Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  109


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шалқыма

Ертеде, ел Жайық өзенінің күншығыс бетін қыста қоныс етсе, күн батыс бетін жаз жайлауы етіп пайдаланған кездері де болған.


Осындай бір жылдары көктем ерте шығып, мыңғыраған төрт түлік малмен, қаптаған қалың ел жылдағы әдетінше Жайықтан өтіп жатады. Жылдың төрт мезгілі: қыстың аты — қыс, жаздың аты — жаз, күздің аты — күз, көктемнің аты — көктем. Әсіресе көктем айларында: маңыраған қозы, кісінеген құлын, мөңіреген бұзау, боздаған бота — далада ұлы думан той жасап жатқандай көрінеді. Көктемде ауылға жан бітіп, жарқын-жарқын әзіл сөздер айтылып, қыз-келіншектердің сыңғырлаған әдемі күлкісі дала қызығына айналады. Ұлы дүрбелең. Айнала жасыл желек, көк майса шалғын шөп. Мазаңды алып, делебеңді қоздырады. Біреуді-біреу аңсап іздегендей күй сезімге түсесің. Мұндайды суреттеуге тек ақынның ғана сезімтал жүрегі, күйшінің күмбірлеген күйінің ғана құдіреті жетеді.


Қора, қора қой жатыр,
Қарын, қарын май жатыр.
Түйе, түйе жүк жатыр,
Ауыл, ауыл ел жатыр,


— десе ақындар, күйшілер небір әдемі күйлерді домбыраның көмейінен төгілткен.


Дәл осындай бір жылдары Жантөренің ауылы да көктемде Жайықтан өтіп, келесі жақтағы беткейге қонып жатады. Сол кездегі әдет-салт бойынша елдің игі-жақсылары бас қосып, Жайықтың арғы бетіне елден бұрынырақ шығып қарап тұратын. Жантөре де қасына жиналған төре ауылының игі жақсыларымен бірге арғы бетке өтіп алды. Айналасы тегіс көрінетін, биіктеу жар төбенің басына қалы кілемдер мен текеметтерді төсетті де, өзі төңірекке қырағы көзімен көңілі толып қарап тұрды.


Сол кездегі дәстүр бойынша: Жантөре жастайынан өте зерек, сөзге ұста, әрі шешен, он саусағынан күй төгілген ақынжанды адам еді. Көз алдындағы көктемгі даланың ғажайып осындай көрінісі көңіл-күйін тасытса керек. Төре жанында тұрған қаптаулы қарағай домбырасын қолына алып беті-жүзі алабұртып, бір керемет сазды әуенді құйқылжыта төгілтті дейді. Бұрын-соңды мұндай сазды естімеген ағайындары, қасындағы ел жақсылары, домбыраның үніне елтіп, берілген күйі тым-тырыс отыр. Бір кезде Төре күйін бітіріп, домбыраны қасында жатқан көпшікке сүйей салды. Басын көтеріп жан-жағына жалт қарады. Айнала үнсіз. Қапелімде не болып қалғанын, алғашқы сәтте төренің өзі
де түсінбей қалды. «Бұлары несі?» — деп ойлады сезіктеніп. Бір кезде көптің ішінен бір ағайыны: «Төре, жаңағы күйіңіз бұрын-соңды біз естімеген, керемет саз болды!» — дегенде ғана мән-жайды енді түсінген Жантөре: «Е, е, е! ол мынау төгіліп Жайықтан өтіп жатқан еліме қарап, көңілімнің шалқып кеткені ғой!» деген екен.


Сөйтіп, «Шалқыма» күйі Жантөренің кеудесінен қарлығаштың балапанындай ұшып шығып, қазақтың кең даласын аралап кеткен дейді айтушылар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу