26.08.2021
  244


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қожанасырдың ауруды емдеуі

Қарны ашып, жолаушылап келе жатқан Қожанасырды шақырып:


— Мына бір ауруды көре кетіңізші, — деді айдалада отырған жалғыз үйлі адамның туыстары. Қайдан білсін, басында сәлдесі болған соң әрі дем оқитын молда, әрі тәуіп болса керек деп ойлаған жұрт. Есегінен түсіп үйге кірді де:


— Бір тостаған бауырсақ, бір тостаған айран әкеле ғой, — деді де, аурудың басына тізерлеп отыра қалды.


— Е, Алла, шипасын бергей, — деп шулап тұрғандарға:


— Шыға тұрыңдар, — деп жекірді.


Лажсыз жұрт далаға шығып кетті. Қожанасыр айранға бауырсақты салып жеп тойып алды. Далаға шықты да, есегіне мініп жүре берді.


— Аурудың халі қалай? — дегендерге басын изеді де:


— Жақсы, біраздан соң дыбыс шығарып қалар, — деп дәмелендірді. Кетіп бара жатқан Қожа мойнын бұрып артына қараса, шулаған дауыс та шығыпты. Қуғыншылар ұстап алып сұраса:


— Тәңіріне нәлет, неге өтірік айтасың? — дей беріп еді,


Қожа:


— Қанша қарғасаң қарғай бер, бауырыңның жанын сол Тәңірі алды, — дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу