27.08.2021
  117


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Мұсаның байдан сыбаға жеуі

Ілгеріде бір атақты ишан болыпты. Бай мен бектер оны қатты сыйлап, құрмет тұтады екен. Қысқы соғымнан ишанға сыбаға сақтап ел қыстаудан жайлауға беттеп көшкенде, дәулетті ауылдар бірінен соң бірі шақырып, ишанға қонақасы береді екен. Ишан түскен үйінде жұрттың көзіне түспеу үшін отырған жерге шымылдық құрғызып, тамақты да соның ішіне алдырып ішеді екен.


Мұса дейтін кедей жігіт ел жайлауға көшіп жатқан кезде үстіне ишанның киіміндей киім киіп, астына соның атындай ат мініп, қасына екі-үш жолдас ертіп, бір байдың ауылына аттаныпты. Ел орынға жаңа ғана отырып жатқан қарбалас шақта, байдың үйіне келіп түседі. Мұса ишанның барлық әдетін істеп, ешкімге көрінбей, шымылдық ішінде отырады. Бай бәйек боп, ишанға сақтаған сыбағасын асыпты, барынша сый-құрмет көрсетеді. Байдан сыбаға жеп, аларын алған Мұса ішінен күледі де, қош айтысып, түн ішінде аттанып жүріп кетеді. Ертеңіне бай ауылына нағыз ишанның өзі келеді. Бұған аңтаң болған бай:


— Ишеке-ау, неге тез оралдыңыз, сізді көрші ауыл күтіп отыр еді ғой, — дейді.


Бұл сөзге түсінбеген ишан:


— Сіз не айтып тұрсыз, сіздің үйге былтырдан соң оралып тұрғанымыз осы емес пе! — депті.


Бай алданғанын сонда бір-ақ біліпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу