26.08.2021
  151


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қожанасыр мен ұрылар

Бір оңтайлы кеште Қожекеңнің үйіне ұры түседі. Алакөлеңкеде іске татыр заттарды асығыс жинап жатқан ұрыларды көрген Қожекең сабырлы қалпын бұзбай, әйеліне сыбырлайды:



— Дыбысыңды шығармай, мен не істесем, соны қайталап, соңымнан ере бер.


Әйелі таңданғанмен сырын білетін еріне қарсы тіс жармайды.


Ұрылар керегін алып есіктен шыға бергенде, Қожекең төсегінен тұрып, көрпесін жамылған күйі ұрылардың соңына түседі. Келісім бойынша әйелі де көрпесін көтеріп бірге кетеді. Жалаңаяқ ерген екеуді ұрылар көрмейді. Бір қағаберіске келгенде ентігін баспақ болған ұрылар аялдайды. Заттарын жерге қоя берген олар анадайда ербиіп тұрған екеуді көріп шошып кетеді.


— Бұл қайсың? — дейді айқайлап бас ұры.


— Біз ғой.


— Бізің кім?


Жанына жетіп барып, жамылғысын жұлып алса, Қожекең.


Қатты сасқан ұры:


— Сіз қайда барасыз, Қожеке? — дейді бәсең үнмен.


— Қайда барғаны қалай? Өздерің қайда көшіріп бара жатырсыңдар, сонда барамыз да, — деп жауап беріпті әпенді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу