👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  104


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шора батыр

Ерте заманда қырық үйлі Тама мен мың үйлі Жасыл түрікпен қоныстас болып, мың үйлі Жасыл түрікпенде Қарахан деген хан бар екен, Әліби деген биі бар екен. Сонда қырық үйлі Таманың қырық баласы мен мың үйлі Жасыл түрікпеннің мың баласы ойнайды екен. ойнағанда мың бала қырық баланың асығын ұтып алып, тірідей көр қылып, танауларын жырып, тырнадай бақыртып жұлып, білгенін қылады екен. Қырық үйлі Таманың ішінде Нәрік деген бай бар екен, баласы жоқ екен, малы есепсіз көп екен, жылқысында бір шұбар ат бар екен. Заманасында ондай ат ешкімнің малынан тумаған екен. Сол атты мың үйлі Жасыл түрікпеннің Әліби деген биі сұрапты:


— Нәрік бай меніменен ел болып отырамын десе, шұбар атын берсін, әйтпесе екеуміздің ат құйрығын кесіскен жеріміз осы! — деп.


Сонда Нәрік бай:


— «Баласы жоқ қу бас, мұнысын кім мінеді?» дегені ғой, — деп долданып жылап, — А, Құдай, бұл малға ие бер, бермесең, мені ал! — деп түйеден бура, жылқыдан айғыр, сиырдан бұқа, қойдан қошқар, ешкіден теке айтып, бәйбішесімен екеуі жонға шығып кетіпті.


Жылқыдан басқа малын бірге ала жөнеліп, Сырлытам деген тамға барып, Құдайға айтқан малдарын соның басына апарып сойып, жаңа туған жас төлдің тілерсегін қиып, ең аяғы итіне шейін қалдырмай, сол тамның басына жиып, малын улатып-шулатып, азан-қазан қылып аңыратып, қырық күн басын көтермей дөңбекшіп сұлап, көз жасын бұлап, қосағымен екеуі әнін қосып жылап жатып қалса, ала есегі айқайлап, ала қоржын арқалап, Шар кітабы қойнында, аса таяқ қолында, жүрген Хақтың жолында бір ақ шалмалы адам келіп:


— Уай, байғұс, мұңды-зарлылар-ай, Құдайдың [құлағын] шулаттыңдар ғой! үн-зарларың Құдайдың құлағына барып, мені жұмсады. Көтер басыңды, жай қолыңды! Мыңды аламысың, мыңға балап бірді аламысың?! Қалағаныңды, ойыңа алғаныңды айт! — дейді.


Ұшып түрегеліп, қолдарын жайып:


— Оттың басын боқ қылып,
Қырға шығар жоқ қылып,
Мен не етейін көбіңді,
Құлан көде шөбіңді?!
Берсең, маған қалап бер,
Бір басын мыңға балап бер! — дегенде:


Ал, мүсәпірлер, көз жасыңды Құдай иді, тілегеніңді берді.


— Қалағаның ұл болса,
Ойлағаның сол болса,
Атса, мылтық өтпесін,
Шапса, қылыш өтпесін,
Бір Алладан басқадан
Сірә да бұйрық жетпесін!
Атын «Шора» қой! —


деп жөнеле беріпті. Бай, бәйбіше жүрегі жарылып қуанып, үйлеріне қайтып келісіп, мырза Құдайдың мырзалығын білісіп, боз кемпір буаз болып, айы-күні жетіп, жиырма күн жіп құрдырып толғатып, «ес кетті, жан шықты» дегенде бір ұл перзентті зорға тауыпты. Төбел бие сойды, төменгі елді жиды. Жорға бие сойды, жоғарғы елді жиды. Ала бие сойды, аймақ елді жиды. «отыз күн ойыны бар, қырық күн тойы бар» деп жұртқа сауын айттырды дейді.


Мың үйлі Жасыл түрікпеннің Әлихан деген ханы, Әліби деген биі:


— Қырық үйлі Тама еді, байлық көрсетіп, той қылып жатыр. Қалаған шұбар атты маған бермеді. Біздің Түрікпеннен жалғыз жан бұл тойға бармайық. Сабасы ішусіз қалсын, еті жеусіз қалсын! Кімге берерін білмей, дағдарсын! — деп шақырған тойына бірі де бармапты, дүние берсе, алмапты.


Шора бес жасқа жетті дейді. Қырық баламен бірге асық ойынына шықты дейді:


— Ай, ағалар, ағалар, ана топқа баралық, асық саудасын салалық, — депті.


Онда Таманың балалары шулай қоя беріпті:


— Қарағым, олар көп те, біз азбыз. оларға бармайық, бір пәлеге қалмайық. Тірідей көрімізді қылады, тырнадай тонап жұлады. Асықтан жеке доп салады. Шымбайымызға батырған, таңдайымызды қатырған, барсақ өлеміз, — дейді.


— Жүр, ағалар, ағалар,
Алдыңда жүріп өлейін,
өз көзіммен көрейін!
Көптік қылып шуласса,
Жан жазасын берейін!


Сендер барып ойынды сала беріңдер, мен жылқыға барып, Шұбар атты мінейін, көп кідірмей келейін! — деп жүгенді қолына алып, тоқымды қолтығына қыстырып, Шора жылқыға жөнеле берді. Жылқыға барса: «Айналайын ием жаңа келді ғой!» деп Шұбар ат оқыранып, басын шұлғып, алдына жетіп келгенде, жүгендеп алып, үстіне тоқым салып, жайдақ жалаңдап жетіп келсе, мың бала қырық балаға білгенін қылып, тырнадай жұлып, атпас таңды, шықпас күнді бастарына орнатып жатыр екен. Сонда Шора айтады:


— Доңғалақ арба жүрместей,
Қарлы ма еді жеріңіз?
Азды түтіп жегендей,
Бассыз ба еді еліңіз?
Іздегенің ұрыс пенен төбелес болса,
Кәне, маған келіңіз! —


дегенде мың баланың басшысы бір таз бала бар екен. Ол айтты дейді:


— Қырғауыл жүнді, қызыл таз,
Төбе шашы ұшын таз,
Атып таста жалғызды,
Қырып таста жалғызды,
Жұлып таста жалғызды,
Қағып таста жалғызды! —


деп дүрсе қоя бергенде ұзыны мен көлденеңін бірдей көреді. Мың баланың бәрін бірдей қырады.


— Алла жығып берді ме, адам жығып берді ме? — деп, қырық бала мың балаға білгенін әбден қылады. Қырғауыл жүнді қызыл таздың, төбе шашы ұзын таздың айдарын жұлып алады, мылтығын тартып алады. Қызыл ала қан қылып, көргендерге таң қылып, аунатып тұрып сабады. Қойдай иіріп қамады.


— Не көрсең, еліңе айта бар, — деп, баяғыдан бергі қырық баланың өшін, кегін алады.


Қырғауыл жүнді қызыл таз, төбе шашы ұзын таз Қарахан деген ханының, Әліби деген биінің алдына барып:


— Тақсыр, дат! — дейді.


— Арызың болса, айт! — дейді.


— Анада Шора ер екен,
Ерлігінің белгісі —
Осы топтан қара да бойы зор екен!
Анада Шора ер жетсе,
Ат арқасына бір мінсе,
Он үйіңе астар қылды бақыр, мосыны.
Атқа да артар қосыны.
Мың баланы жайратты,
Кірерге көрін сайлатты.
Бізге де қылмайды демеңіз,
Қарахандай хан ием,
Әлібидей би ием,
Сізге де қылар осыны! — дейді.
Әлібидей би екен,
Қақырғаны қақсиды,
Түкіргені түксиді:


— Қырық үйлі Таманы
Қырып тастамасқа немене,
Жүр, атқа мінейік, жүр! — дейді.


Қарахан деген хан айтты:


— Қырық нөкерінің қырық кісілік күші бар, бір өзінің қырық сан ерлік күші бар. оған біздің әліміз келмейді ғой! — дейді. — Нәрік меніменен дос еді, Әліби қоятұғын емес. Елін хабарландырсын, не малына, не жалғыз баласына кәдік қылар. Үріксін, аусын, елін, жерін тапсын! — деп бір хабар берді дейді.


Қырық үйлі Тама күн-түн қатып, үрке бастады. Шораны оята алмады. Шора өзі бір ұйықтағанда, жиырма күн ұйықтайды екен, жан оятып ала алмайды екен.


— Мұны қайтеміз? — деп сасып қалғанда, қырық бала айтты дейді:


— Қырық қашыр қазына мен қымызды тастап кете беріңдер, — дейді.


Ел үркіп кетті. Қырық бала қасында қалды. Бір заманда өзінің оянатұғын мезгілі жетіп, Шора оянды. Ел-жұрт жоқ, тып-типыл. Қырық қашыр қазынасымен қасында, қырық бала басында.


— Бұл немене? — деп шошып қалды.


Қырық бала мән-жайын айтты.


— Ел мың үйлі Жасыл түрікпен «шабамыз» деген соң үркіп кетті. Сені қимай біз қасыңда қалдық, — деген соң:


— Ай, олай болса, маған бола сендер өлмеңдер. Аманында ел табыңдар!


Қырық қашыр қазынамен
Жалғыз өзім қалайын.
Көтерсе Құдай талайым,
Түрікпеннің басына
Заман ақыр салайын.
Аллам аман сақтаса,
Бір күндерде өзім жетіп,
Соңыңнан барайын, —


деп бәріне де рұқсат берді. Қырық қашыр қазынаны далаға үйді. Қырық қашырды жалғыз өзі жайып тұрды. Әліби келе жатып, анадайдан Шораның қарасын көрді:


— Қата қалғыр, қабысқыр! Жүресінен жатып қан құсқыр! «Хан болса, қазынаға шабар; қара болса, маған шабар!» деп тұрғанын қарашы! — дейді. Сонда Шора сөйледі дейді:


— Қазынаны алсаңызшы,
Алып ханға барсаңызшы.
Қалағаның Шұбар ат болса,
Оны өзің күшіңді асырып алсаңызшы! — дейді.


Сонда Әліби айтады:
— Қазынаны ала білме,
Алып ханға бара білме,
Хан тілегі бұл емес,
Алып, пәлеге қала білме! — дейді.


Шора тұрып айтты:
— Қазынаны алыңыз,
Алып ханға барыңыз!
Алмасаң және өзің біл,
Кеше көрген қарындас
Бір күн тағы керек болар,
Өзіңе олжа жаныңыз,
Төгілмесін қаныңыз! — дейді.
Әлібидің қақырғаны қақсиды,
Түкіргені түксиді,
Ителгі құстай өңештеп,
Балаға қарай ұмтылды,
Сонда Шора ұмтылды,
Қаршыға құстай талпынып.


Ашуына сыймай алқынып, айқаса кеткен жерде Әлібиді-ей тақымына қыстырып, бір төбенің басына апарып тастай берді. Әліби аттан жығылған соң, қалған қырқы сасады, өткелсіз суға қарай қашады. Ебідей мойнын созады, жер басқаннан озады. Қырқын қырық жерге домалатып бықбырт қылып тастайды. Қырық қашыр мен қырық атты алып, елінің соңынан барады. Елі «жасыл түрікпеннің ауыр қосыны келіп қалған екен!» деп мал-жанын тастай қашты дейді. Атты, қашырды бәрін тастай беріп, жалғыз өзі барып елін тоқтатты дейді. Ел тыныштанып қонды. Жатып ұйықтайын деп еді, шешесі:


— Жатпа, балам, — дейді, — Сен бір жатып қалған соң, жиырма күнсіз оянбайсың. Мың үйлі Жасыл түрікпен артымыздан келіп қалса, сені өлтіреді, елді жесір қылып шабады. Қазан деген жерің бар, Тама деген елің бар. Бізден өзің аман кетсең, басың аман күнінде туған-туысқан еліңе жетсең, сен тірі аман күніңде түрікпен келгенмен, біздің бүртігімізге тие алмайды, — деген соң бала ұшып түрегеліп, «Елің бар, жұртың бар» деген сөзді естіп, қуанып кетіп, Шұбар атқа қамшы басып, «Шу!» деп жөнеле берді.


Сонда Шораның жүріп бара жатқанда айтқан сөзі:


— Түрікпеннің төрінде,
Шамбылдың асқар белінде,
Шыға жайлап шет қонған,
Қырық үйлі Тама ішінде
Кірсіз киім кимеген,
Аллаға тілі тимеген,
Күндік жерге жүрмеген,
Өз үйінен басқа үйге
Басын сұғып кірмеген.
Қара басы хан болған,
Өз алдына шар болған,
Нәріктің ұлы Шорамын,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Күн жаумасын, қар жаусын,
Қар жаумасын, мұз жаусын,
Мұз жаумаса, қан жаусын,
Ат басын неге бұрамын?!


Сонда Шора келе жатса, тас бұлақтың басында, Тасыр мерген жатыр екен.


«Атысарға оғы жоқ, шабысарға қылышы жоқ болғандықтан Әлібиді өлтірді», — деген соң Қарахан жіберген екен:


— Алдынан озып барып, жолын тосып, жасырынып жатып, Шораны көздеп атып, жалғызынан жайратып, зығырданын қайнатып кел! — деп.


Тасыр мерген күндік жерден көреді екен де, түстік жерден естиді екен.


Шора Тасыр мергенді көріп, астындағы атына сөйлесті:


— Айналайын Шұбар ат,
Тамағыңда қылың бар,
Өкпе-бауыр, жалың бар.
Заты хайуан демесең,
Адамнан есті жануар.
Ана жатқан залымның
Мылтыққа оғын салғызбай,
Қолына қару алғызбай,
Ұмтылып тұра бергенде,
Орнынан өзін тұрғызбай,
Олай-былай қарауға
Босатып мойнын бұрғызбай.
Көзді ашып-жұмған арада
Мені соған жеткізіп,
Алқымынан шап беріп,
Алып жерге ұруға,
Мұршамды еркін еткізіп,
Бір қимылды бастауға,
Жайратып жауды тастауға,
Қарағым, қандай әлің бар?!


(Ат сөзі:)
— Сен Шора да, мен Шұбар,
Жалымнан гу-гу жел шығар.
Қызып алып шапқанда,
Маңымда болған тұншығар.
Төрт аяғым болатым,
Ұшқан құстай қанатым.
Желіге басып «шу!» десем,
Екпініме кім шыдар?!
Құйрық маймен жемдесең,
Екі пұт құм теңдесең,
Шу, Шұбарым, шу десең,
Ай отыз күн шапқанда,
Сонда менен тер шығар.
Дедің ғой мені сынайын,
Айтқаныңдай қылайын.
Мен де Хаққа жылайын,
Жалғанда тең боп қосылған,
Екеуміздей кім шығар? —


деп аты зырылдап ала жөнелді. «Ал» деп аузын ашқанша, «Көр мені» деп көзін жұмып ашқанша, сып етіп жетіп барып, Тасыр мергеннің жағасынан шап беріп ұстай алып ұрды.


— Жан сауға, батыр, жан сауға! «Мен де бір кісідей-ақ батырмын» деп жүруші едім. Батыр емес екенмін, қатын екенмін, шын батыр сен екенсің. Екеуміз құшақтасып, дос болайық, — дейді.


— Жарайды, болсақ болайық. Бірақ кейінгілер: «Тасыр мерген мен батыр Шора бірін-бірі алыса алмаған соң, дос болыпты» деседі ғой. Менің жеңгенім, сенің жеңілгенің кейінгіге айқын болсын. Менімен дос болатұғын ойың шын болса, бір құлағыңды ки! — дейді. Мен шыбындай жаныңды, бір қасық қаныңды өзіңе байлағанда, сен бір құлағыңды қимасаң, дос болғаның қайсы?! — дейді.

— Жарайды, жарайды, басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға! Қолқа қылып сен сұрасаң, ол құлағым бос кеткен жоқ далаға. Екеумізден бір қалған өрнек үлгі, сөз болсын артта қалған кейінгі ұлан ұсақ балаға! — деп бір құлағын өзі шорт кесіп алып, Шораға берді. Шора алып, кісесіне салды, өзін еліне аман-есен қоя берді:


— Барсаң, сәлем дегейсің
Қарахан деген ханыңа.
Бес қақпалы жанына,
«Анада Шора кетті» деп,
Сұқтанбасын қалған мал мен жаныма.
Тама деген елім бар,
Қазан деген жерім бар.


Мен сол елге барып, қайта артыма айланғанша мұрсат берсін, тимесін қартайған кемпір-шалыма, қыбырлаған жаныма, өрістегі жатқан малыма, — деп жүре берді.


Келе, келе жатса,
Оқыр-шұқыр жер жатыр,
Құлан жортпас шөл жатыр,
«Құс қонбас» деген көл жатыр.
Толып жатқан мал жатыр,
Қақпан құрған шал жатыр.


Сонда жатқан шал басын көтеріп сөйледі:


— Жол, жол болсын, жол болсын,
Жеке де басың қол болсын!
Атыңның жүні тасыңқы,
Көп шабуыл көргендей,
Қабағың сенің қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Аузыңның сүтін лапылдап,
Шығып тұрған баласың!
Алды-артыңа көз салсам,
Өрттей қаулап жанасың.
Аш бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Жол тартып қайда барасың?!


— Арғы атамды сұрасаң,
«Қара бура» ұранды
Қырық үйлі жүрген Тамамын.
Өз әкемді сұрасаң,
Нәріктің ұлы Шорамын.
Қазан деген жеріме,
Тама деген еліме
Танысуға барамын.


— Нәріктің ұлы Шора, сені де Құдай көрсететұғын күн бар екен-ау! — деп ұшып түрегеліп, — ой, бауырым, қолқа жүрегім, өкпем бүйрегім! — деп ұшып түрегеліп көрісе бастапты. Әкесінің туысқандары екен.


— Бұл жапанның сары даласында неғып жатырсың? — дейді.


— Уай, шырағым-ай, «Тозған қазды топтанған қарға жейді» деген бар емес пе? Баяғы басымыз түгел, малымыз есен тұрған шақта қазақ қалмақты шапқанда, қоржынның түбіне салып, бір Садырқұл деген бала алып келген екен. Сол Садырқұл ер жетіп, елін тауып, қалмақтан қосын ертіп келіп, елімізді қысқа күнде қырық шауып, жалаң малды алдына салып, айдағанына қанағат қылмай, аспандағы жұлдыздай, маңдайдағы құндыздай іріктеп, таңдап, он қыз алып кетті. Оны іздеп баруға елімізден еркек болып туған ұлдың жоқтығынан тағы шапқалы келе жатыр деген хабар естіп, соның жолына қақпан құрып жатырмын.


— Өзіңнен басқа ер танырлық еліңде жан бар ма? — дейді.

— Бір Есім деген ағаң бар, о да қарап жатқан жоқ шығар. Ас ішіп, аяқ босатарларды жиып: «Аттанайық қалмаққа» деп қалбаң-құлбаң қармалап, атқа мінуге жарамайтын жамандарды арбалап жатқан шығар. Қарсы алдыңнан жолығар, — деп, қош айтып қала берді.


Онан келе жатса, басы құралған көп-көп болып жиылған топ қарсы алдынан дөп келді. отырған жері омардай, күйген ғана томардай қол бастайтын түрі жоқ біреу отыр екен.


— Жол, жол болсын, жол болсын,
Жеке де басың қол болсын!
Атыңның жүні тасыңқы,
Көп шабуыл көргендей,
Қабағың сенің қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Уыз сүтің аузыңнан
Шығып тұрған баласың!
Жүзің жылы көрініп,
Ішім еріп барады,
Екі көзің алаңдап,
Аш бөрідей жалаңдап,
Қарағым, қайда барасың? — депті.


— Арғы атамды сұрасаң,
«Қара бура» ұранды,
Қырық үйлі жүрген Тамамын.
Өз әкемді сұрасаң,
Нәріктің ұлы Шорамын.
Қазан деген жеріме,
Тама деген еліме
Жол тартып солай барамын, —


дегенде күйген омардай шал өкіріп түрегеліп:


— Қарағым-ай, өңім бе, түсім бе?! Сені көріп тұрғандығым өтірік пе, шын ба? — деп бас салып көрісіп, о жағынан бір сүйіп, бұ жағынан бір сүйіп жалғанның жарық сәулесін жаңа көрдім ғой деп қуанғанда жарылмаған жүрек, енеңді с..н! Шырағымды құшақтап тұрғанда, шығып кетпегеніңді қайтейін! — деп жылап, өксігін баса алмапты. — А, шырағым, Құдай өзіңе өмір берсін, қызығыңды кейінгі ұлан-ұсақ көрсін! Осы бетіңмен Қазанға бар, өзің құрбы балалар бар, шешелерің бар, жеңгелерің бар, олар да сені көріп, қуанып мәре-сәре болсын! «Қалың қосын — ел садағасы, Қарауылшы — қол садағасы». Біз өңшең садаға жұмыртқа болып шыққандар. Енді өлсек те Құдайға ризамыз. Артымыздан жоқтап алар сендей ұл туғанда, бізге өлімнің өзі бір тиген теңдік, — дейді.


— Ой, ағалар, олай деме, былай де: «Берді саған Құдай де. Атысарға жау таппай, алысарға ер таппай, тіресерге тең таппай: «Қайда кеткен бұл жұрттың найза ұстаған батыры? Тап менің тұсымда еркек біткен қырылып, қалған ба жұрттың қатыны?» деп, «Жау қайдалап» жалақтап, екі көзім төрт болып алақтап жүргенімде, мен қалай қалайын?! Қалай қалған ұлан-ұсақ, қатын-қалаштың қасына барайын?! Жүріңдер, жау қайда, «жау қайда бар» деген жаққа мені айда. Таста мына үйілген-төгілген, қара қарғадай шуласқан көбіңді, өзін көргенде, кісінің үрейін ұшырып, құтын қашырады. Мұны көрген жау бізді басынады, — деген соң, көптің бәрін қайырып тастап:


— Қарағымның қызығын көремін, алдан жүріп, ажалды өзім іздеп тауып өлемін! — деп қырық азаматпен Есім ақсақал жүрді.


Көптен былай бөлініп шыққан соң, Шұбар ат біресе олай, біресе былай ойнақшып, басын тұқырып алып қашып, Шораның астына тұрмай, қолын ауыртқан соң:


— Кел, ағалар, елсізде ат сынайық, «бөрі қашты» қылайық. Жақсы жора болсын, — деп, — Ал! — деп жөнелгенде, Шұбар ат басына бой бермей, Шораны алып, көзден ғайып болды да кетті. Көзінен көргендер аузы ашылып аңқиып, танаулары таңқиып, құр көкке қараумен бастары қайқиып: «Жын ба, шайтан ба, бізді алдап жүргендер ме, пері ме, жәдігөй сиқыршының бірі ме?» — деп ілгері басып жүрерін де білмеді, кейін қайтарын да білмеді. Айран асыр, таң-тамаша қалып, ілгері басқан аяқтары кейін кетіп, құр сүлделері келе жатқан сықылды.


Шора сол кеткеннен мол кетіп, жалпақ сары далада тоқтата алмайтұғындығын білген соң, аспан көкпен таласқан, бұлттан бойы әрі асқан Қапсағайдың қара тауының басына зымыраған бойымен ұшқан құстай барды да, шықты. Ар жағына қараса, қара құрттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, бақайшағы майысып, қабырғасы қайысып келе жатқан қалмақтың қалың қосынын көрді. «Қой, мұның алдынан шықпайын, асылық болар, артына түсейін», — деп қыраң жерден қылт етіп, ойпаң жерден бұлт етіп, артынан зып етіп, жетіп келді дейді. Жөн сұрауға да аузына түспей, сасып қалды.


— Неғып жүрген жансың? — дейді.


Сонда Садырқұлға былай деп жауап қайырды:


— Мен бір арық қазғанмын,
Су таба алмай азғанмын.
Жоқ жоғалтқан сергелдең,
Жоқ іздеген жазғанмын.
Аяулыда алты ат жоқ,
Тоқымды жүзде торы ат жоқ.
Оны дағы қайтейін,
Сылдырлаған еді сырғасы,
Сенделіп жүр жорғасы,
Мақпалдан еді дорбасы,
Он атым және қабат жоқ.


Сөз түрін таныды. Жалғыз-ақ сасқаннан, аузына сол сөз түсті:


— Атып таста жалғызды,
Қағып таста жалғызды,
Жұлып таста жалғызды! —

деді дейді. Ол пәлен-паспадан деп былшылдап жүргенде айтқан аузын жиғызбай, тақымына басып, ала қашып, Қапсағайдың Қаратауының басына апарып домалатып тастай берді де, қайта оралып, қалың қосынға топалай тиген қойдай болды. Қынадай қырып, танауларын жырып, тірідей көрін қылып, тырнадай түтіп, жұлып, тып-типыл қылып тастап, жалғыз өзі қалып, Қапсағайдың басына шығып, демін алып отырғанда, кейінгі қырық азамат үрейі ұшып, зәресі қалмай шошып, әрең зорға келіп жетті.


— Не көрдің, не білдің?


— Ел көріне ме, жау көріне ме? — дегенде:


— Дәнеме де көргенім жоқ. Мына жерде домалап біреу жатыр. Сөйлескенім де жоқ, — дейді.


Бұлар барса, Садырқұл екен.


— Неғып жатырсың? — дегенде:


— Өз еркіммен осылай жатуға мені жынданды дейсіңдер ме? Нәрікұлы Шора деген ер шығып, жеке де басы зор шығып, тулақ сабағандай шаңымды қағып, бақайшағымды шағып, ыңыршағымды отқа жағып, көшірменің қу басындай домалатып тастаған соң, жатпағанда не қылмақшымын?! — дейді.


Сонан соң бұлар Садырқұлдың танауын таңқитып кесті, ұртынан тесті. Бәрі бас қосып, көтеріле аттанып барып, қалмақтың қалған елін шауып, шаншып, таптап, жаншып, шек-қарнын әбден аршып, өздерінен олардың қолына түскен малдың, жанның көзін түгел алып, бетіне келгеннің басын шайнап, қарсыласпағанның малын айдап, ұлын — отын, қызын қатын қылып, қызыл ділдә, ақ жамбыға етегі толып, ырғап-жырғап еліне аман-есен қайтып келді, Қазанды бір толтырды дейді.


Баяғы кейін қалған қырық үйлі Таманы мың үйлі Жасыл түрікпен Қарахан бас болып келіп, қайта көшіріп алып кеткен екен. Тасыр мерген:
— Тиме, мұның түбі насырға бір шабар, — деп көп айтқан екен. Жалғыз оның тілін адам алмапты. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпақ па?» Сонан соң Тасыр мерген хабаршыға жалғыз өзі келген екен.


Шора батыр Тасыр мергенді қасына ертіп алып, жапа-жалғыз барып, мың үйлі Жасыл түрікпенді шауып, шаншып, езіп, жаншып, елін көшіріп, ырғап-жырғап, Қазандағы көп үйіріне аман-есен әкеліп бір қосты дейді. Сөйтіп, барша мұрат басына, сақалы көтіне жетті дейді.


Бала күнімізде естуші едік:


«Тама басын сұрасаң, батыр Шора әр жерге ұрыс салды. Ағаш қора, жаз жайлау, қыс қыстаудың бәрін де алды. Балаңды беремісің соған бола. Ақырында: «Бұл жерді орыс алады!» деп Стамбул жұртына ауып кеткен» деп есітеміз.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы