяу отырған Асан мені түртіп қалды. Ойда жоқта бүйірімнен тиген түрткіден шошып қалып, жалт қарадым. Тұрған Ғалияға келіп:


— Тісімнің коронкасын қара, түсіп қалды. Екі алтын тісім бар еді ғой, біреуі,— дейді. Ғалия тіс жарып ләм демеді. Жұрттың бәрі Тұрғанның түсіп қалған тісінің коронкасын (әлде өзін) тамашалап отырғанда науқастармен бір еркін әңгімелеспек пе, әлде әдейі бір шаруасы бар ма, бас дәрігер келді. Ол жұрттың сыпыра сырқатын сұрап отырды. Кезек Тұрғанға келгенде аузы жылдам Асан:


— Науқасы қатал, бұл кісінің — демесі бар ма. Мұны естіген Тұрған шошып, шоршып түсті:


— Сіз қайдан білдіңіз?— Тұрған дәрігерге ауруын ұзақ әңгімеледі. Бірақ дәрігер де, басқалар да оның науқасына түсіне алмады.


— Әйтеуір дерті қатал,— деді Асан қоймай.— Тамақты палатаға алдырып ішеді, аулада жұрттан көбірек қыдырады, көбірек сөйлейді.— Дәрігер Асан сөзін естімеді. Тұрғаннан қайта сұрады:


— Сонымен сіздің науқасыңыз не болды?—деп күлді ол.


— Басым, белім, сегіз көзім... жіліншігім...


— Дерті — мақтан, тым қатал...— деп жіберді Асан.


Дүйсенбі күні Тұрғанды бас дәрігерге шақыртып кетті. Бұдан кейін оны ауруханада ешкім көре алған жоқ. Арманды жері осы болды.


1967




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу