28.08.2021
  295


Автор: Иманғали Тасмағамбетов

Мына елдiң негiзгi иесi кiм екенiн бүкiл әлем бiлуге тиiс

Сол жолғы пленарлық отырыстан аздап шаршаған болар, Нұрсұлтан Әбiшұлы жексенбi күнi сейiл құруға тау жаққа барды. Қасында мен де бармын. Парламент астананы ауыстыру жөнiндегi шешiмдi қолдағанымен, бәрi де өз орнында тұрған шақ. Жаздың жайнаған күнi. Соның алдында ғана жаңбыр жауып өткен, ауа тап-таза. Бiр қырқаға көтерiлiп едiк, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай айқара ашылып шыға келдi. Ғажап көрiнiске сүйсiне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбiшұлы:  – Қандай керемет! – дедi. Сол арада мен:  – Енді, осындай кереметтi қалды­рып... – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кеттi.  – Сен ондайды қой, – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйттi де: – Бiз мынандай территорияға елдiң бiр шетiнен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз мүмкiн. Арқада, солтүстiк облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуiмiз керек. Мына елдiң негiзгi иесi кiм екенiн бүкiл әлем бiлуге тиiс. Экономиканы да мемлекеттің қақ ортасынан басқарған тиiмдi. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Тым болмаса соны түсiнсеңдершi! – деп санаға қадалған қазықтай қып кесіп тастады.  Бұл әңгіме менің астана ауыстыру идеясына басқа тұрғыдан қарап, ой қалыптастыруыма тікелей әсер етті. Кейін Мемлекет басшысының сеніп тапсырған қай қызметінде болсам да, бұл мәселені жан-жақты зерделеуді бір сәтке де тоқтатқан жоқпын. Өйткені, оның артында бұрын ойға келмесе де, ел дамуының әрбір жылымен «керектігін» кернеген қаншама мән-мағына, қаншама маңыз жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу