03.09.2021
  153


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

“Қысылғанды қымыз шығарады”

Түн... Көшені көктемнің қараңғы соқыр туманы басып тұр. Көзге түртсе көргісіз. Көшеде адам жүретін уақыт емес. Ел орынға отырған. Кішкене бөлменің ішінде үш кісі отыр. Екеуінің сөзі бір өңкей. Үшінші кісі де ара-тұра кесте бізінше сөзін іліп-шалып тастайды. Ол сөйлеген сайын оған қарап анау екеуі түйіліп-түйіліп кетеді. Тура бас салуға дайын отырғандай. Әр-беріден соң керілдесіп те қалды. Анау екеуі үшіншісін сөзбен жеп барады. Бұл дау былай басталған екен:


Мерекелі күннің бірі болатын. Сымтас қаласындағы «Жартас» артелінің қызметтен қайтқан бірсыпыра қызметкерлері көңіл көтеруге еһе десті.


— Той дегенде қу бас домалайды, е біз қу бас құрлы жоқпыз ба?— деді бірі.


— Көңіл көтеруге кімнің қарсылығы бар, дұрыс-ақ, ал бастадық!— деп қоштады екіншісі. Шеткері келе жатқан қарасұр жігіт қатардағыларды кимелей келіп көлденеңінен кірісті. Мәжілісті түнде істейміз. Түнгі сағат он бірде ешкім бөгет жасамайды. Мәжіліс кешке қалсын,— деді. Іштерінен тағы бірі күйіне сөйледі:


— Бұл қалай? Күндіз болар қызықты түнге неге қалдырамыз? Күн көрмейтін жарқанатқа ұқсап бұл несі ей?!


— Айттым да қойдым. Бітті. Солай болады,— деді қарасұр жіпті нықтап тұрып. Басқалары қынжылды, ішінен өжеттеу бірі:


— Күндізгі думан қайырлы еді. Неге сонша кеш басталады. Келмесін дегені ғой,—деп ашық кетті. Бұл өкпе емес, наразылық еді. Шынында да кешке ешкім келмеді. Тек артель бастығы Ерденов пен Молчанов екеуі ғана келіп, өзара мәжілісін құрып отырғанының үстіне Нұғымановтың тап болуы жоғарыдағы көңілсіздікті туғызып еді.


— Көпшілік қайда? Көппен бірге көретін ұлы тойымыз қайда? «Көптен бөлек жүрген көмусіз қалар» деген халық мақалы бар еді ғой,— деп кетуге ыңғайланып, есікке барып қалған жерінде бұрыннан отырған екеуі қамажаулап сүйреп әкеліп, етегінен басып Нұғымановты отырғызып қойды.


— Көпшілік шіркіннің,— деді кекетіп бағанағы қарасұр жігіт Ерденов екен,— тамағыңның тойғанын білсеңші.


— Мен аш жүрген жоқпын.


Ерденов осы артельдің председатель Ал, Нұғыманов болса бір цехтың бастығы ғана. Оған бағынуы тиіс. Сондықтан артель ағасының бір жолғы сөзін кешіре салды да, отыра кетті. Бірақ бағана ренжіп кеткен жолдастары іше бастағанда есіне түспей қоймады. «Ақмағамбет» құйылып, әңгіме ұзара бастады.


— Осы сен,- деді Ерденов Нұғымановқа шүйіліп,— пайда табумен ісің жоқ адам екенсің. Ептеп-септеп есебін тауып, мемлекет қалтасынан бірдеме қағып ала отыру керек емес пе?


— Мемлекеттен жалақы аламын,— деді Нұғыманов. Қарасұр бастық ентігіп, ақмағамбет қызуы алып бара ма, есіп қапта сөйлеп кетті.


— Адам деп шіркін мына Молчановты айтсайшы. Айтқаныңды қалт етпейді. Оң қалтадан да, сол қалтадан да...


— «Бозадағы бос сөзді» қойсаңшы. Тамашалау үшін келдік қой,— деді Нұғыманов. Ерденов еселеп сөйлеп, бұл жолы тіпті кеңірдегін соза түсті:


— Шіркін, жігіт-ақ Молчанов! Ол — шүмек, мен — науа. Ол құяды да тұрады, мен жұтамын да жатамын. Ал мына сен...


«Қысылғанды қымыз шығарады» дегендей сыр шертіліп, қайдағы-жайдағының жеген-ішкеннің бәрін Ерденов сапырып жатыр. Тартынар емес. Бәрін айтты. Өйткені ол Нұғымановты да өзіне қосып ала қоямын деп ойлады. Бес мың сомды қалай бөлісіп алғанын да жасырмады. Аяғында келіп:


— Сен транспорт цехының бастығысың, мына Молчанов қамбашы. Сен қосылсаң бізге күнде май тоқаш! Көптен айтайық деп жүргеніміз де осы еді. Сен қосылмаған соң тартыңқырап жүрміз. Әйтпесе...


— Арамнан асағанша арам өлгенім жақсы,— деді ренжіп Нұғыманов.


Бұдан кейінгі сөзге Молчанов та араласып кетті. Ортаға екеулеп алды.


— Несі бар, құдайдың беріп тұрғанынан құр қаламыз ба?


— Бұл құдайдың бергені емес қоғамдық меншікті талау, бұл — құрығанның кәсібі,— деп Нұғыманов есікті тарс жауып шығып кетті.


— Көрсетермін кәсіпті!— деп Ерденов кіжініп қалды. Ал Молчанов болса сап-сары өні қып-қызыл болды.


Ай өтті, апта өтті. Нұғыманов болмаса да Ерденов бірнеше дос тауып алды. Іздегенге сұраған дегендей оған Қорқауов деген кез бола кетті. Сөйтіп, ол айла-тәсілін асырып, өткір қырғышпен мемлекет қазанының түбін қыра бастады. Нұғыманов заңсыздықты алдымен өздеріне айтты. Адалдың аузы аппақ болды. Көп ұзамай қызметтен де қуылды. Төрт ай қызметсіз жүрді.


Осы кездің ішінде Ерденов Молчановты «Баққа біткен сары шалым, айналайын тартынба, тарта бер, тарта бер», деп құшақтапты да жүріпті. Әрине, Қорқауов та «айналайынның» астында болыпты. Бір қызығы бұлар нан жемей жем жесіпті.


— Апыр-ау, жем жеп мал ма екен?— демеңіздер. Олар артельдің атының алпыс тонна жемін түп көтере құртып жіберіпті. Тарыны інге тартқан атжалманша туталақай тартып кетіпті. Тіпті осынша нәрсені қайда сыйғызады екен?— десіп жұрт алғаш сенбепті де. Бірақ адам мал жемін жеген соң басқаның амалы нешік? Бастаушысы Ерденов, қостаушылары Молчанов, Қорқауов. Бірі — шүмек, бірі — науа. Бірі құйған да тұрған. екіншісі жұтқан да жатқан. Салмақтап көргенде бірінен бірі қалыспаған. Мұны ұйымдастырған да, бастаған да Ерденов болғандықтан аналарға қарағанда үлесін де молырақ ала білген.


1951




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу