Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  192


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Назым

Құрманғазының соңғы жылдары табылған «Назым» атты бір күйі бар. Күйді бізге берген адам оның шығу тарихы жөнінде ештеме айтпады. Дина бір әңгімесінде былай баяндаған: «Құрекең Көкбаламен екеуі бір жақтан келе жатқанда бір моланың басына жиналған көп қараны көреді. Келсе, ол адам тобы екен. Ол адамдар осыдан бірнеше сағат бұрын ғана кенет өлген бір адамды көмгелі жатыр екен. Сұрастыра келгенде өлген қыз болып шығады. Ол күндіз бір асау аруананы сауамын деп, көнек қойған тізесін көтеріп, оң жақ қолын нардың артқы
аяғынан орай бергенде, ол қызды тақ жүректен теуіп қалады. Қыз шалқасынан құлап, содан кейін есі кірмейді. Денесі суып, демалысы білінбейді. Ата-анасы зарлап «о, дүниеге кетті» деп көр қаздырып, жаназа оқып, бейіт басына алып келіп көмгелі жатқаны осы болып шығады.


Құрманғазы түрмеде неше түрлі адамдармен кездесіп, «өлудің» неше алуан кезеңі болатындығынан хабары бәрі есіне түседі. Ол әсіресе қазақ ауылында талып қалған не қатты ұйқыға кететін жайларды білмей, күтпей көме салудың барын біледі. Сондықтан жиналған топқа қарап:


— Бір-екі сағат тоқтай тұрыңыздар, мүмкін бұл қыз өлмеген болуы керек, асығыстық дұрыс болмайды, — дейді. Тұрғандар бұл сияқты бұрын-соңды естімеген «сұмдыққа» сеніңкіремей бастарын шайқайды. Әсіресе араларында тұрған молда:


— О, кештен, бұ кешке шейін өлген жанның қайта тірілгені жоқ, ондай сөз айтып күпір болмаңыз! — деп жолатпайды. Құрманғазы ашуланып молдаға:


— Сірә, сен бірдеме алып қойып, соны қайта құсамын ба деп қорқып тұрған шығарсың, амандық болып қыз тірілсе, сол бергенді қыздың садақасы деп сенен алмай-ақ қояйық! — деп молданы тоқтатады. Қыздың ата-аналары:


— Алыс сапардан келе жатқан жолаушылар екен. Көпті көрген адамдар шығар, аялдай тұрыңдаршы! — деп көздерінің жасын тағы бір төгіп алады.


Осылай көпшілік тоқырап тұрған кезінде кебін қозғалғандай болады. Құрманғазы жүгіріп барып жүрегін басып, тыңдап: «Шүйінші, жаны бар!» — деп айқайлап жібереді. Өзі жанындағы торсығынан қыздың аузына су тамызады. Қыз біртіндеп дүниеге ене бастайды. Баяғы молда: «Астапыралла, Астапыралла!» — деп топты айнала жүгіріп, ақыры ауылға қарай қаша жөнеледі. Басы Құрманғазы мен Көкбала болып, молданың жағдайына біраз күліп алады. Бұл кезде қыз да әлсіз түрде көзін ашып, аң-таң болып айналаға қарайды. Әке-шешесі «қорыққан мен қуанған бірдей» дегендей, тағы да біраз жылап, тостағандарын жуып алады.


Қызды ауылға алып келіп, туысқандары үлкен той қылып, ат шаптырып, балуан түсіріп бір жетідей мерейлейді. Қыздың әке-шешесі Құрманғазы мен Көкбаланы бірнеше күн қонақ етіп қатты сыйлайды. Көптеген күй тыңдап мәз болады. Кетерінде қыз Құрманғазыға: «Сіз менің екінші әкем болдыңыз, сіздің арқаңызда мен екінші рет дүниеге келдім, өмірбойы сізді ұмытпаймын», — деп құшақтап жылап жібереді. «Менің көзімдей көріп жүріңіз», — деп өзінің ең жақсы көретін сары ат деген арғымағын Құрманғазыға жетелетіп жібереді. Ал Құрманғазы оған арнап күй шығарады. Айтушылар сол қыздың аты Назым екен дейді. Мына қыз сол «Назым қыз» болып та аталатын еді дейді. Бір әңгімеде Құрманғазы қызды көміп кеткен бойда келіп, бейіттен бір дауыс шыққандай болып, жаңа салған топырақты күшті қолмен қазып, қызды көрден алып шығып тірілтеді делінеді. Әрине, бұл сияқты аңызға айналған әңгіменің бұтақтары көп болады емес пе, оның бәрін бірдей келтіріп жатпадық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу