Аңыздар ✍️

  28.08.2021
  131


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Өтеген батырдың шұбар тегенесі










Атадан балаға мұра болып келе жатқан Өтеген батырдың — Мүйізді атамыздың шұбар тегенесі тарихтың тылсым түпкірінен көп сыр шертеді. Кезінде ұлы тұлға туралы көп зерттеп, көп деректер қалдырған Әділ Ділебаев атамыздың шұбар тегене жайлы көп әңгімелегені бар-ды. Ол кісінің әңгімесінен бір түйгеніміз, Өтеген батыр мен Абылай ханның аралас-құралас, ниеттес, көңіл қимас достар болғандығы.


Сонда Әдекең былай деген еді:


— Мүйізді атамның кенже ұлы Тарпаңның Әбжекең баласы аталатын бір атасынан өсіп-өнген Жолдасбай Толымбекұлы сексен бір жасқа келіп, 1972 жылы қайтыс болды. Шұбар тегене осы уақытқа дейін сол кісінің үйінде сақталып келді.


Шұбар тегененің өзі тіпті үлкен. Сол тегене «Өтеген батырдың шұбар тегенесі» деп аталады. Емен ағашының тамырынан өте шебер, зергер адам істеген. Төрт жағындағы ернеуінің төрт шығыршығы бар. Адамның ұстап көтеруіне қолайлы. Ішіне 4-5 шелек су сияды. Кішігірім ірі қараның етін түгел салуға болады. Той-жиын, ас бергенде, айт намазында халық сол тегенеден дәм татып отырады.


Тегененің түсі — қара шұбар. Сондықтан «шұбар тегене» деп аталады. Ол тегене туралы сұрастырғанымда, Уәли Алғадайұлы мен Қыдырма Жәпекұлы біраз әңгіме айтты. Бұл 1959 жылдың маусым айы еді.


Шамасы бұдан 250 жыл бұрын болса керек, қазақтың соңғы ханы Абылай үш жүздің батырлары мен билерін Көкшетауға жинап, кеңес ашпақ болып, ел-елге хабар таратады. Кеңес россия патшалығының қазақтың кең даласына өтіп, қоныс ала бастауына байланысты шақырылыпты.
Абылай хан: «Бұған қалай бағынамыз, ерікті түрде ме, әлде қарсылық көрсетеміз бе?» деген оймен мәжіліс құрған деседі.


Кеңеске үш жүзден игі жақсылар жиналады. Оған ұлы жүзден Төле би, Бөлтірік шешен, Өтеген батыр, Саурық батыр, орта жүзден Жанғұтты, Кіші жүзден Есбол датта қатысады. Жауғашты батыр да болған дейді. Мәжілісте барлығы кеңесе келе: «орыс халқымен соғыспалық, олар
мәдениетті, өнерлі халық, зеңбірек, мылтық, өзге де қару-жарақтары көп. Қара қазан, сары баланың қамына жай келісіп, шартпен бағыналық. Орыстар өзбек, қалмақ, тағы басқалар сияқты шоқпар-сойылмен соғыспайды. Ұшан-теңіз жерді жалға беретін болайық», — деп шешеді.


Шартта мыналар көрсетіледі: 1) қазақтан армияға адам алынбайды; 2) отырықшы болмай, малмен көшіп жүреді; 3) өз билігін өздері би-болыстар арқылы шешеді; 4) көп әйел алуға құқық беріледі; 5) қалың малға қыз беріп, қыз алысады.


Осылай бес-алты мәселе енгізіледі. Және де бектер мен ақсүйектер ел билейді делінеді. Жер мәселесіне келгенде Оралдан бері қарай Батыс, Солтүстік, орталық Қазақстаннан жер беруге келісіп тарқасады.


Бұл жағдайга көңілі толған Абылай хан билер мен батырларды ақ ордаға шақырып, үлкен шарадан балдай тәтті сары қымызды құйғызып отырып:


— Енді, бекзадалар мәселе шешіліп, шартқа қол қойылады. Аздан соң елдеріңе тарайсыңдар, менің сендерге қояр бір сұрағым бар. Сол сұрауға жауап беріп, шешіп кетсеңіздер! — депті.


Сонан соң Абылай:


— Дүниедегі ең асыл, ең қымбат қазына не? — деп сұрапты. Оған отырғандардың әрқайсысы әртүрлі жауап беріпті. Біреуі — алтын, біреуі бастағы үй, өрістегі қой, жылқы дейді.


Сонда Өтеген батыр:


— Тақсыр, мен шешейін, рұқсат етіңіз! — депті.


— Айт, ендеше, — деп Абылай таңданып қалады.


— Үй түйеде қалады, түйе қияда қалады, қой қорада қалады. Жылқы қуса — жаудікі, соқса — желдікі, алтын да жерде қалады. Дүниенің ең қымбаты — осы отырған сіздер емессіздер ме? — деген екен.


Абылай хан:


— Мына кішкене батыр дұрыс тапты, — дейді. «Кішкене» дегені Өтеген олардың ішіндегі ең жасы кішісі екен. Өтеген батыр да сөз кезегі келгенде:


— Тақсыр, сізге бір сұрау беруге бола ма? — депті.


— Неге болмасын, айт! — деген екен Абылай.


— Ханым, адам баласы көргенге сене ме, естігенге сене ме, айтқанға сене ме? — дейді.


— Көргенге сенеді ғой.


— Олай болса, сізбен бірге болдым десем, маған кім сенеді, — деп манағы қымыз құйылған тегенені шығыршығынан ұстап тұрып, Өтеген батыр өзіне қарай тарта бергенде,


Абылай сөзге жығылып:


— Ал, ал! — деп тегенені Өтеген батырға берген екен дейді.


Мүйізді атам сол тегенеге «шұбар» деп ат қойып, кенже ұлы Тарпаңның кіші әйелі Кермеқастың үйіне қояды. Тарпаң қайтыс болған соң, бәйбіше балалары Қойкелді, Жанкелді, Абақ дегендер дау шығарып, Абақтың баласы Төлек деген кісі әкесі екеуі Кермеқастан шұбар тегенені тартып алады. Кермеқас бәйбішеге қатты назаланып, тегененің шетін пышақпен бір ұрып:


— Осы жарық біткенде бітермін, — деп таңба түсіреді. Тегенеде содан із қалған екен.


Содан көп кешікпей Абақтың баласы Төлек ұрлық жаласына жығылып, көп мал төлемек болады да, бодауына тегенені бермекке келіседі.


Мұны естіген Толымбек деген кісі дау иесіне астындағы атын беріп, тегенені алып қалады. Сол шұбар тегене Жолдасбай қайтыс болғанша оның қолында болады. Ағамыз Жолдасбай қайтыс болған соң, інісі уәлхан Бекбатыровтың үйінде сақтаулы тұр.


Шұбар тегене осылай ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келеді. Ал оның күллі қазақ үшін қастерлі де қасиетті құтты аяқ екендігінде дау жоқ.













Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу