👈 қаріп өлшемі 👉

  30.08.2021
  38


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сапақ бидің ұтқырлығы

Бәйменнің шаршы топта Сапақ сияқты төбе биді көптің алдында сөгіпті деген сөз бар. Оның мәнісі: Бәймен бір топ адамдарымен жолаушылап келе жатып алдынан атылған мылтықтың дауысын есітеді. Тезірек жүріп келсе Сапақ ауылының бір мергені киікті атып алып отырады. Бәймендер келуіне мерген жігіт киікті бұлардың қанжығасына байлайды. Бәймен:


— Киігің арам, астыңа басып жатырсың. Арам киігіңді Сапаққа апарып бер, сол жесін, — деп ілгері жүріп кетеді. Мерген жігіт киікті Сапаққа беріп жатып Бәйменнің сөзін биге айтады. Сапақ мырс етіп күліп жібереді. Арадағы өсекшілер Бәйменге: «Сапақ сенің қызыңды балағаттапты» деп жеткізеді. Бәйменнің көптің алдында Сапақты сөгуінің себебі осы екен. Өсекшінің кесірінен атақты екі би осылайша өкпелесіп тарасады.


Арада бір-екі жыл өтіп Құлдықтан Бәймен жеңіліп хан қасынан Сырға көшіп келе жатқанын Сапақ естіп отыр еді. Түнімен көшкен көш сәскелете белгілі бір құдыққа келіп көліктерін тынықтырып алу үшін тоқтаса, құдықтың басында түйе суғарып үлкен бір қария тұрады. Оған Бәймен сыртынан келіп сәлем берсе, қариясы Сапақ болып шығады. Бәймен бұрылып кете алмай, Сапаққа жақындай түсіп:


— Ассаламумағалейкум, Сапеке!, — дейді. Көзін алақанымен көлегейлеп Бәймен екенін анықтап алып Сапақ:


— Уағалейкум уассалам!
Бәймен би көштің бе сырға сиырыңмен,
Бақшақтан Құлдық шықты ма бүйіріңнен.
Қорада қасқыр соққан қара айғыр едің-ау,
Кеше түсте дөнен қуып шықты ма үйіріңнен.
Ақыры зиян тауып жер аудың ба,
Тәкаппар мінезіңнің сүйірінен.
Қанша мықты болсаң да осы соққы,
Өтіп кеткен шығар-ау сүйегіңнен! —
дейді. Сонда Бәймен атын бауырға осып-осып жіберіп:


— Су ішпесең, у іш! Кеше түсте Құлдықтан оқ тиіп омақассам, бүгін сені суарамын деп Сапақтың ажал оғына тап болдым. Енді менің де өмірім ұзаққа бармас, — деп, Сырға көшімен жүре беріпті.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы