Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  134


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Төрт толғау (ІІ нұсқа)

Бір жылы Тоқа мал жайылатын құнарлы жер іздеп, Иманақ тауының етегендегі Исен дейтін шұрайлы жерге барыпты. Сол жерден ауылдың қонатын орнын белгілеп, жанындағы жігіттерге құдық қаздырып, оларға: «Елді көшіріп келіңдер, біз осында күтеміз», — деп, жанында жеті жасар баласы бар Тоқа әлгі жерде қалып қояды.


Тоқа атының ерін алып жайылысқа жібереді де, көгалға тоқымды төсеп, айнала табиғаттың сұлу көркіне қызықтап қарап біраз отырады. Сәл тынығып, қолына домбырасын алып бір мезет күй тартады. Күйге берілгені сонша — тіпті, жанында жүрген баласын ұмытып кетеді. Домбырасын тартып болып, баласы есіне түсіп шақырса, бала көрінбейді. Айналаны шарқ ұрып іздейді, таппай, сілесі қатып шаршаған Тоқа тамағы кеуіп шөлдеп, су алып ішейін деп құдыққа келсе, судың бетінде қалқып жүрген баланы көреді. Баласын құдықтан шығарып, өзі отырған жерге әкеліп жатқызады да, бетін жауып қояды. Өзі қатты қапаланып, қайғырып, үкілі сары домбырасынан күңіренте бір күйді тарта береді. Сол мезетте ауыл да көшіп келіп, жаңа конысқа үйлерін тіге бастайды. Бірақ Тоқа баласының өлімі жайлы ешкімге тіс жарып ештеңе айтпайды, жұртқа сездірмейді. Ал сұрағандарға:


— Ойын баласы ғой, балам шаршаған шығар ұйықтасын, —  дейді. Ел үйлерін тігіп, түгел орынға отырып жайғасады. Мал сойып, кешкі тамақ ішіліп, жұрт жата бастады-ау деген кезде, Тоқа домбырасын алып, күңіренген бір күйді тарта береді. Тоқаның күйлері құлағына қанық отбасы, мына тартқан күйінің бұрын естілмеген жаңа екенін бірден сезіп, әйелі:


— Мынау бұрын тартылмаған, естілмеген зарлы күй ғой, қайдан шықты? Не пәлеге бастадың? — деп сұрайды. Бірақ Тоқа бұларға ешқандай жауап қатпай күйін жалғастырып тарта береді. Күйдің тіліне түсінген Тоқаның әйелі:


— Құртқан екенсің ғой жалғызды. Домбыра қақсады ғой, жалғызым, — деп жылай бастайды. Сол кезде Тоқа:


— Тоқтатыңдар жылауды! Ел жаңа қонысқа келіп, қуанысып жатқанда, түн ішінде дауыстап жылап ауылды дүрліктірмеңдер. Кетер бала, кетті. Жылағанмен қайта келмейді. Бізге қазір дауыстап жылауға болмайды. Домбырамен ғана жылайтын күніміз болды бүгін. Менің әлгі тартқаным «Естірту» күйім еді, — депті Тоқа.


Тоқа «Естірту» күйін тартып болып, енді мына тартатыным балама арнаған «Арнау» күйім, — деп бір күйді күңіренте тарта беріпті. «Арнау» күйдің бітуіне әрең шыдап отырған әйелі:


— Әкелші бермен домбыраңды! Ішім жанып барады, құлыныма мен де бір зарлап күй тартайын, — деп домбыраны алып «Зарлау» күйін тартып, күй аяқтала бергенде, талып жығылады. Бұл жағдайды естіп отырған Тоқаның шешесі күңірене келіп:


— Әкелші домбыраны! Мен де құлыным деп жоқтап жіберейін немеремді, — деп, «Жоқтау» күйін тебіренте тарта беріпті. Сонымен Тоқаның «Төрт толғау» күйі өмірге осылай келген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу