28.08.2021
  199


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Пысық жігіт

Бір малшының үйіне үш жолаушы қоныпты. Жолаушылардың біреуі «пысық» атанғысы келіп жүретін жас жігіт екен. Оның кемпір-шалдың бойжеткен қызына көзі түсіп қалады. Кіріп-шығып жүріп қызбен танысып, басының бос екенін ұғысады да, мақсатын білдіреді. Жігіттің дарбазалығын сезген сұңғыла қыз оны есек дәмелі қып қояды.



Қонақтарға табақ тартылып, сорпа құйылған кезде қыз майын қалғып отырып бір шара сорпаны жігітке ұсынады. Мұны өзінше жорыған жігіт ел жатып көзі ұйқыға кетті-ау деген кезде бозбалалық істегісі келіп қызға бара жатып, жолға құрылған елегенге соғылып даңғыр еткізіпті де шегініп, төсегіне жата қалыпты. «Ім, бәлем, қақпанға түстің ғой» деп мырс еткен қыз басын жұлып алып:


— Шық, ей, мына итке жатарда майлы сорпаны құйып-ақ едім, қанағат қылмаған екен, — деп тәлкек етіпті.


Таңертең ерте қыз түйе саууға шыққанда, түндегі қорлығына шыдамаған жігіт онымен қайта бір сөйлеспекке ілесе шығады. Қыз жігіттің сөйлеуіне орай бермей, қолына түйе сауатын мескейді беріп, бір атанды тұрғызып:


— Ар жақ емшегінен тезірек сауып жіберіңіз, иісініп кетпесін, — дейді. Тілдесудің орайы осы деп білген жігіт жүгіре басып, саууға қолын апара бергенде, атан теуіп қалып мескей-пескейімен анадай жерге ұшырып түсіреді. Үйдегілер жапырыла сыртқа шығып, жығылып жатқан жігітті көріп:


— Не болды? — дегенде, қыз:


— Ана кісі өзі қара атанды сауамын деп барып... — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу