Аңыздар ✍️

  26.08.2021
  123


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қозыкүрең

Ертеде бір бай жылқышыларына әр жылы табан ет, маңдай терің бір жабағы тай деп белгіленген екен.


Бай бір жолы жылқыға шығып, жылқыларын сырттай тамашалап жүреді. Сонда қасында аралатып жүрген жалшысы өзінің жылдық ақысын сұрап қалады. Бай оған айғыр үйірінің шетінде тұрған өлі жүні түспеген бір күрең тайды көрсетеді де, соны ақыңа бергенім дейді. Айлар ауысып, жылдар жылжып күрең тай ат болған да, бір ауылда үлкен бір той болып, 300 ат бәйгеге қосылады. Бәйге келгенде бірінші болып қоян сүйек күрең ат келеді. Оны көрген бай аттың иесін, тегін қузай келе өзінің кезінде жалшыға берген жаман жабағысы екенін біледі. Сонда бай өз айғырының тұқымы екенін айтып дау шығарады, жалшыға күш көрсетеді. Жиылған барлық ұлық бұған белгілі кесім айтпайды. Әділетсіздікке күйген жалшы, кезінде табан ет, маңдай терім үшін өзі берген деп шыжықтайды. Сонда көлденең адам ретінде араға біреу түсіп жалшыға: «Бұл жолғы бәйге өзіңдікі, ал талас болып отырған осы атқа кім жүз жылқы берсе, сол алсын» — деген екен. Отырғандар дуылдасып келісе алмай отырғанда, есік жақта бір азамат домбырадан күмбірлетіп күй шертеді. Үй іші тына қалып, ершімді күйден бүгінгі
жүлделі жүйріктің көсіле шапқан шабысын бір көргендей болады.


Күйші домбырасын бәсеңдетіп барып: «Мен екі жүз жылқы атадым. Мына күй бүгінгі Қозыкүреңнің шабысы, мұным — жүз жылқы, енді басынан ұрып жүз жылқы санап беремін», — деп кеуде ұрады. Ақыры, осы бір жомарт салдың пиғылына риза болған жалшы «Атымның атағы тарихқа күй болып қалғаны үшін елуін алайын, міне, атың», — деп салға атты беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу