Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  98


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Молқоңыр

Өткен XIX ғасырдың соңғы жылдары болса керек, арғын, найман, керей, уақ елдеріне сауын айтқан төре Мамырбек Үкірдайұлы Тұрысбекке және көзінің тірісінде өзінің асын қосып беріп, Майлының Қоңыроба сазы жайлауында айға жуық сән-салтанат құрады. Сол асқа арғы бет қазақтары да топ-тобымен келіп, әсіресе сол жақтан Сары төре бастап келгендердің сән-салтанаты, күтімі айырықша болады. Жорға, жүйрік, балуан, шешен, шежіре, әнші, күйші өнер саңлақтары арқылы өзінің атақ даңқын шығарып, Сары төреден асып түсуді ойластырған Мамырбек төре Жайырдағы уақ еліне қос атпен кісі жіберіп, Бәзғаламды алдырады. Күйшілер кезекпен күй тартып отырғанда Сары төренің домбырашысы домбыраның құлағын оң бұрауға өзгертіп, өзгеше бір күй шертеді. Күй аяқтай бергенде Бәзғалам сол құлақ күйімен әлгі өзгеше күйді өз әйеліне қайта шертіп береді. Сонымен күй сайысы басталып, шет елден келген сыйлы қонақ болғандықтан, алдыңғы кезек Сары төре жақтан болып, Бәзғалам сол шерткен күйлерді үстінде қайта шертіп отырады. Осылай күй шертісу бір күнге жалғасады да, бір мезетте Бәзғалам қисынын тауып, кезек алып күй бастайды. Сары төренің домбырашысы да Бәзғалам шерткен күйлерді қайта шертіп беріп отырады. Бір сарынмен кете берсе, өзгеше өнер парқы болмайтындықтан, тың бір өнер арқылы көзге түспекші болған Бәзғалам домбыраның құлағын оң бұрауға өзгертіп алып, оң аяғындағы мәсіні шешіп тастап, бақайымен шертіп, қолымен перне басып, ерекше айыз қандырар бір күй орындайды. Дәл осы кезде қос жастықта шынтақтап жатқан Мамырбек басын жұлып алып: «Ау, Бәзғалам, бұл не күй? Ағаштан басқа баққаның бар ма сенің?» дегенде, Бәзғалам: «Төре тақсыр, Жайырдың жоны — Қызыл жон, Қара жон болып екіге бөлінеді. Қату тауынан басталып, етегі Шөгей мен орқыға тірелетін өңірді Молқоңыр дейді. Біздің елдің көктеу, күзеу, жайлау, қыстауы сол Молқоңырдың қойнауында екенін өзіңіз білесіз. Бұл күйдің аты сол киелі мекеніміз — «Молқоңыр». Арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылмай ағаш бақтым десем де болады», — деп жауап қайтарыпты. Сонымен Сары төренің домбырашысын жеңіп, Мамырбек үкірдай оған төтенше разы болып, жаға-жеңі зерлі шапан жауып, ат мінгізіп қайтарған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу