👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  48


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шыңырау (ІІ нұсқа)

Ертеде оңайға өткел бермейтін Көкжал деген өзеннің екі жағалауында Байбол, Тауасар деп аталатын екі ауыл болыпты. Байболдың кіші келіні Гүлбике енесіне ақыл салғаннан кейін, ауылдағы жылқышы баланы шақырып:


— Сен, Тауасар ауылына бар, күйеу жігіт Әзілбек ұрын келіп кеткелі осы ауылдың есігін ашқан жоқ. Бала өзі келеді деп отырсақ, күз келіп, көші-қон болып кететін түрі бар. Сен, бар да күйеу баланы шақырып кел! — жұмсайды.


Жылқышы бала тау асып, тас басып, өткелден ат жалдап өтіп, әзер дегенде Тауасар ауылына барады. Жылқышы бала Әзілбекке биебау басынан кезігіп, келген бұйымтайын оған оңашалап жеткізеді.


Онысызда сағынышпен сарғайып жүрген Әзілбек бұл хабарға қуанады да, қайын жұртына кешікпей баратынын айтады.


Әнші, биші, күйшілердің бір тобын ертіп, Байболдың кіші ауылына Әзілбектер келгенде, ауыл той болып жатқан секілді әбігер екен. Қонақтардың алдынан шығып ат ұстаған даяшылар бірінен соң бірі келіп, қонақтардың атын алып, ілтипат көрсетеді.


Арнайы орналастырылған үйлерге жайғасқан күйеу жігіт және оның серіктері ауыл азаматтарының «Той бастар», «Күй басы» деген күйлерін тыңдайды.


Әзілбектің өнерлі серіктері әр алуан өнерлерін көрсетіп, ауыл ды думанға бөлейді. Олар осылай отырғанда, үкілі камшат бөркін шекесіне салған бір топ қыздың ортасында Әзілбектің қалыңдығы Назигүл де топ ортаға келеді.


Жастардың ән-сазы күн батарға дейін толастамайды. Кешкі қызықты да Гүлбике алдын ала орайластырып қояды. Екі-екіден жұптасып, әріптесін тақымдап қуып айтысқандар таңның қалай атып, күннің қалай батқанын сезбей де қалады. Осылай өткен сауық кештер мен қызықты күндердің неше аунап түскенін білгендер болмапты.


Бір күні сәске мөлшерінде шайға отырған Әзілбек Гүлбикеге иіліп келіп:


— Біз қайтайық, ауылдан аттанғанымызға бірнеше күн болыпты, — дейді. Күйеу жігіттің ойын біле қойған Гүлбике де қонақтардың қайту талабын үлкен шешесіне жеткізіпті. Сонда көп ойланып алғаннан кейін, қарт ана Гүлбикеге тесіле қарап отырып:


— Суы құрғыр ағаш басына шығап, сабасынан асып жатыр дейді ғой, балалар абай болсын! — деген екен. Гүлбике күйеуді жолдастарымен аттандыру қамына кірісіпті.


«Тіл астында тіл бар» дегендейін, неше түнге созылған әзілдердің соңы айтылып, бірін-бірі қимаған жүректердің белгісі —  кестелі орамалдар қолдан-қолға өтіпті.


Олардың осындай аттанар кезінде, Әзілбектің кенже балдызы келіп, бір домбыра ұсынған екен. Бұл домбыра тоғыз түрлі ағаштан қиылып жасалыпты. Үп еткен салқын самал тигенде екі шегінен сазды үн шығады екен.


Олар аттанғанда, тұрып қалған жеңгесі қайта айналып үйге кіргенде, Назигүлдің өзінің төсегінің үстінде отырғанын көріп: «Жатып, тынықшы», — деп Назигүлді төсегіне жатқызып, шымылдықты түсіріп қояды. Мамық төсекке жата сала көзі ілініп кеткен қыз «Алла!» деп ұшып түрегеледі. Оның шошып оянғанын білген жеңгесі «не болды?» деп қасына барғанда, қыз:


— Бір жаман түс көрдім, түсімде Әзілбек екеуіміз бір биік шыңға шығып бара жатыр едік, бір алып айдаһар жолымызды бөгеді. Алдымен оны, артынан мені жұтты. Содан шошып кеттім, — дейді жеңгесіне үрейлене қарап.


Олар дәл осылай сөйлесіп отырғанда бағана Әзілбектер кеткен жақтан аттан сап айқайлаған дауыс бүкіл даланы жаңғырықтырып, жайын отырған ауылды елең еткізеді. Мұны естіген Назигүл мен Гүлбике жүгіріп далаға шыға келсе, Әзілбектің Бәйгеторысына мінген ақ жейделі бала шыр-шыр етіп келе жатады.


— Ой, не болды?..


— Әзілбектің аты су ортасында жығылып... сұраулар мен үздік-үздік жауаптар Назигүлге анық ұғылмады.


Онсызда дымы құрып әрең тұрған арудың бойы бір ғажап қорқынышты жалынға шарпылғандай дір етеді де, не болғанын өзі де сезбей, белдеуде тұрған сандал торыға қона кетіп ұмтылады.


Оның артынан дүркірей шапқан ауыл адамдары келгенде, Сандалторы бір боз талға байлаулы тұр екен. Маңында жан көрінбепті. Тек өзеннің қан жұтып, құтырынып алған асау толқыны айбар шегіп жатыр екен.


Өзеннің екі жағындағы ел екі бірдей есілінен айрылып зар еңірейді.


Күн бесігіне дейін атты-жаяулар өзеннің екі жағын көп қарап, түк таппай тарығыпты. Ақыры жеті дөңбекті сал етіп, екі өнерпазды «Қан иірім» деген жерге дейін қарауға шығарыпты.


Бұл екеуі асау толқынмен жағаласып, ақыры тастан-тасқа соғылып быт-шыты шыққан салдан, екі дөңбекке жармасып, «Қан иірімге» жетіпті. Олар иірімдегі бүркіт ұясынан бір нәрсенің елбең еткенін көріп қалыпты.


Қиынның ала қанат қыранын аумен алатын бұл екеуі өмір бойы бүркіт ұясынан осындай жәндік байқамаған екен. Олар бұған қайран қалады.


Мына екі өнерпазға бір ғажап елес көрінеді. Суға иіліп тұрған боз талға Сандалкерді іле салған Назигүл асау ағынға ашына қарап тұрғанда, қанды толқын арасынан Әзілбек елестеп, өзін суға атады.


Ол сұрапыл толқын соңынан жағаласып, «Қан иірімге» келгенде, бауыры Әзілбекке берген домбыра», иірімді бір айналып барып жағаға шығады. Қыз толқынды жарып барып домбыраны алады да, асау ойдың езгісінен талықсып кетіп, бүркіттің ұясынан бір-ақ шығады. Ол соңында тұрып «Қан иірімнің» түбін бір көргісі келеді.


Тасқа жабысып тұрған екі адамның: «Қарағым, бері кел, құлап кетесің», — деп тұрғанын Назигүл естіген жоқ. Көз жасы құрғаған қатулы қабағын түйіп тұрып, туған ел, өскен жеріне қош айтып, тоғыз түрлі ағаштан қюлап жасалған домбыраны үйіріп лақтырып жібереді де, қарын иірімге ыршиды. Оның қызыл сәтен көйлегі көбелектей көлбеп барып, су бетіне қона бергенде, рақымсыз тылсым күш оны лып еткізіп жалмай салады!..


Домбыраны жел аударып кетіп жағаға түсіреді. Домбыраның күйін қойып, өзін жасап жүрген екі өнерпаз осыдан кейін көп ойланып, ғашықтардың арманына, қиуасыздығына кез болған бақытсыздығына толы «Шыңырау» деген күйді шерткен дейді.


«Шыңырау» күйі елге осылай тарап кетіпті.


Осыдан соң бұрынғы Көкжал өзені «Шыңырау» өзені деп атаныпты.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы