26.08.2021
  121


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Құлақ кескен Қожамқұл

ХІХ ғасырда Ұлы жүз Албан-Қызылбөрік елінде Қожамқұлатты іші тар, күйгелек, шыр мінезді сараң бай өмір сүріпті. Оның Ұлы жүзге белгілі «Көкқасқа» деген бәйгі атын бай ел аралап кеткенде, ерке-шолжаң, алаңғасар ұлы Масғұт:


— Әкеңнің Құдайдан тілеп алған жалғызы да, еркесі де, серкесі де сенсің. Бір атқа билігіңді жүргізе алмағаның ба? —  деп біреудің азғыруына түсіп, өзінің көңілжетер адамына беріп жібереді.


Масғұт сол шақта он бес-он алтылардағы үйленбеген бозбала екен. Сапардан оралып, баласының келеңсіз қылығына  іші күйген, ашуы асып-тасқан бай Масғұтты таяқ алып жаяу қуады. Ұлы жеткізбей ентіктіріп, дымы құрып, шаршайды. Әлі бітіп-шаршап жерге отыра кеткен Қожамқұл баласына басқа істер амалы қалмаған соң, жер тырнап, көк жұлып, бір қолмен құлағының ұшынан ұстап тұрып, екінші қолындағы кездікпен өз құлағын өзі орып жіберіпті. Лақтырып жіберген құлақтың ұшын бір күшік ала қашады.


Ел құлағы елу емес пе? Бай өз ауылын қанша тыям дегенмен бұл хабар елге жайылып кетіпті.


Құлақтағы жара қара қотырланған кезде байдың үйіне серіктерімен Сүйімбай ақын түседі. Бай жаралы құлағын басының астына келтіріп, жастықты қалыңдатып ауырған болып жата қалады. Қожамқұл Сүйімбайларға басын көтерместен, көңілсіз сәлемдесіп, бәйбішесіне:


— Мына кісілер қымыз ішіп кетсін, қымыз қой дастарханға, — деп қузап, Сүйімбайлар тездетіп аттанып кетсе дегендей ниет білдіреді. Байдың пасық ниетін, арам ойын сезіп отырған алғыр ақын Сүйімбай:


— Дулат деген бір ел бар,
Үлкен пішкен тондай-ды.
Шапырашты деген бір ел бар,
Біреуге қоңсы қонбайды.
Сарүйсін деген бір ел бар,
Қарғыс айтып Домалақ,
Екі болыстан озбайды.
Қызылбөрік деген бір ел бар
Ел ішінде нелер бар,
Өз құлағын өзі кесіп,
Қожамқұл сірә оңбайды, —


дегенде, Қожамқұл бай жастықтан басын жұлып алып, Сүйімбайлардан кешірім өтініп, «сыйлы қонағым боп кетіңіздер деп» аяғына жығылған екен.


Сөйтіп, дүниеқоңыз, сараң бай тура сөйлеп, тілімен орып түсетін алғыр ақыннан дауасыз жаза тартыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу