Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  155


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шамшырақ тас

Ол заманда, жазда, қазақ ауылдары мал жайылымын өзгертіп, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып отырған. Сондай бір көште Тананың әкесі Тілеміс би үлкен ұлы Тананың киіз үйін ең алдымен көшіріп, жайлауға апарып қондырып қояды. Қалған ауылдар біртіндеп, өз кезегімен соңынан көшетін болады. Тананың отауы тігілген жасыл жайлау Ертіс өзенінің дәл жағасына таяу екен. Тана мырза күндіз киіз үйдің ішінде дем алып ұйықтап жатса керек. Әлден уақыттан соң бір нәрсенің ыңылдаған дауысынан оянып кетіп, көзін ашып қараса, киіз үйдің ішінде есіктен төрге дейін қаптап, толып отырған бір түрлі мақұлықтарды көреді, не екенін біле алмайды. Бұрын мұндайды көрмеген жас жігіт есікті сырттан жауып, далаға шығып, біреуді «келесі ауылдағы Ертісбай қарияны тез ертіп әкел» деп аттандырып жібереді.


Ертісбай қария Ертіс өзені бойында туып-өскен кемеңгер қарт болса керек. Қария келіп ғажапты көзімен көреді.


— Бұл дарияны мекендейтін терісі аса қымбат ақ бас құндыздар. Бұлардың сенің үйіңе өздерінің келіп кіруі ғажап, өте сирек кездесетін құбылыс. Шырағым, саған Алла рахым етіп бақ-дәулет қонады екен, — депті Ертісбай. Жас жігіт Тана:


— Бұларды енді қайтеміз? — деп сұрапты қариядан.


Бұлар дарияның жоғарғы ағысына қарай серуендеп кетіп бара жатыр екен. Күн ыстықта көлеңкелеп, сенің үйіңе келіп кірген көрінеді. Бұлар да даланың аңдары, сойып, терілерін сыпырып алу керек. Бұл ақ бас құндыздардың терісі аса қымбат саналады. Бір ғана жаға болатын төрт елі құндыз терісінің құны қос ат тұрады немесе екі ту бие болады. Сонда бұлар қанша байлық екенін өздерің ойлап көріңдер. Ала жаздай да-
рияны кезген балықшы осының біреуін ұстап алса, үлкен олжа көреді, — деп Ертісбай қария төрде отырған үлкен құндызды өзі соғып өлтіріп, Тана мырзадан рұқсат сұрап, осының ұртындағы нәрсені мен алсам депті. Оның не нәрсе екенін Ертісбай өзі айтқан соң ғана басқалары біліпті. Ол — «Шамшырақ тас» екен. Құндыздар тобын басқарушы қараңғы түнде шамшырақты тісіне тістеп алып, маңайын жарқыратып басқаларына жол көрсетеді екен. Сол тасты түнде қағаздың үстіне қойса, соның жарығымен қағазды оқуға да, оған жазуға да болады. Кейіннен ел біліпті: Ертісбай сұрап алған сол шамшырақ тастың құны он екі атқа бағаланыпты дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу