26.08.2021
  129


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қожа атты қалай сатып алды

Бір күні дуанбасы Қожанасырға он есекті базарға сатып, соның ақшасына бір ат сатып алуды тапсырады. Тапсырманы алған Қожа бір үйір есекті көрші қалаға айдайды.


Қаланың базарында есектерге тез арада аларман табылып, жақсы бағаға өткізеді. Базарды аралап жүріп, алыстағы бір ауылдын қазысы, кәрі байдың атпен жүргенін көреді.


— Жолыңыз болсын, байеке, — дейді Қожа.


Қазы Қожа тұратын қалаға бара жатқанын айтады.


— Аһ, Құдай тілеуіңізді берсін, жарқыным, — деп мәз болады Қожа. — Мен де сол жерге барушы едім. Мені де ала кетші. Аяғымды баса алатын емеспін, салмағым да жеп-жеңіл, арт жағыңа отырайын. Құдайым сенің мейірімді жан екеніңді ескеріп, жер жаннатының сәулетті сарайларын тарту етсін.


Қазы Қожаға зекіп тастамақ болады да, Құдай алдына барғанда бір дауыстың артық болмайтынын ойлап, Қожаны мінгестіріп алады. Қалаға жарты шақырымдай қалғанда Қожанасыр қазыға:


— О, кең пейілді сопы! Сізге айтатын алғысымда шек жоқ, тағы бір өтінішімді айтайын! Мен арт жақта отыруға қорқамын. Құлауға шақ отырмын. Мейірімді әкетай, алдыңа отырғызшы, Құдай сені хордың қыздарымен сыйласын!


Бай бұл өтінішін де орындайды, атты тоқтатып, Қожанасырды алдына отырғызады.


Қалаға кіре бергенде, дуанбасы жолыға кетеді.


— А, Қожанасыр, қалай есектеріңді саттың ба, ат алдың ба? — дейді.


— Әлбетте, көріп тұрсыз ғой, — дейді Қожа.


Сосын арт жағында отырған қазыға бұрылып, түк көрмегендей болып:


— Ал келдік, міне! Аттан түс те, алып келгеніме рақметіңді айт. Жолақы төлемей-ақ қой.


— Әй, түсің не? — деп аң-таң болады қазы. — Сені жалынып, жалбарынғасын мінгізіп едім, мұның не?


— Аһ, енді өтірік айтайын дедің бе, — деп айқай салады Қожа. — Тез қараңды батыр, кәне, менің жыныма тимей! Өй, оңбаған! Қараңды батыр, жоғал жаныңның барында! — деп дуанбасы да бас салып қазының жағасынан ала кетеді.


Қазы бұрыла беріп, дуанбасыны бір-ақ соғады, ол мұны ұрады. Қырғын төбелес басталып кетеді. Екі байдың төбелесіне қарап жатпастан, Қожанасыр аттың жүгенін дуанбасының қолына қыстырыпты да, қалтасында қалған ақшасын сипап қойып, үйіне қарай бет алған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу