Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  287


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Оқшы ата

Оқшы ата жас кезінде жетім қалып, ел жағалап, қыпшақ ішіне келіп, жалғыз қызы бар кемпір-шалға өкіл бала болады. Ер жеткенде егін егіп, диқаншылық кәсіппен айналысып, әлгі кісілерді өзі асырайды.



Жас жігіт еңбекшіл ғана емес, Құдай бойына қасиет берген дарынды азамат болып өседі. Оның кірпігінің қалыңдығы сондай — көзін жауып тұрады екен. Кірпігін қолымен көтеріп қалғанда, бір күншілік жердегіні көретін қасиеті болған. Мал жоғалтқан адамдар өзінің жоғының дерегін білу үшін Көгентүпке келеді екен. Ол кірпігін көтеріп қалып: «Малыңыз пәлен жерде жайылып жүр», — деп жөн сілтейді. Барса, расында солай болып шығады. Көгентүптің аты елге біртіндеп осылай тарайды. Сол бір заманда елді қалмақтар жаулап алады да, оның ханы елге өз тәртібін орнатады. Жебір билеуші жұртқа:


— Мені күнде бір үй асырап, қалыңдыққа бір қыз беретін болсын! — деген шарт қояды. Хан жарлығы екі болмай, орындала бастайды. Тәлкекке түскен ел күңіреніп, күйзеліске ұшырайды. Қарсы шығар амал таппай дағдарады.


Осындай күндердің бірінде ханды күтіп, қыз беру кезегі Көгентүптің ата-анасына да жақындайды. Көгентүп күншілік жерде арпа орып жатыр екен. Арпа оруға жүрерде ата-анасына айтады:


— Алда-жалда бір жаманшылық төнсе, атым бір хабар білдірер, бұл озбыр ханның азабынан әлі-ақ құтылармыз, —  деп атын қалдырып кетеді. Кезек кемпір-шалдың үйіне, оның жалғыз қызына да келеді. Екі қария зар илеп жылағанда кермеде байлаулы тұрған ат тыпыршып, кісінеп қоя береді. Кісінеген атының даусы күншілік жерде арпа орып жүрген Көгентүптің құлағына жетеді. Озбыр ханға қатуланған Көгентүп Аллаға сиынып, бір арпаның қылтығын алақанына салып, дұшпанға бағыттап, үрлеп жібереді. Сол хан қаза табады. «Жауызды өлтіріп, халықты азаптан құтқарған кім болды екен?» — деген түрлі әңгіме тарайды. Бірінің қылышы, бірінің қанжары, енді бірінің пышағы қанды талай жігіттер: «Ханды өлтірген — мен», — деп шығады. Сол кезде Көгентүптің ата-анасы:


— Біздің баламыздан да сұраңдаршы, сол білер кім өлтіргенін, — дейді. Жиналған жұрт кеншілік жерде жүрген Көгентүпке адам жіберіп алдырады. Келген соң «ханды мен өлтірдім» деп таласқан талай азаматты көріп, Көгентүп сұрайды:


— Хан неден өліпті?


— Жүрегінен жаралы болып өліпті, — дейді халық.


— Онда жүрегін жарып көріңіздер, егер арпаның қылтығы жүрегінде қадалып тұрса, менің атқан оғым, — дейді Көгентүп. Расында солай болып шығады. Шын есімі Көгентүп жігіт содан былай «Оқшы» атанады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу