Аңыздар ✍️

  25.08.2021
  457


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қалмақ, қалмақты ептеп алмақ...

Абылай хан, Өтеген батыр Ұлытаудың бөктерінде аң аулап жүріп, бір сайға келіп аз-кем аялдап, демалуға отырады. Қапысыз отырған хан мен батырдың үстіне жаудың қалың қолы кездейсоқ тап болып, екеуін қалмақтар байлап әкетеді. Қалмақтың ханы екеуін зынданға салып тастайды.


Өтеген мен Абылайдың қолға түскенін естіген Төле би батырларды бастап, 30 мың қалмақтың ордасын қамапты. Қалмақтың ханы Қалдан Церен зәре-құты қалмай қорқып: «Би ашуланбасын, сөйлесейік, келісейік», — деп кісісін жіберіпті.


Төле би ханның ордасына кіріп барып:


— Ей, қалмақтың ханы, жерімді алғаныңды кешіріп едім, малымды алғаныңды кешіріп едім. Енді батырым мен ханымды алғаныңды кешірмеспін! 30 мың қолмен өзім келдім, 30 мың қолмен Қойкелді келеді, 30 мың қолмен Наурызбай келеді, — дейді.


Сонда қалмақтың ханы бұрынғысынан да қатты сасып:


— Биеке, бір білместік болды, кешіріңіз, — деп кешірім сұрайды. Өтеген мен Абылай екеуін өзі барып зынданнан шығарып әкелген екен. Өтеген мен Абылай ойда жоқ жерде Төле биді көргенде таң қалып:


— Қалай келдіңіз? — деп сұрайды.


Сонда Төле би:


— Үндемеңдер, ханым, батырым! Қалмақ, қалмақты ептеп алмақ. Осылай етсек жабыла, қалмақтың өзі-ақ біздің жерден жоғалмақ, — деген екен.


Сөйтіп, Төле бидің «Қалмақ, қалмақты ептеп алмақ» деген сөзі елге тарап кетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу