26.08.2021
  156


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қатын, сенікі де дұрыс

Қожаның бір көршісі бір шаруа жайында Қожамен ақылдасуға келеді. Әңгімесін айтып болған соң әлгі кісі:



— Құдайшылығыңды айтшы, қалай дейсің, менікі дұрыс емес пе? — дейді.


— Әлбетте, сенікі дұрыс, бауырым, — дейді Қожа.


Келесі күні осы көршімен бір нәрсе жөнінде дауласып жүрген адам да Қожаға келеді. Ол өзін ақтай сөйлеп, істің мән-жайын Қожаға өзінше түсіндіреді. Сөз соңында:


— Ал, Қожеке, бұған не айтасың? Менікі дұрыс емес пе? — деп сұрайды. Қожа бұған да:


— Әлбетте, әлбетте, сенікі дұрыс, — дейді.


Екі даугердің де сөзін тыңдап отырған Қожаның әйелі, екі сөзді де мақұлдағаны үшін күйеуін бір ұялтпақ болып:


— Әпенде-ау, саған не болған? Кеше Қорқыт көрші келіп, дауын айтып еді, оныкін «дұрыс» дедің, бүгін оның дауласып жүрген адамы Санжар көрші келіп еді, оған да «сенікі дұрыс» дедің. Мұның қалай? Сен қазысың, мен қазының әйелімін, о заманда, бұ заман дәукер мен жауапкер екеуінің сөзі бірден дұрыс бола ма екен? — дейді.


Сонда Қожа байсалды пішінмен:


— Қатын, сенікі де дұрыс, — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу