Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  302


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сары өзен (І нұсқа)

Бір байдың қызын ұзатқанда қыздың мал-мүлік жасауына қосып бір кедейдің домбырашы жалғыз қызын күң ретінде шаңыраққа мінгізіп береді. Бай билігіне қарсы тұрар дәрмен жоқ, ата салтын бұзарға қақысы жоқ, сорлы қыз жылай-жылай күңдікке кетеді. Қыздың «қамқорым, сүйенішім» дейтіні — жалғыз ағасы екен. Күңдікке аттанып бара жатқан қарындасымен жылап қоштасып тұрып:


— Тәңір салған тауқыметті көрмеске лажымыз жоқ. Екеуіміздің бір жүргенімізді де көп көрген екен. Бірақ «кебенек киген келеді» дегендей әлде де үмітім бар. Барған еліңнің игі жақсылары бас қосып отырған бір сәтті пайдаланып ұялмай, именбей рұқсат сұра да, «Сары өзен» деген күй шертіп бер. Сәті болса осыдан ыңғай білінер. Күйді туған жерің «Сары өзенге» арна, зарыңды қос. Жан тебірентер күй шығару қолыңнан келеді, — дейді ағасы. Қыз күң атанады да жат ел, жат жерге барады. Көргені мехнат болады. Байдың отымен кіріп, күлімен
шығады. Сары уайым, бітімі жоқ көп күйбең, жігерін жегідей жеп, жүрегін мұңға толтырады. Өстіп жүрген қапастағы күндердің бірінде, ол елдің игі жақсыларының басы қосылып, бай үйіне жиылады. Өзінің мұң-зарын, туған жерге деген сағынышын екі ішекті домбырада сөйлетіп қойған қыз, рұқсат сұрап игі жақсылар отырған үйге кіреді. Сары қымызды суша сапырып күні бойы ішсе де, тойымдық таппай бөртіп отырған игі жақсылар қыздың жаңа күйімді шертіп берейін дегенін естіп елең етіседі.


Қыз күйін шерте жөнелгенде күңнің өнеріне таңданған игі жақсылар бас шұлғысып, тұс-тұстан қолпаштап даурығысып қалады. Күйді тыңдап болғаннан кейін қыздан кімнің күйі екендігін сұрайды. Сонда қыз: «Тағдыр маған тумай жатып мехнат сыйлады. Етегіне жармасып әке артына ергем жоқ, ана сүтін тоя емгем жоқ, қос бәйтерегімнен жастай айырылып, жетім қалдым. Бай есігінде күн кештім. Енді көзімді ашып, жан-жағыма қарап отырғанда көріп отырғаным мынау. Шаңыраққа мініп кеп күң атандым. Артымда көз жасымен өңірін жуып жалғыз ағам қалды, бірге өскен мұңдас құрбыларым қалды, мөлдір суын сіміре ішіп, кірімді жуған «Сары өзен» қалды. Осыларды ойласам, өзегім өртеніп қайғы басады. Өзегімді сары уайым жайлады, соларға деген сағынышым еді. Күй атын «Сары өзен» атадым», — дейді.


Игі жақсылар қыздың өнеріне разы болып күңдіктен босатып еліне қайтарды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу