27.08.2021
  183


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Опасыз дүние

ХVІІІ ғасырда Жайықтың шығысын мекендеген бай Есенкелді — байлықтың заңғар биігіне жеткен, нағыз аңыз сипатқа айналған адам. Жылқысында есеп жоқ. Есенкелдінің үш әйелінен өрбіген ұрпақтан алғыр да, өтімдісі кіші ұлы Төребай болыпты. Орысша хат таныған. Петербурге дейін сапар шеккен. Жыл сайын әйел патшаға екі жүз жорға сый жіберіп тұрыпты. Сыбағасына бергі беттегі бос жер Нарын құмын емін-еркін жайлайды екен.



Қолы жеткен байлық пен мансапқа қанағат тұтпай, көңіл желігіне ілескен Есенкелді жасы ұлғайған шағында төртінші әйел Бәтесті алыпты. Мол байлықты үріп ішіп, шайқап төккен жас тоқал көп кешікпей Есенкелдінің еліне билік, малына иелік етуді көксей бастайды. Жалшыларын жұмсап, шаруасына бас-көз болып жүретін Құлшық деген жамағатын ашына етеді. Төребай мырза жаз шыға құм жайлауына барып, құс атып, сейілдейді екен. Сондай күндердің бірінде атты қаңтарып, өзі дем алғалы тоқым төсеп жата кетеді. Осы мезет қалың жылқының дүркірі, жылқышының қиқу салған үні естіледі. Қалың жылқыны үркітіп, оның апат екпінін Төребай мырза ұйықтап жатқан сайға бұрған Құлшық еді. Жас тоқалдың тойымсыз құшағы мен батпан байлықтан дәмелендірген оның уәдесі өз дегеніне осылай жеткен.


Жылқы тұяғынан пәрше-пәрше болған Төребайдың денесі пәктеуге келмепті. Сол күйі ақ киізге оралып, сол жерге көмілген. Қаралы жылқыны да матап, құйрық, жалын күзеп, желімге қосылып, сүтімен балшық иленіпті. Зират кірпіштерінің сұрғылт реңі, самсай желбіреген қылы
сол бір жайдың куәсіндей. Медет тұтқан мұрагері Төребай өлімін естіген кезде Есенкелді алжасып кетіпті. Сонда да сүйекке біткен өр көкіректікпен дағдысы шығар: «өлім деген не, пәлі» — деп, матаяқпен ертелі-кеш айналасын сабалап отырады екен.


Малдан ада, баладан тұл болған Бәтес мойнына дорба салған. Бәтес ел кезіп жүргенде табын руының бір отағасы Есер батырдың сарбазының ауылынан келіп шығады.


Сарбаз Бәтеске:


— Бұрында мен барғанда, тұрып баруға ерініп, қымыз құйып бермеп пе едің, — дейді. Сонда өмірдің ащы-тұщысын татып, тәубесіне әбден жүгінген Бәтес:


— Ол кезде мен ешкімді кісі демедім, қымызды ас демедім, — деп жылап жіберіпті. Манадан үн-түнсіз намаз оқып отырған қария келушінің кім екенін жаңа түсініп:


— Япырай, Есенкелдінің әйеліне қайыр сұратқан бұл Құдайда сенім болмас!» — деп тасбиғын іргеге лақтырып жіберген екен.


Аңызға айналған игерусіз байлық осылай сарқылыпты. Бірақ Төребай моласын көргенде шарасынан асып төгілген бақ пен дәулет ызғары әлі есіп тұрғандай.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу