31.08.2021
  119


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Үстіне шыны артқан қашырларды үркітуші болма

Бір күні Қожа зираттың ауласында келе жатқанда, байқаусызда аяғы тайып кетіп, бір көрдің ішіне құлап түседі. Шаң-топырақ болған киімін шешіп, қағып-сілкіп тазалай бастайды. Сүйтіп тұрып ол: «Өлген адам болып, жата қалайын, мүңкір-нәңкір келер ме екен, жоқ па екен» деп ойлайды.


Сол кезде зиратқа қарай жөңкіліп келе жатқан қашырға жүк артқан керуен кезіне түседі. Қожа күңгірлеген қоңырау даусын, керуеншілердің айғай-шуын естігенде, ә дегенде бұның не екенін түсіне алмай қалып, ішінен: «Қап, қап, қап! Ойыннан от шығадының кері болды-ау, ақырзаманның басталғаны ғой бұл» деп ойлайды. Сасқалақтап не істерін білмей, әбігер болып, ақырында көрден шыға қашады.


Бұл кезде керуен жақындап келіп қалған болатын. Үсті-басы шаң-топырақ, киімі алба-жұлба адамнан қашырлар үркіп бір-біріне соғылып, үстеріне артқан қымбат жүкті, шыны ыдыс-аяқты шашып, күл-талқанын шығарады. Алғашында не болғанын бірден аңғара алмай, мелшиіп қалған керуеншілер Қожаны қуып береді. Олар Қожаны қуып жетіп:


— Сен кімсің өзің? Моладан не іздеп жүрсің? — деп сұрайды.


— Мен о дүниенің адамымын, біраз серуендеп қайтайын деп едім, — дейді Қожа.


Еңгезердей-еңгезердей жігіттер:


— Біз саған серуенді көрсетейік, — деп қолдарына не түссе, сонымен Қожаны аямай басқа-көзге төпеп сабап кетеді.


Аяғын әрең басып, сүйретіліп, мың бір азапты басынан кешіріп Қожа түн ортасында үйіне келеді.


— Осы уақытқа дейін қайда жүрсің қаңғырып? — дейді әйелі.


— Көрге құлап кетіп, аруақтардың арасында болып қайттым.


— Е, о дүние тыныш па екен? Жаманат хабар естілмей ме? — дейді әйелі, бір жаңалық білгісі келіп.


Сонда Қожа:


— Жаманат жоқ, тек үстіне шыны артқан қашырларды үркітуші болма, — десе керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу