30.08.2021
  166


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Саңырау шал

Екі қап күзем жүнді теңдеп, баласын алдына алған әйел бір шалдан өткел сұраған екен, шал әйелді ел қой өткізген жүзбенің алдына ертіп келіп:

— Қарағым, өткел деген осы. Қойдың қабырғасынан, үйректің мойнынан-ақ келеді, аттың басын тартпа, — депті.


Сақалды адам болған соң әйел сеніп «тәуекел» деп суға қойып кетсе, есік пен төрдей жерге бармай ағын іліп ала жөнеліпті, бір тәуірі, аты жылқының жел қайығы екен, аман-есен ар жаққа алып шығыпты. Ызаға булыққан әйел атының басын бұрып:


— Менде ала алмай жүрген не кегің бар еді, Құдайдың ажалынан бұрын өлтіре жаздадың-ау, — деп ұрсып тұрса, менен тағы да жол сұрап тұр ғой деп жорамал жасаған саңырау шал:


— Кішкене жоғары қырындай жүрсең, қара жол айқаса кетеді, шу-шуге салып, сонымен айдай берсең, атам ауылының қыстауына өзі-ақ алып барады, — деп айғайлап қала беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу