30.08.2021
  106


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Төлебай мен шаншарлар

Төлебайдың қасында бірнеше жолдастары бар қаракесек шаншарларын аралап, бір үйге келіп түсіп, аты-жөндерін сұрастырып отырып, шай келгенде үй иесі біреуді шақырып алып:


— Ананы, мынаны тез шақыр, мына қонақтарымен кеңесіп отырсын, — депті.


Айтқандай, үйге бес жігіт келіп, жайғасып отырысып, амандықтан кейін жалпақ бет, келте мұрын сары жігіт сөз алып, іліп-қағып отырып:


— Бір түйін, екі түйін, бәле қуған бәсентин, — депті.


Аздан кейін алдарына ас келгенде Төлекең пышағын алып, етті турай отырып, етті майлы жағын өздеріне қарай тастап, қаракесегін жағын аналарға секірте:


— Бір кесек, екі кесек, кесір сөйлеген қаракесек, — депті.


Қаракесек жігіттерінің сол жолы сөзден тосылып, жеңіліп қалғаны Алшынбайға жетіп, ол ызаланып:


— Төлебайды ұстап әкеліңдер, жазалаймын, — деп кәрленеді. Екі елдің арасына наразылық кіріп, араздық басталады.

«Алшынбай бір топ жігіт дайындапты» деген хабар бұл елге де жетіп, олар да қарсы қамдана бастайды. Ауылдастары Төлебайды жаман киіндіріп, бие сауушы ретінде желі басына қойып, аңдып жүрсе, қаракесектің жігіттері жансыз келіп, Төлебайдың қайда жүргенін білмекке сауыншыдан жөн сұраса, сауыншы елдің жөнін айтып:


— Өздерің кім боласыңдар? — дейді.


Олар сонда:


— Шаншармыз, — дейді. Сауыншы:


— Апыр-ау, ел аман, жұрт тынышта, тал түсте кімді шаншасыздар? Мыналар шаншармыз дейді, — деп айғай салып, манағы дайын тұрған жігіттермен келгендердің ат-тондарын сыпырып алып, жаяу еліне қайтарыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу