30.08.2021
  354


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Тәңірше бөлейін бе, пендеше бөлейін бе?

Әрқашан да парасатты, білімді адамдардың балаларға үйір келетін әдеті ғой, сондай-ақ Қожа да кішкентай балалармен ойнауға әуес болған. Ақшәһар балалары әрқашан Қожаны қоршап алып, ойнап, күліп, әңгіме тыңдап қарық болып қалатын. Білмеген бір нәрсесі болса, жүгіріп Қожаға баратын.


Бір күні балалар көп етіп жаңғақ жинап алады, бірақ бөлісе келе араларында талас туады. Сонсоң балалар Қожаға келіп:



— Жаңғағымызды бөліп бер, — деп өтінеді.


— Қалай бөлейін, Тәңірше бөлейін бе, пендеше бөлейін бе? — деп сұрайды Қожа балалардан. Пәк жанды сәбилер қызық көріп:


— Тәңірше бөліп бер, — дейді. Қожа жаңғақты бала басына бөле бастайды, біреулеріне бір-бір уыстан, екіншісіне бір-бір жаңғақтан береді, енді біреулеріне түк те тимей қалады.


Балалар бұлайша бөлудің мәнін еш түсіне алмай:


— Мұның не, Қожа? — деп өзінен сұрайды.


Сонда Қожа:


— Шуламай ғана сөз тыңдаңдар, түсіндірейін, — дейді. — Мына Мұраттың әкесі асқан бай, шәһарымыздың маңдай алды азаматы, сән-салтанат бәрі сонда, бала-шағаны да Құдай аямай-ақ берген, бәрі маңғаз. Ал мына құртақандай Сәменнің әкесі ыңыршағы шыққан кедей, өзі кемтар, жұмыс істеуге шамасы әрең келеді, оның үстіне зайыбы сырқат. Ал ана Құсайынның жағдайы өзінше бір бөлек. Демек, әр адамның тіршілігі басқа- басқа. Мәселен, менің күн көрісім, тіршілігім, басқа жанға ұқсамайды. Міне, мұның бәрі Тәңірдің ісі, «тәңірше бөліс» деп осыны айтады. Құдіреті күшті Алланың қайыр-рақметінде шек жоқ. Ол адамға ақыл-ой берді, жақсылық пен жамандықты, пайда мен зиянды танытты. Бойына өзі берген қасиет, ақыл, білім, сезім, қайратты орынды-орнына дұрыс жұмсай білген адамды Құдай құр алақан қалдырмайды, үстіне нұр жаудырады, ал ол қасиетті дұрыс пайдалана білмеген адам өмірін ит қорлықпен өткізеді. Міне, тәңірше бөлістің осындай-осындай ала-құлалығы бар. Демек, соның бәрі де бір Аллаға аян.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу