Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  553


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шыңғысхан туралы аңыз (ІІІ нұсқа)

Ертеде бір ханның жалғыз қызы бар екен. Басқа ұл балалары жоқ екен. Осы қыз да болса ұлдай көріп жүрген жалғыз қызы бір күндері буаз болып қалыпты. Хан мұны біліп қызын өлтірмек болады. Қыздың шешесі аналық рақымы түсіп, зарлап жылап қызын өлтірмеуін сұрайды. Хан әйелінің сөзін тастай алмай, ақырында қызды тірідей сандыққа салып дарияға ағызып жіберуге көнеді.


Хан осыған көнгеннен кейін, сол қалада көбіне далада аң аулап жүріп қалаға анда-санда соғып жүретін Домбауыл дейтін бір мерген батыр адам бар екен. Ханым сол батырды шақырып алып, оңаша алып отырып былай дейді:


— Менің жалғыз қызым айыпты болып, оны әкесі өлім жазасына кесіп еді, мен жылап өтінген соң енді оны дарияға тірідей сандыққа салып жіберуге ұйғарды. Сондықтан саған айтарым, әуелде Құдай саған жазған шығар, осы қызды сен ал! Сөйтіп, қашан осы жұмыс елеусіз болатын уақытқа дейін жанға көрінбейтін бір жерде мекенде, жаңа туған баланы өлтірме. Ұл бала тірі болса, сен, түгіл халыққа ие болуға жарайды. Бір жерге орныққаннан кейін өзің келіп маған соғып, керек-жарағың ды алып кетіп тұр! — дейді.


Домбауыл «мақұл» деп келісіп, дарияның төменгі ағысынан аңдып жүріп, сандықпен ағып келе жатқан қызды алып, адам бара алмайтын бір таудың арасына барып, баспана салып алып, сол жерді мекендейді. Бір күндері қыз босанып, ер бала табады. Бұл адам бара алмайтын тек қана қыран құстар ғана барып ұялайтын шыңлық қиы құзында туды деп, атын «Шыңғыс», яғни шыңның құсы деп, яки шың-құз, яғни шыңның құзында туды деп ойлап қойған аты болуы керек.


Домбауыл алғаннан кейін онан Тарбағатай, Бөденетай деген екі ұл туады. Не себептен екені белгісіз жүре келе болар Тарбағатай «Тарғалтай», Бөденетай «Бүркелтай» атанып кетіпті.


Біраз жылдар өтіп, хан қартайған кезде қатты ауырып, ажалдан қауіп төніп, ер баласы болмағандықтан, орнына кімді қойып кетерін ойланып, әуелі әйелімен ақылдасады.


Сон да әйелі:


— Егер уәзірлеріңіз қарсы болмаса, орныңызға мені қалдырып кетіңіз, — дейді. Әйелдің сонда ойлағаны: «Анау тауда жүрген баланы ұйғар дегенмен оған хан да, халық та көне қоймас. Бірақ түбінде халыққа хан болуға ол әбден лайықты. Сондықтан ол бала халықтың көзіне түсіп көрнекті жігіт болғанша өзім бола тұрайын да, өзі халық ұнататын болғанда хандықты соған берейін», — деп ойлаған екен.


Хан уәзірлерін жинап, ақылдасқан болып, орнына әйелін қойып кетуді ұсынады. Уәзірлер де қарсы болмаған соң, өлген күні әйелін орнына қоюды қағазға қояды. Көп ұзамай хан да өліп, әйелі орнына хан болады.


Шыңғыс тентек, талантты бала болып өсе береді. Ол жастайынан үйреніп маманданады. Әуелгі кезде аңды әкесімен бірге жүріп аулап, біраздан кейін аулап алған аңдарын басқа бір жерді мекен қылып, сол жерде жалғыз өзі жейтін болады. Ол аңнан келерде: «Ей, Шыңғысхан келеді, атын ұстаңдар» деп, жатағына келіп біраз тұрып, сонан кейін тамағын ішерде тамақты үш-төрт жерге бөліп қойып, «мынау — Шыңғысханның табағы, мынау — уәзірлердің табағы, мынау — төлеңгіттердің табағы» деп, барлығын да өзі жейді екен.


Ханым өзі хан болғаннан кейін Домбауылды қалаға алдырып, жақсы жай беріп, көптеген көмек беріп, жақсы үй қатарына кіргізді. Шыңғыс қалаға келіп, көпке қосылған соң әртүрлі жұмыстарда халықтың көзіне түсіп, көрнекті жігіт бола бастады. Әсіресе, батыр жауынгер жігіт болып қанмайданда жекпе-жекте де, араласқан майданда да қарсылас ханды, алып қашқанды қуып жүріп қырып, бетіне жан қаратпайтын бол
ды. Әрине, ол заманда мұндай батыр жігіт халыққа өте қажет те, қадірлі де еді.


Ханым халықтың ықыласы Шыңғысқа ауғанын байқап, бір күні халыққа: «балаларымның бірін қойсам» депті. Халық бұған қарсы болмапты. «Алайда, біздің ұнататынымыз Шыңғыс» депті.


Ханым үш баласымен оңаша сөйлескенде, Бөденетай мен Тарбағатай:


— Хандықтың жолы — біздікі, Шыңғыстың шешесі сіз болғанмен, әкесінің кім екені белгісіз, — деп, екеуінің бірі хан болғысы келіпті. Ал Шыңғыс:


— Мен хандықты сұрап та, таласып та алмаймын. Халыққа тұрамын. Егер хандықты керек етсем, алатын күнім алда, — депті. Сонда анасы үшеуіне былай депті:


— Шырақтарым, хан болудан халықты бағу қиын. Бақыт құсы сұрағанға қонбайды, қалағанына қонады. Мен үшеуіңе бірдей болғандықтан, ақылым жеткенше әділдігін ойлаймын. үшеуіңнің талантыңа салып бір сөз айтайын. Соған тұрыңдар. Үшеуің далаға барып сағымға садағыңды атыңдар. Кімнің садағының оғы сағымға ілінсе, сол хан болсын! — депті. осы сөзбен үшеуі далаға барып, садақтарын сағымға қарай атқанда Шыңғыстың оғы ілігіп, Шыңғыс хан болыпты. Осыдан бастап өлгенше Шыңғыстың хандығы үзілмепті. Осыдан былай қарай Шыңғыс тұқымын халық «төре» деп атайтын болады да, Бөденетай мен Тарбағатай тұқымдарын «жаман, шала төре» деп атайтын болыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу