31.08.2021
  122


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Үш кеңес

Кім мына ыдыс-аяқ салынған жәшікті менің үйіме апарып берсе, мен оған пайдалы үш ақыл-кеңес беремін, — дейді бір қу жүк тасушыларға. Бәрі бас тартады, тек Әпенді ғана келіседі. Үлкен жәшікті иығына артып, ырс-ырс етіп алға түседі. Біраз жүрген соң, саудагерге:


— Жәшігіңді апарамын ғой, бірақ көңілді болсын, ақыл-кеңесіңді айта бер, — дейді.


— Жақсы, — дейді саудагер. — Тыңда. Егер саған көлікпен жүргеннен гөрі жаяу жүрген артық десе, еш уақытта сенбе.


— О, мұның шынында да ақылды кеңес екен, — дейді Әпенді, сөйтіп ары қарай жәшікті ала жөнеледі.


Жолдың ортасына келгенде, Әпенді тағы да саудагерге қарап:


— Ал енді екінші кеңесіңді айт, — дейді.


— Мархабат. Егер саған тоқ болғаннан гөрі аш болған артығырақ десе, онда сен бұған еш уақытта сенбе.


— Иә, мұның да ерекше ақылды кеңес екен, — дейді Әпенді.


Саудагердің үйіне келгенде, Әпенді:


— Ал кәне, үшінші кеңесіңді айт, — дейді.


— Тыңда, — дейді саудагер. — Егер саған жер бетінде сенен ақымақ адам бар десе, бұған да сенбегейсің.


— Әй-яй-яй! Неткен даналық! — деп Әпенді жәшікті жерге тастай салыпты да, Әпенді саудагерге:


— Егер саған мына жәшіктегі бір ыдыс сынбай калды десе, оллаһи, сенбе деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу