Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  261


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Оғыз хан және Қаңлы елі

Оғыз хан өзіне қараған елдің баршасының мұсылман болуын талап етті. Мұсылман болғандарын құрметтеп, болмағандарының өзін өлтіріп, бала-шағасын құл қылды.


Ол кезде Қара ханға тәуелді елдерден басқа да жұрттар көп еді. Әрбір үлкен жұрттардың өз патшасы болар еді, кішірек елдер соған бағынып тұрар еді. Қара ханның қол астындағы мұсылман болған елдер Оғызға келіп қосылды да, мұсылман еместері өзге жұртқа қарап кетті.


Оғыз хан жыл сайын моңғол жұртында отырған елдермен соғысып, жеңіп келер еді, ақырында олардың бәрін бағындырды. Қашып құтылғандары татар ханына барып паналады. Татарлар ол кезде шүршітпен қатар отыратын еді. Шүршіт деген бір үлкен жұрт еді, қалалары мен кенттері көп болатын, қытайдың солтүстік жағында болатын. Үнділер мен тәжіктер оны «Шын» дейтін.


Оғыз хан татарларға шабуыл жасады. Татар ханы көп әскермен оған қарсы тұра алмады. Оғыз жеңді. Оғыз хан әскерінің қолына көп олжа түсті. Бұл дүнияны артуға ат-көлігі аздық етті. Әскердің ішінде бір шебер адам бар еді, ол арба жасауды ойластырды. Сөйтіп, арба жасап, барлық олжаны оған тиеді. Бұрын арбаның өзі де, аты да жоқ еді. Жүргенде қаңқ-қаңқ еткен дыбыс шығарғанына қарай, оның атын «қаңқ» деп атады, оны жасаған кісіні «қаңқлы» деді. Бүкіл Қаңлы елі осы адамның балаларынан тарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу