Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  1144


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Төле бидің туы

Бүкіл исі қазаққа кемеңгерлігімен үлгі-өнеге болған Төле би тоқсан үш жасында дүниеден өтті. Төленің өз өсиеті бойынша көп жыл билік құрған Ташкент қаласына, әйгілі Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның жанына апарып жерлемекке халық жинала бастады.


Төле би мекен еткен қасиетті Қазығұрт топырағынан Ташкентке дейін қаншама қашық жер екені белгілі. Мәйітті жеткізудің өзі оңай соқпайды. Көпшілік сол қиындықты ойға да алар емес. Қазақтың дана ұлын қолдан түсірмей жеткізбек. Биді соңғы сапарға шығаруға дайындық жасалып жатқан кез. Жұрт абыр-сабырмен жүрген сәтте Төленің қырғыз әйелі жоқтау айтылып жатқан қаралы үйден сытылып, сыртқа шықты. Ері көз жұмғалы жылаудан көз ашпаған оның көзі қызарып, қабағы ісіп, жағы суалып кетіпті.


Қаралы топқа қызмет көрсеткен ауыл адамдары әрі-бері жүгіріп жүр. Қолдарына таяқ ұстап «ой, бауырымдап» жылап, Өтебай мен Әлібайдан тараған ағайындар арасында Төленің өз ұлдары да тұр. Солардың арасындағы өз ұлы Қожамжарға көз тоқтатып қараған еді, бірақ ол анасын байқаған жоқ. Өзіне шақырып алудың сәті түсер емес, жанына өте берген балаң жігітке ұлының өзіне жолығып кетуін тапсырды. «Анаң шақырады» деген сөзді есіткен соң Қожамжар да шетке шыға бергенде, анасы «бері жүр» дегенді ыммен ұқтырып, бұрыла берді. Ұлы жайымен соңынан ілесіп келеді.


Шеткері шыққан соң ұлы «не айтасыз, апа?» деген сауалды жүзбен анасына қарады.


— Балам, атадан ағалы-інілі туысың көп болғанымен, анадан жалғызсың. Қазақтың «күндестің күлі де күндес» деген сөз бар. Әкең барда ол білінбейтін. Енді су бетіне қалқып шыққандай, сүйелдей көрінетін боласың. Сондай сәттерде әйелдер ғана емес, балалар арасында да кикілжің болуы мүмкін. Сол кезде жалғызсырайсың-ау, балам, — деп ауыр күрсінді.


— Ой, апа-ай! Сіз де қайдағыны айтады екенсіз! — деді Қожамжар.


Ұлынан мұндай сөз есіткен ана оған жанарын қадай қарады да:


— Әкең болса, дүниеден өтті. Туыстарың әлі-ақ түрткілейді. Оны аман болсақ, көре жатармыз. Қазіргі айтарым мынау: жылқыдан ту бие алдыртып, тез арада сойдыр, мен дастархан қамын жасайын. Қос түйеге екі киіз үйді арттыр! Отын, су мен қазан-ошақты өзім қамдаймын. Әкеңді жер қойнына тапсырған соң сүйекшілер қайтар жолда біз қос киіз үйді тігіп, күтіп тұрайық. Жол ұзақ шаршайтындар бар, сусайтындар бар. Үйімізден бірінші болып дәм татырайық, — деді.


Сүйекшілер халықтың бір асыл ұлын жер құшағына тапсырып, қайтып келеді. Ыстық күн таңдайын құрғатып, қабырғасы қайғыдан жаншылған көп халық ауылға қайтып келе жатты. Ұзақ жол жүріп, шұбырған аттылы-жаяу адамдардың еріндері де шөлден кезеріп кетті. Аз ғана аялдағылары келгенмен, олай етуге болмайды. Көпшілік қарсы алдында тігілген қос үйді, будақтаған түтінді көздері шалады. Осы сәтте топ ортасынан Төленің ұлы Қожамжар суырылып шығып, алда келе жатқан Қазығұрт өңірінің пірі болған ишанның атының шылауына келіп жармасты.


— Ата, ататай! Қай бала әкесінің жамбасы жерге тигеніне күйзелмейді. Алланың әміріне қалай қарсы боламыз. Тағдыр ісі, тумақ бар да өлмек бар. Көнбеске лажымыз жоқ. Әкеме көрсетер құрметімнің бірі болсын. Мынау тігулі тұрған қос киіз үй менің шаңырағым. Аттан түсіп, Құран оқып, дәм-тұз татып кетіңіздер, — деп қиыла сұрады.


Өксігін баса алмай тұрған жігітке бір сәт үнсіз қарап қалған ишан атының басын үйге қарай бұра берді. Қаралы киім киген Төленің қырғыздан алған әйелі дауыс сала жылап, сүйекшілермен көрісуге шықты. Қаралы топ осылай еріксіз кідірді. Ақсақалдар киіз үйге жайғасып, жастар жағы сыртқа төселген көрпеге отырды. Құран оқылып болған соң дастарқан жайылып, ас пен сусын әкелінді.


Сол кезде Төленің көзі тірісінде ұстаған ілмек белгісі бар, желегін қара қыжыммен көмкерген туы оң босағаға қойылған еді. Қожамжардың анасы сол туды алды да, әбдіреге салып қойды. Құран оқылып, бата қайырылып, жұрт орнынан тұра бастады. Қожабек пен Жолан туды алайын десе, орнында жоқ. Жұрт сасқалақтап, басқа балалары түс көргендей таңдана қарап қалды.


— Ту қайда? Ту қайда?


Осы кезде Қожамжардың шешесі:


— Неге айқайлайсыңдар! Мен де әкелерің Төленің етегі тиген некелі әйелімін, балаларым. Мен сендердің аналарың болсам, осы үй де Төленің өз шаңырағы. Ту осында бүгін тігілді, қашан жылы берілгенше осы шаңырақта сақталатын болады, — деді.


«Тудан айырылу — биліктен айрылу деген сөз. Бұл қалай болғаны? Қолмен ұстап келіп, айырылғанымыз ба, жоқ, олай етуге болмайды. Алда күтіп отырған ел бар. Туды алып кетіп, үлкен үйге тігуіміз керек», — деп ойлаған өзге балалары дау айта бастады. Тіпті айқай шығып, дау туды. Өйткені бұл үй де Төленің бір үйі, Қожамжар да Төленің өз ұлы, анасы некелі әйелі екені де рас, жаназаға жиналған халық та осы үйде алғаш Құран оқып, дәм татып отыр. Негізінен Қожамжардың анасынікі де дұрыс. Бірақ бәйбішенің үйі сүйекшілерді күтіп, қам жасап отырғанын да жұртшылық біледі. Қай жағына шығу керек? «Әрі тартсаң, арба сынады, бері тарса өгіз өледі» дегеннің кері осы. Көпшілік ел
жақсыларының шешімін күткен.


— Уа, жамағат! Әділдікке жүгініп, адалдықты мойындасаңдар, билікті мен айтайын, — деді ишан.


— Айтыңыз, айтыңыз! — деп көпшілік шу етіп қалды.


— Олай болса, ту қайда тігілсе, сонда қалуы тиіс. Енді жанжалдасудың жөні жоқ, — деп бата беріп, орнынан тұра берді. Бұл шешімді көпшілік те мақұлдап, орнынан тұрды.


Осылайша Төле бидің туы Қожамжар балаларының еншісіне тиген екен.


Асыра сілтеу кезеңінде Төле би тұтынған заттар мен ат-әбзелдері шолақ белсенділердің қолында кететін болған соң, оны сақтап қалу мақсатында жер қазып, жасырып көмген екен. Сол осы заттарды тығып қойған қарттардың өзі де о дүниелік болып кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу