Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  359


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сарын (І нұсқа)

Қорқыт жиырма жасқа толғанда ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие келіп, тағы да түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, бұл жарық дүниеде саған қырық жыл ғұмыр маңдайыңа жазылған, одан артық жүрмейсің!» дейді. Ояна келсе түсі екен, әулиенің айтқан сөзі өңіндегідей құлағында қалып қояды.


Осыдан кейін-ақ Қорқыт қатты тіксініп, өлмеудің амалын іздеп, Желмаясына мініп, дүниені кезіп кетеді.


Күндердің бір күнінде Қорқыт дала кезіп келе жатса үпір-шүпір болып жер қазып жатқан бір топ адамға ұшырасады. «Ау, бұл қазып жатқандарың не?» — деп жөн сұраса, әлгілер: «Қорқыт әулиенің көрін қазып жатырмыз!» деп жауап береді. Мұны естіген Қорқыт Желмаясын бұрып, келесі бір қиырға бет түзейді. Бірақ шаршап-шалдығып, енді бұйда тартып тынығам дегенде алдынан тағы да көр қазушылар ұшырасады. Жөн сұраса келсе, олар да Қорқыттың қабірін қазушылар болып шығады. Осылайша, Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлағанымен, алдынан өзіне арнап көр қазушылар кездесе береді. «Қайда барсаң — Қорқыттың көрі!» деген ескі сөз осыдан қалыпты дейді.


Содан әбден тарығып, титықтаған Қорқыт жер ортасына жетсем, жаным қалар деп, өзінің туған жері Сырдың жағасына жетеді. Сол жерде Желмаясын сойып, оның терісімен қаңсыған қара қобызын қаптайды. Сонан соң судың бетінен көр қазылмас деп, Желмаяның жабуын Сырдың суына жаяды да, соның үстіне жайғасады. Сол жерде осындай халіне қамыға отырып, қара қобызын мұңды сарынға салған екен. Осы сарынның бір қайырымы ұрпақтардың есінде сақталған ғой.

Қорқыт Сыр суының үстінде жүз жыл бойы өмір сүріпті дейді. Бұл уақыт ішінде қобызын тоқтаусыз сарнатып, ажалды маңайына жолатпапты дейді. Қорқыт қобыз тартқанда жел тынып, су ағысын тоқтатып, жан-жануар ұйып тыңдайтын болса керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу