Аңыздар ✍️

  26.08.2021
  105


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қосбасқан

Халқымыздың салты бойынша, ең ауыр қылмыс, кешірімсіз күнә — қос басу. Салт бұзу жаман ырымға саналса да, қос басып, жылқы барымталау кездесіп тұрған. Бірде көршілес халықтың бір топ суық қол сұғанақтары ел тонап, қос басу емес, қыз басу, олжа салуға дейін барып, екі елдің арасын шиеленістірген қырғын болыпты. Шырық бұзып, ырық кетірген тоң мойындардың қылығы екі елдің де шыдамын тоздырып, төзімін тауысыпты. Шыдай алмаған екі жақтың көрегендері бас біріктіріп, күнәһарларды жазаға тартуға бекінеді. Төреліктің бір жақ тізгінін — Тума би, екіншісін Сона би ұстапты.


Төреліктің төріне, топтың алдына құныкерлер мен күнәһарларды шығарады. «Шырақтарым кім еді, көзін тігіп, арыңа тиген, намысыңды жер еткен, жүрекке жара салып, ақ жүзіңді қорлаған. Тап басып таны да, дәл көздеп көзінен ат кіріптардың. Жебең тиіп көзі шықса, қолы сынып, басы жарылса, жүректен өтіп, демі бітсе — арыңның садағасы. Жаза басып мүлт кетсең — жаныңның садағасы. Күрмелген жіп, күйінген жүрек жарасының шешімі, төрелігі сол болар, шырақтарым, садағың берер жазасын...» — деп, Сона төреліктің төрінде тұрған он екі қызға қорамсақты ұсына берген кезде, кек кернеген ызалы қыз Гүлсана суырылып алға шығады. Болған жағдайды шұбыртып айта келіп, ашу қысып булыққан ол садағын шірене тартып, ұзын сойыл ұр да жық қара дойырды мұрттай ұшырып түсіріпті. Күй атасы атанған Бәжең осы оқиғаның желісін, оның күйініш-сүйінішін, төрелігін «Қосбасқан» деп ат қойып, домбыраның көмейінен осылайша күй сөйлетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу