Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  616


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сырымға анасының айтқаны (IІ нұсқа)

Сырым бір күні анасына:


— Ана, басқа балаларыңнан менің өзгешелігім бар, құлқым өзгеше, анығын айтшы, мен кімнен тудым? — дейді. Сонда анасы:


— Балам, сені мен басқа адамнан туғаным жоқ, осы әкеңнен болған адамсың. Тәңірімнің бергені. Бірақ өзгеріс мынау: саған жерік болып тамақ талғап жүргенімде, ел Сауран айналып алысқа көшті. Көшкен елдің көптігінен малға, адамға ішермен су жетпей, ел төбелесіп, қырылысуға айналды. Сол кезде көптің арасынан астында күрең жорға аты бар, үстінде әдемі, жақсы киімі бар бір адам шығып, көпті айғайлап тоқтатып билік айтты.


«Мен сіздерге билік айтам» деп жар етіп жұртты тоқтаттыда, былай дейді: «Құдықтың суын ең әуелі адам баласы ішсін, таласпаңдар, содан кейін мінген ат, жүк артқан көлік суғарылсын. Сонан соң жарлы адамның сауын малы суғарылсын. Содан кейін орта үйдің малы суғарылсын, мал суғарған адам екінші қарамай, ілгері көше берсін, қалған суды байлардың малы ішсін!» — деді. Соған қарап ел разы болды. «Рахмет ақылыңызға, көнеміз», — деп тоқтады. Сол адамға қарап тұрып: «япырм-ай, мынау неткен ақылды адам еді, осындай байы болған, не баласы болған адамның арманы бар ма екен? — деп іштей арман етіп едім, Құдай тілегімді беріп, сен тудың», — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу