Өлеңдер ✍️

  02.09.2021
  115


Автор: Айша Балтахаева

Бәрібір сүйемін көктемді...

Білсе де білмеген сыңайлы,
Мына күз халімді сұрайды.
Ренжісең ренжи бер, қоңыр күз
Маған тек гүл көктем ұнайды.

Көрсе де көрмеген тәрізді
Қоңыр жел аңдиды әр ізді.
Шаттанып шырқаман... себебі
Көктеммен келеді ән ізгі.

Суықты сүйсең де сен мейлі,
Мен қысты өткергім келмейді.
Себебі ақша қар жанымды
Ақ тоңның астына жерлейді.

Жыр қылып қар басқан бақтарды
Жаза бер, жолдай бер хаттарды.
Бәрібір оларды оқыман,
Сүймеймін себебі... ақ қарды.

Қыс келсе салатын күйгелең
Нелікетен түстім бұл күйге мен,
Шыршаңды сәндеме бәрібір
Мен оны айланып билемен.

Жанымды ақ ұлпа қар басты,
Ұлпалар ұлпаға жалғасты.
Мендегі сезімді оятсын
Тек қана бәйшешек алғашқы.

Мың мәрте шырқасаң өлеңді,
Жібіте алмассың денемді,
Тырнаның көктемгі әнімен,
Оралам өмірге мен енді.

Сары күз жасыңды төкпе енді,
Ақ қысым, айта бер өкпеңді.
Мен сондай қырсықтау жан едім.
Сүйетін тек қана КӨКТЕМДІ!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу