02.09.2021
  376


Автор: Думан Рамазан

Келін

...Қараңғы көшемен белi иiнағаштай иiле түскен қария қос қолдап ұстаған таяғына сүйене, қалт-құлт етiп, әрең жүрiп келедi екен дейдi. Ол жақындаған сайын Жаңыл оны шырамыта түсiп, ақыры өз енесi екенiн таныды.


— Апа, сiз бұл жақта неғып жүрсiз? — деп ұмтыла бергенi сол едi, енесiнiң қолындағы таяғы сынып кетiп, етпеттей құлап түстi.


— Апа-аа-аа!


Жаңыл өз дауысынан өзi шошып оянды. Үстi-басы қара терге малшыныпты. Тұла-бойы дел-сал. Жайлап жамылғысын ысырып қойды да, жан-жағына бағдарлай көз тастады. Қыбыр еткен жан жоқ, тек, жанында қаннен қаперсiз, танауы пысылдап төрт жасар ұлы ұйықтап жатыр.


Еппен тұрып, терезенi ашты. Күздiң салқын лебi жүзiн аймалап, қалжыраған денесiне әл бергендей болды.


Ай сүттей жарық. Дала маужыраған тәттi ұйқыда. Әр тұста көше шамдары жарқырап тұр. Көк аспанды қара қошқыл бұлттар қаптап, жаңағы айды бұдан қызғанғандай бүркемелеп жауып тастады. Кенет, самсаған жұлдыздардың арасынан бiреуi төмен қарай жылжи берiп, көзден ғайып болды.


— Иә, уақыты жетсе жұлдыз да ағып түседi ғой, — дедi күрсiнiп.


Орнына келiп, баласының көрпесiн қымтап жапты да, аналық мейiрiммен өзiне тартып, маңдайынан иiскедi.


Ол көзiн жұмып әрi аунақшыды, берi аунақшыды. Ұйқысы келер емес. Қайдағы бiр асау сезiм арбап, өне бойын билеп барады... Көрпесiн умаждаған бойы, ақ төсiне қыса құшақтап жатып, дауысын шығармай жылап та алды.


Бұл Жаңылдың асыл жары Алтынбектен айырылғалы үшiншi күзi. Жалғыздықтың азабынан жалыққан сәттерде осылай көзiнiң жасын төгiп-төгiп алса, арқасынан ауыр жүк түскендей жеңiлдеп қалатын. Қазiр де кемсеңдеп жатып, күйеуiмен өткiзген тату-тәттi күндерiн ойлай бастады...


Екеуi мединститутта бiрге оқыды... Алғашқы жылдары достық өмiр өткiзген олар сынаптай сырғыған уақытпен қоса, бiрiн-бiрi ұнатып, “болашаққа да қол ұстасып бiрге аттанайық” деп уағдаласқан едi.


Алтынбек сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, қой көздi, үстiне шаң жұқтырмай таза киiнiп жүретiн, салмақты да сабырлы жiгiт болатын. Түйiлiп жазылған қалың қабағы мен ойлы көзқарасы өзiне сондай жарасып тұрушы едi.


Оқуларын бiтiрген жылы үйленiп, отау тiктi. Қаланың шет жағындағы аядай үш бөлмелi үйде Алтынбектiң қартайған анасы мен iнiсi Еркiнбек төртеуi тұрып жатты. Дина шешей адамгершiлiгi мол, көңiлi дариядай шалқыған кеңпейiл жан едi. Өзiнiң ұзақ жылғы өмiрiнен жинақтаған мол тәжiрибесiн Жаңылға түсiндiрiп, келешек тiршiлiк жайлы ұғындырып отыратын.


Тұңғыштары Мұратбек дүниеге келгенде енесiнiң қуанышы қойнына сыймай: “Ендi өлсем, арманым жоқ” деп немересiн бауырына салып алған едi.


Үйдi жиыстырып тыным таппайтын бұған: “Қарағым, өзiң жұмыстан шаршап-шалдығып келесiң, күйбеңдей бермей, бiр уақ дем алсаңшы. Үйдiң шаруасы таусылушы ма едi!..”, — деп ылғи бәйек болып жүргенi.


Ал, Еркiнбек болса теңертең ертемен кетiп, түннiң бiр уағында келедi. Ешкiммен шешiлiп сөйлеспейдi. Қашан көрсең де бiр нәрседен көңiлi қалған адамдай томсырайып жүргенi. Кей күндерi аузынан арақ исi мүңкiп, қызара бөртiп келетiн. Ондайда ағасы мен iнiсiнiң арасында кикiлжiң туады. Араға көбiнесе Жаңыл түсiп, күйеуiне басу айтатын. Ал, Алтынбек болса:


— Жаным-ау, мен оған жамандық ойлайды дейсiң бе? Тек адам болып туғаннан кейiн “адам” болса екен деймiн де! — деп налитын.


Жаңыл өзiн бақытты санайтын. Бiрақ, ол қуанышы ұзаққа бармады. Күйеуi өз iсiне үлкен жауапкершiлiкпен қарайтын азамат едi. Жедел-жәрдем машинасымен адам өмiрiн сақтап қалуға асығып бара жатқанда жол апатына ұшырап, көз жұмды.


Бұл қаза жас сұлудың сүттей ұйыған тiршiлiгiне жазылмастай жара салды. Жаңыл қалың қайғы құшағында аңырап қала бердi.


— “Шынымен тастап кеткенiң бе?..” — деп еңiрегенде етегi жасқа толатын. Аз уақыттың iшiнде көздерi шүңiрейiп, жақ еттерi солып, сүзектен тұрған адамдай құр сүлдерi қалды.


Енесiнiң де қайғыдан белi бүгiлiп, қайратты қара шашы бурыл тарта бастады. Қанша қайғырып, жылап-сықтағанмен ұлының қайтып келмесiн бiлетiн Дина шешей Жаңылға: “Болған iске болаттай берiк бол!” — деген, қарағым. Қайтемiз, жазғанның жазмышына қылар шара бар ма?! «Өлгеннiң артынан өлмек жоқ», көнемiз де... Еркiнбегiм аман болса, аштан өлiп, көштен қалмаспыз”, — деп жұбату айтатын.


Көп ұзамай Еркiнбек те үйлендi. Қалыңдығы орта бойлы, сұлу денелi, Паршагүл есiмдi қараторы қыз едi.


Уақыт зымырап өтiп жатты... Бiр күнi Жаңыл басының сақинасы ұстап, қатты ауырып қалды. Көзi қарауытып, шеке тамырлары солқылдап, әбден мазасы кеттi. Екi-үш қабат көрпе жамылса да денесi суық тартып қалтырай бердi. Дина шешей дәрiханадан дәрi-дәрмек әкелiп бердi де, бүкшеңдеп жүрiп кешкi ас қамына кiрiстi.


Кейiнгi кездерi ыңқыл-сыңқылы көбейiп, шөгiп бара жатқан енесiне жаны ашыған Жаңыл күндегi әдетiнше қолын төбесiне қойып, шалжиып жатқан абысынына:


— Паршагүл, апаңа көмектесiп жiберсеңшi, — дедi.


— Шын жаның ашыса, жатып алып бiреуге бұйрық бергенше, өзiң неге көмектеспейсiң? — дедi басын көтерiп алған Паршагүл көзiмен атып. Бұлай болар деп ойламаған Жаңыл тосылып қалды да:


— Көк желкемнен тартып, басым көтертпей жатқаны. Әйтпесе, өзiм-ақ... — деп еппен көтерiлiп ас үй жаққа беттедi. Iштей өзiне-өзi риза болған Паршагүл:


— Тап бүгiн өлетiн түрiң көрiнбейдi, — деп күбiрледi де, қайтадан түзелiп жатты. Осыдан кейiн-ақ екеуiнiң арасына сына түстi.


Бiрде Мұратбек ойнап жүрiп, үстелдi қағып кеттi де, үстiнде тұрған кеселердi сындырып алды. Оны байқап қалған Паршагүл:


— Өй, ойының осылғыр, ойының осылсын! Ыдыстың бәрiн осы-ақ қиратып бiтiретiн болды. Қарашы-ей, өзiн, қыршыныңнан қиылғыр, — деп қарғап-сiлеп, жақтауда тұрған сыпыртқыны ала сала Мұратбектiң жон арқасынан салып кеп жiбердi. Төр жақта iс тiгiп отырған Жаңыл кемсеңдеп келiп бауырына тығылған баласының басынан сипап отырып:


— Бала емес пе, әдейi қақты дейсiң бе? Байқамай қалды ғой, құлыным, — дедi қоңыр даусымен жайлап қана.


— Көп сөйлемей аузыңды жауып отыр. Бұл бала емес — пәле. Өзiңнiң үйiң болмаған соң, сенiң нең кетедi. Маған десе бәрiн шағып тастаса да... Түсiнсем бұйырмасын, бұл үйде әлi күнге дейiн не күтiп отырғаныңды... Әлде, ескi заманның ата салтына салып, қайын iнiңе тоқалдыққа тиiп алайын деп жүрмiсiң, — дедi Паршагүл зымияндықпен сылқ-сылқ күлiп. Мына сөз жүрегiне оқтай қадалған Жаңыл бұдан әрi бұл жерде тұрып опа таппасын сездi де, туған ауылына кетiп тынды...


Жаңыл дөңбекшiп жатып, көрер таңды көзiмен атырды. “Кейiнгi кездерi апам түсiме жиi кiрiп жүр. Бiздi ойлап сағынып жүр ме, әлде, ауырып қалды ма екен! Қарт адам ғой, қуанып қалсын, амандығын бiлiп, өз көзiммен көрiп қайтайын”, — деген оймен еретерек тұрып, жолға шықты.


Түнi бойы ауыр ойлардан әбден қалжыраған ол автобусқа мiнiсiмен талықсып барып көзi iлiнiп кеттi.


Қалаға кiре берiстегi ашық алаңға орналасқан зиратқа жақындай бере автобустан түсiп қалды да, күйеуiнiң қабiрiне келдi. Құлыптастағы суретке қарап көзiне жас алды. Тап бiр тiрi кезiндегiдей бұған күлiмсiрей қарап тұр.


...Алтынбек... Жаңыл оны жан-тәнiмен берiле сүйетiн. Ол кешiксе, көңiлi алабұртып, қашан келгенше тағат таппайтын. Мiнезiнiң ақжарқындығынан болар, Алтынбек келгенде үйдiң iшi күмiс күлкiге толып кетушi едi.


Кейде Жаңыл жұмыстан шаршап-шалдығып, түнере ашуланып қайтқанда Алтынбек алдынан шығып: “Жаным-ау, бүгiн “ауа райы” бұзылып тұр ғой. Суық түсiп, қар жаумаса игi едi”, — деп ақсия күлетiн. Нәзiк белiнен құшақтап, тамағынан иiскеп, құшырлана сүйiп-сүйiп алушы едi. Жаңыл оның осы тауып айтқан қалжыңы мен баладай пәк қылығына сүйсiнiп, тамылжыған жаз күнiндей лезде жадырап шыға келетiн. Алтынбек одан әрi: “Өмiр ағыны қатты арынды өзен. Жүзе бiлмесең ол сенi ағызып әкетедi. Сондықтан, малтуды үйренiп, ағысқа қарсы жүзе алатындай күш-қайратың болуы керек. Сонда ғана бақытқа жетесiң. Ал, бақыт дегенiмiз — сыйластықпен тату-тәттi ғұмыр кешу”, — дейтiн жымия түсiп.


...Иә, сол — осы көзқарас.


Кенет, зираттың арғы жағына машина келiп тоқтады да, адамдар үстiнен мәйiт салынған табытты түсiрiп жатты...


— Иә, — дедi оны көрген Жаңыл ауыр күрсiнiп. “Адам — адамға, жан — денеге қонақ”, — деген осы да. Жарық дүниеге бiреу келедi, бiреу кетедi. Сөйтiп, тiршiлiк жалғаса бередi. Бiз бақыттымыз, Алтынбек, артымызда өмiрiмiздi жалғайтын ұрпағымыз — Мұратбегiмiз бар. Өзiң өлсең де, рухың тiрi”.


Ол осылай жансыз бейнемен үнсiз сырласып ұзақ тұрды.


Аспанды қою қара бұлттар торлаған. Қоңыр күздiң сумаңдаған суық желi сұр жыландай ысылдап, ышқына ысқырып тұр. Жартылай жалаңаш жас қайыңдар гуiлдеген желдiң екпiнiмен бiр жағына қарай майысып, иiле түскен. Бiр кезде қалықтап жүрген сансыз жапырақтардың бiреуi қалбаң қағып Жаңылдың пальтосының жағасына қонды. Алақанына салып, байыппен көз жүгiрттi. Жапырақта үш түрлi рең байқалады. Үшi күреңденiп, ортасы сарғыш тартыпты. Ал, түп жағы әлi жап-жасыл. Жаңыл оны лақтырып тастауға қимай, қол сөмкесiнен блокнотын алып, ортасына еппен салып қойды.


Аздан соң әлдене есiне түскендей, орнынан қозғалып: “Разы бол, жаным! Қу тiземдi құшақтап өтсем де, сенiң аруағыңның алдында адал болуға ант-су iшемiн!”, — дедi де, енесiнiң үйiне бет алды.


Жаңыл ауызғы бөлмеге кiре бере состиып тұрып қалды. Қабырғаларының кейбiр тұстары құлап, сiлбi мен өрмекшiнiң торлары шырмаған. Мүңкiген күлiмсi иiс адамның қолқасын қабады. Бұрыш жақтағы үстелдiң үстiнде темекiнiң тұқылдары мен қатқан нанның қалдықтары шашылып жатыр.


Ол көз алдындағы келеңсiз көрiнiстерге таңырқап тұрған кезде төргi бөлменiң есiгi ашылып, Еркiнбектiң сорайған бойы көрiндi. Көздерiн алақ-жұлақ еткiзiп, аяқ-қолы қалшылдаған қалпы, бұны көре сала есiктi қайта жауып алды. Жаңылдың қорқыныштан жүрегi дүрсiлдей соғып, үйден қалай атып шыққанын өзi де бiлмей қалды.


Күн нұрын шаша тас төбеге көтерiлген. Жел де бәсеңсiп, айнала тылсым тыныштыққа бөленген. Көршi үйдiң алдыңғы жағындағы орындықта енесiмен жақсы араласып жүретiн, өзi де қолынан талай мәрте дәм татқан қара кемпiр немересiн ойнатып отыр екен. Жаңыл жақындап келiп:


— Сәлеметсiз бе, әжей? — дедi аптығын баса алмай.


— Амансың ба, шырағым? Құдайға шүкiр, бала-шағаның арқасында қыбырлап жүрiп жатырмыз ғой, әйтеуiр...


Аман-саулық бiлiскеннен кейiн Жаңыл:


— Әже Еркiнбекке не болған? — дедi келген жағына жалтақтай қарап.


— Өзiң кеткеннен кейiн байғұс бала араққа мүлдем салынып кеттi. Тiптi, кейiнгi кездерi үйiнде жатып iштi. Содан психоздық дей ме, әйтеуiр, өзiн-өзi ұстай алмайтын елiрме ауруына шалдыққан. Ал, әйелiнiң төркiнiне кетiп қалғанына да бiраз уақыт болды. Сол жақта тағы бiреуге тиiп алыпты дейдi ғой, қарабет, жүзқара.


— Ал, апам ше, апам қайда?


— Әкесi өлгендi де естiртедi, қызым. Дина бейшараны мына жетесiздер қарттар үйiне... — дедi сөзiнiң аяғын жұтып қойған ана жанарына тығылған жасты қол орамалымен сүртiп жатып.


Оның жан дүниесi дауылды күнгi теңiздей толқып келедi. “Қайран асыл апашым, сорлаған екенсiз ғой. Ұрпағыңның қызығын көрiп, өз ошағыңның түтiнiн түтетуге құштар ана емес пе едiң. Тасжүрек ұлың тiрiдей жерге көмiптi ғой. “Қолда барда алтынның қадiрi жоқ” деген осы да”.


Жаңыл қарттар үйiне келгенде күн ұясына батып, ымырт үйiрiле бастаған. Еңсенi басқан ауыр ой құшағында iшке ендi. Енесi терезе алдындағы төсекте басын төмен салып, iш көйлегiн жамап отыр екен.


Өзiне қарай келе жатқан аяқ тықырын сезген Дина шешей басын көтерiп алды да, көзi шарасынан шыға аң-таң күйде аңырды да қалды. Сылбыр көтерiлiп танымай тұрған адамдай бұған тесiле қарады.


— Апа, мен ғой, танымай қалдыңыз ба?.. Жаңылмын ғой... — дедi дауысы дiрiлдеп.


— Қарағым... Жаңыл... Шынымен... шынымен... сен... — дедi әжей тамағы бүлк-бүлк ете жұтынып, иегi кемсеңдеп, жанары жасаурай бердi. Жүрегi лүпiлдеп, қалтыраған тарамыс қолдарын соза келiнiне тақап келiп, бетiнен сүйдi. Сол сәтте әжейдiң көз алдына үлкен ұлының бейнесi елестеп кеттi де, көңiл-күйi сеңдей бұзылып, кеңкiлдеп жылап жiбердi...


* * *


Бiрнеше күннен кейiн қызғылт түстi автобустың iшiнде жүдеп, қуаң тартқан жүзiне қан жүгiрiп, жадыраған енесi мен мейiрiмдi келiнi әлденелердi еске алып, жарасымдылықпен шүйiркелесiп бара жатты...


Осы кезде қарашаның алғашқы қары жапалақтай жауып, Жер — Ана ақ көрпесiн жамылды. Күн — Ене де елжiреп: “О, қасиеттi Адам баласы, қуаныштарыңа ортақпыз!” дегендей, шуағын төге күлiмсiреп тұрған едi...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу