👈 қаріп өлшемі 👉

  30.08.2021
  57


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сарүкіннің ұтылуы

Ауыл ішін аралап жүретін қазақтар Сарүкін деп атайтын орыс саудагері Ашылы тауына шығып қос ат жеккен шөп ма шинасымен шөп шауып, мал жиып, жаз жайлауға шығып, қыста Үрімжідегі үйінде жатады екен. Анда-санда қалаға түсіп малшыларға керекті зат алып, артынып-тартынып келетін бір жерде, Серікбайдың әңгімесі бөліпті: «Серікбай дейтін шешен бар, ол адамнан жаңылмайды, істеймін дегенін істейді, оған ешкім теңесе алмайды» десіпті. Сонда Сарүкін отырып:


— Атаңның кәне аузын, Серікбайдың әуселесін мен бір көрейінші, қандай неме екен? — депті.


— Көрсең көресің, тең келе алмайсың.


— Маған бір көрсетші өзін.


Мұны Серікбайға біреу айтып барыпты. Содан Серікбай Сарүкіннің қалаға кеткен хабарын ұғысып, қаладан қайтар жолда тосып отырыпты. Бір-екі күннен соң астында есік пен төрден үлкен аты бар, артынып-тартынған саудагер келе жатыпты. Ол бір кезеңге таяй бергенде Серікбай шыға келіпті.

Шыға келіпті де, атынан қарғып түсіп, айылын тартып мініп қамшысын ұратын кісі беттеніп саудагерге қарай жүріпті. Ол кез ұры-қарының көп кезі, Сарүкін де сескеніп келе жатыпты.


Серікбайдың көзі көк, түсі суық адам екен, саудагерден көзін айырмай қадала келіп таяғанда ұра бастапты. Сонда саудагер тұра қашыпты, Серікбай тұра қуыпты. Не қуып жетіп ұстамайды, не қалмайды, саудагердің артынан еріп отырыпты. Ақыры құтыла алмасын білген саудагер бір сайдың аузына келгенде «әй, осы менің атым мен қоржынымды алады-ау, жаным аман қалсын» деп ойлап атын тастай жаяулай қашыпты. Серікбай да атынан түсіп жаяулай қуыпты. Семіз орыс қорбаңдап қаша алмай шапанын шешіп тастай қашыпты. Серікбай да шапанын шешіп тастай қуыпты. Саудагерді не ұстамай, не артынан қалмай, әне жетіп, міне жетіп кезеңге шыққанда, саудагердің дымы құрып «уһ» деп отыра кетіпті. Серікбай да «уһ» деп отыра кетіпті. Сарүкіннің есіне Серікбай сонда түскен екен.


— Үй, сен кімсің?


— Серікбаймын.


— Ой, атаны аузын, Серікбайың деген сен бе? Әй, болды, болды. Сен мұны қазақтарға айтпа, мен саған бір қой берейін, а, — дейді.


— Болады, бір қой берсең, айтпаймын, — дейді Серікбай.


Оны келесі жылы жайып жіберген екен. Бір жолы саудагер кезігіп:


— Ей, айтпа деп саған бір қой бергенім қайда, оңбаған неме, — депті ашуланып.


— Ол қойыңызды былтыр бердіңіз емес пе, биыл тағы бір қой берсеңіз, — депті Серікбай.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы