👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  35


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шыңырау (ІХ нұсқа)

Ықыластың бұл күйінің шығуына да ел ішінде айтылатын аңыз әңгіме себепші болса керек. Сол аңыз әңгіменің бір нұсқасы былай айтылады.


Ертеде қанаты туырлықтай Шыңырау деген самұрық құс болыпты. Шыңырау адам аяғы жете бермейтін жапан түзде өсіп тұрған алып бәйтерекке ұя салады екен. Сол ұясында жұмыртқа басып, екі жылда бір рет жалқы балапан шығарып жүреді. Балапаны қара қанат болып, жетіле бастағанда төңіректің аң-құсы жанынан безіп жоғалып кетеді екен де, самұрық құс қомағай балапанына айшылық алыс жерлерден шеңгелдеп жем тасиды екен. Бірақ, амал қанша, айшылық алыс жерлерден таңын созып, топшысын талдырып, өліп-өшіп жеткенде балапаны ылғи ұяда жоқ болып шығады. Сөйтсе, сол төңіректі мекен еткен бір әбжылан Шыңырау жем іздеп кетісімен бәйтерекке өрмелеп шығып, балапанды лебімен тартып, жұтып кетіп жүріпті.


Осы оқиға жыл сайын қайталана беріпті. Содан, Шыңырау әбден зәрезап болып, қасірет шегіп, қиян шеттен жем алып келе жатып, бауыр етіндей балапанын ойлағанда ағыл-тегіл жылайды екен. Сонда, Шыңыраудың көз жасы жерге нөсер жаңбыр болып құйылады дейді. Енді бірде, туырлықтай қос қанатын құшырлана серпіп, балапанына жетуге асығып ұшады екен. Ондайда, жер бетінде жойқын дауыл тұрып, жел екіленіп, екпіндей соғады дейді.


Күндердің күнінде Шыңыраудың топшысы ағарып қартаяды. Бұл өмірден енді ұрпақсыз өтем-ау деп, уайымдап жүргенде тағы да бір жұмыртқа көріп, балапан басып шығарады. Кешікпей-ақ, балапаны басы бақырдай қара қанат құс болып, өсіп жетіледі. Көзіне көрінгенді алмап-жалмап, қақшып жұтып, төңіректің ұсақ-түйек аң-құсына тоймайтын болады. Сол кезде Шыңырау жалғыз балапанына жем іздеп, қинала-қинала тағы да алыс сапарға ұшып кетеді.


Сол заманда елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, ел-жұртына қорған болған Айдос атты бір батыр болады екен. Бірде, Айдос батыр жол жүріп келе жатып, мидай далада елді торыған жаумен соғысып жүріп елсіз-күнсіз қиян шөлге шығып кетеді. Ай жүріп, апта жүріп, астындағы аты шөлге шыдамай ұшып өледі. Сонда Айдос батырдың өзегі талып, көзі қарауытып келе жатса, мидай далада бір алып бәйтерек өсіп тұр дейді. Сол жерде батыр бәйтеректің көлеңкесін саялап, дем алуға тізе бүгеді. Дем алып отырса, бәйтеректің ұшар басынан шырылдаған балапан дауысы естіледі. «Бұл неғылған балапан?» деп қараса, бәйтеректі бірнеше сақина етіп ораған бір әбжылан ұядағы балапанды арбап, жұтуға оқталып тұрғанын көреді. Сол жерде, Айдос батыр селебесін қынынан суырып, әбжыланның басын шауып тастайды. Балапан болса, адамша сөйлеп, Айдос батырға алғысын айтады, жай-жапсарын түсіндіреді.


Осы кезде, аяқ астынан дауыл тұрып, алып бәйтеректі сықырлата ырғайды. Бұған балапан қуанып, Айдос батырға бұл дауыл шешесі Шыңыраудың қанатынан ескен желдің екпіні екенін айтады. Әлден уақытта шүмектеп жаңбыр жауады. Балапан одан сайын қуанып, мына жаңбыр жақындап қалған шешесінің көз жасы екенін айтады. Сонан соң Айдос батырға: «Менің шешем алыс жолдан шаршап, уайым шегіп, ашуланып келе жатыр ғой. Келген бетте көзіне түссең, жазым етуі мүмкін. Ашуын басқанша менің қанатымның астына жасырына тұр», — дейді. Айдос батыр балапанның айтқанын істейді.


Айтқанындай, кешікпей-ақ самұрық құс та жетеді. Сықырлатып ағаш басына қонады. Балапанының амандығын көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Бауырына қысып мауқын басады. Сол кезде ғана секем алып, балапанынан: «Адам иісі шығады ғой!» — деп сұрайды. Балапан шындықты жасырмай, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Сонда самұрық құс балапанының қанатын көтеріп: «Ей, адам баласы, аспан астында менен күшті жоқ қой деуші едім. Қателеседі екенмін. Жер бетінде сенен ақылды, сенен күшті, сенен бақытты тіршілік иесі жоқ екен. Құдіретіңе құлдық, қолымнан келген жақсылығымды аямайын, қалауыңды айт», — дейді. Айдос батыр шөл далаға ұрынып, еліне жете алмай
келе жатқанын айтады. Содан, самұрық құс Айдос батырды қанатына отырғызып алып, әп-сәтте еліне жеткізіп салған екен дейді.


Ықылас күйші осы оқиғаға тебіреніп, қобызына салған ғой. Шынында да, күйдің басы қанатынан дауыл есіп, көзінің жасы жаңбыр болып, балапанының амандығын ойлап, уайым етіп келе жатқан Шыңырау атты самұрық құстың шамырқанған мінезін білдіреді. Сонан соң, балапанын көргеннен кейін сабырлы қуаныш, шүкірлік сезім тәтті мұңға ұласып, қобыз тілінде жүрек шымырлата сарнайды.


«Шыңырау» күйінің ел арасында мұнан басқа да аңыздары бар. Соның бірі, Шыңырау деген үлкендігі торғайдай ғана ақ құс екен деседі. Сол құс жылы жаққа ұшып келе жатып, жолай шет-шегі жоқ дарияға тап болады ғой. Алған бетінен қайтпай ұша берген екен, бірақ жағалау оңайлықпен жеткізбейді. Ақыры қанаты талып, титықтайды. Қанат бүгіп тыныс алар бұдыр болмай қалжырап, шыбын жанын қоярға жер таппай шырылдайды.


Түпсіз дария мұны жұтатын ажалдай болып көрінеді. Содан, дәрмені бітіп, енді суға құлаймын-ау деп келе жатқанда дарияның бетінен жоны шығып жүзіп бара жатқан алып балықты көреді. Сол жерде қанатын бүгіп, балықтың жонына қонып тыныс алады да, дарияның келесі шетіне аман-есен ұшып жеткен екен дейді. Ал дария үстіндегі Шыңыраудың қанаты талып, шырылдаған сәтін домбырашы күй етіп тартыпты дейді.
«Шыңырау» күйінің келесі аңызы да құс туралы. Шыңырау деген бір құс биік шыңға ұя салса керек. Бірде ұядағы аш балапандарына жем алып келе жатса, шыңның басын бұлт шалып тұрса керек. Ұяға тезірек жетсем деп заулай ұшып келе жатқан Шыңырау жартасқа соғылып, етекке құлайды. Қайта көтеріліп ұшайын десе, топшысы сынған, дәрмені болмайды. Осы кезде құз жартастың басындағы аш балапандардың шырылдаған дауысы Шыңыраудың құлағына жетеді. Сонда, амалы таусылған Шыңыраудың көзінен шерлі жасы сорғалаған екен.


Осынау қайғылы оқиға күй тіліне түскен ғой.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы