Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  155


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Орманбет хан әңгімесі

«Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде» деп айтылатұғын Орманбет Есіл, Нұра бойында «Тоғанастың тоқсан екі көлінде» жайлап, қыстап жүрген күнінде Орманбет ханның үйіне үш жаяу келіп қоныпты.


— Кім боласыз? — деп сұраса:


— Дін исламның қорғаны, шариғаттың шегесі, қазығы халифа жұртының кісісіміз, — депті.


— Жол болсын, неғып жүрсіздер? — дегенде:


— Халифа патшасы жіберіп еді: «үш қашқын қашты. Сол үш қашқынның барған жері бүлінеді, құриды. Соны мұсылманның қай жұртына барып паналаса, сол орамында болған мұсылман патшалары ұстап берсін» деп бізді солардың соңынан қудырып жіберді, — десіпті.


Орманбет хан:


— Біздің бұл орамға ондай жын-саяқ келген жоқ, — депті.


Онда ол үшеуі айтыпты:


— Сіздің қол астыңыздағы жұрттан таптық, бар екен, — депті.


— Ол қайда жүр екен? — депті.


— Оның қайда жүргенін айтайық: ұстап, байлап, бізге аяқ-қолын кісендеп беретұғын болсаңыз, — депті.


— Жарайды, айтқандарыңша қылып, бекітіп берейін, — депті.


— Бекітіп берсеңіз, ол үш қашқынның дөкейі, аса бұзылған ат-шамынысы зорлық еді, онан соңғысы ұрлық еді. Онан соңғысы өтірік еді. Сол үш залым сіздің қоластыңызға келіп, қорғалап тығылған екен. Соны ұстап берсеңіз, жұртыңыз жұрт болып отырады да, оны ұстап бермесеңіз,
ел-жұртыңызға бүліншілік кіреді, — депті.


Сонан соң Орманбет ойға түсті дейді: «Менің бұл жұртыма мұндай жаман пиғылдар араласқан екен. Әуел ақырдан бері қарай ұрлықтың, зорлықтың, өтіріктің араласқан жері оңбаушы еді. Қой, мен көптің аузын тыя алмаспын. Онан да басымды алып қашайын», — деп, бір түнде ғайып болып, жоғалып шыққан екен. Сонда кетіп бара жатып, көп қойшыға душар болып, бесін намазының уақытысы екен.


— Балалар, мен намаз оқып алғанша, атымды ұстай тұр, — деп айтса, Орманбет хан екенін танымайды, тілін алып, атын ұстап тұрмапты. Ішінде бір кішкенелеу жасырақ бала:


— Қырық жыл баққанмен, қой мұратқа жеткізбес. Құдайдан қорқынышлы әз ағаның атын ұстап, батасын алсам, бір мұратқа жеткізер, — деп айнала тұра қалып қашан намаз оқып болғанша бүлк етпей, атын ұстап тұрып, қолтығынан алып аттандырып, батасын алып қалыпты. Сонда Орманбет хан балаға айтып кеткен екен:


— Менің атым — Орманбет. Мен деген жұрт осы төбенің басына тастан там салып, маған оқитұғын Құранын, қылатұғын батасын қыла берсін! Мен енді бұл ел-жұртқа жоқпын. Менен соң он сан ноғайлыға сен үлгі айтарсың. Сенен соң ноғайлы деген жұрттан төбе басына шығып, төре берер ұл тумас.


Біздің бұл жұрт жайлады
Нұра менен Есілді.
Арқаның тарлау шөбінің
Арқасымен есірді.
Бір қараның орнына
Сый-сипатқа берісті.
Баласын зарлап, қақсатып,
Малша жұмсап жесірді,
Таласып байлар қонысқа,
Жетім-жесір, нашарды
Қонысынан көшірді.
Абиыр, бағын дау алар,
Қимаған малын жау алар.
Жер-су адыра, тұл қалар,
Кейінгі үрім-бұтаққа
Қылып бір кетті кесірді.
Бұ жерден ауар қонысы,
Ауқаты болар қол ісі.
Бір-бір ұшар көзінен
Өн бойы Есіл, Нұраның
Малдың бір жатқан өрісі.
Өзінен-өзі бүлінді
Ноғайлы мырза баласы.
Күн-түн боп орыс кірісі.
Үлкені кетер көре алмай
Бейнетті жүрер өле алмай.
Кедейліктен тентірер
Алумен тауып бере алмай.
Алдына салып желкелер
Мәскеудің казак-орысы.
Осындай бірнеше кейінгіде болашақ оқиғаларды айтып:

— Ал, балам, енді қалғаны болса, жұртқа өзің айтып баян қыла берерсің, — деп аузына түкіріп, көз алдында қыбылаға қарап, жөнеле берді дейді. Сонан соң қайтып Орманбетті «көрдім, білдім» деген жан жоқ. Сол бала Мөңке би атаныпты. Сол айтуы бойынша ноғайлар баланың: «Осы жерде амандасып қалдым» деген жеріне там салып, соны осы күнде «Орманбет тамы» деп айтысады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу