26.08.2021
  239


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қызыл ит сені білемін

Қожанасыр базардан келе жатып бір жігітке жолығады.


— Базарда не қымбат екен? — деп сұрайды Қожа.



Жігіт:


— Құйрығын кескен шолақ сиыр қымбат, — дейді.


Бұл сөзді есіткен Қожа үйіндегі жалғыз сиырының құйрығын кесіп тастап, қанын ағызып, базарға алып барады. Базарда құйрығы жоқ, өзі ауру сиырға ешкім де қарамайды. Бірақ сиырдың құйрығынан саулап аққан қанға иттер жақындай түседі. Әсіресе бір қызыл ит ізінен қалмай ере береді.

Қожанасыр:


— Менің сиырымды кісілер саудаламағанмен, иттер сау- далайды-ау, — деп ойлайды. Сүйтіп сиырын сойып, базардағы бар итке бөліп береді. Сойып болып жақындай түскен баяғы қызыл итке:


— Қызыл ит, сені білемін, ақшамды сен бересің, — дейді.


Бір күні базарда жүрген қызыл иттің соңына түсіп қуа жөнеледі. (Әрине, сиырдың етіне серік болған қызыл ит пе, басқа ма, оны да білмейді). Ары қуады, бері қуады, ит шаршамаған соң бір тау бөктеріндегі үңгірге кіреді. Қожа ит кірген үңгірді қазады. Иттің құйрығы қолына ілінген кезде, құйрығынан тартып суырып алады. Иттің тырнағына бір түйіншек ілініп шығады. Шешіп қараса алтын екен.


Қожанасыр итке:


— Бұрынырақ бере қойсаң ғой, сен де тыныш, мен де тыныш, бекерге бермеймін деп ары қаштың, бері қаштың, мен жіберетін
бе едім?! Сиырымның құнын алдым, — депті.


Ақыры Қожа:


— Қызыл ит, сені білемін, — деп қызыл иттен сиырдың бағасын төлетіп алыпты.


Ел аузында «қызыл ит сені білемін» деген мақал содан қалған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу