Өлеңдер ✍️

  25.08.2021
  372


Автор: Жібек Ысқақова

АМАНДЫҚТА БОЛАЙЫҚ


Аман болсын, елім, жұртым Жаратқан,
Нұрын шашып әрбір атар әр ақ таң.
Сәттілігін сыйлай берсін әрбір күн,
Қуанышын беріп әрбір қанаттан.

Ауырғандар көп кешікпей жазылсын,
Іштей жейтін қайғы-мұңнан арылсын.
Ағайын туыс, дос-жарандар бір болып,
Сыйластықта қастарынан табылсын!

Бұл қазағым қонағына төр берген,
Ынтымақта жөн сұрасып тербелген.
Қиын сәтте қолдау беріп қашанда,
Бір-біріне жаны ашып дем берген.

Бұзылмасын қазақтықтың қаймағы,
Отбасының ұйып тұрған айраны.
Бауырмалдық арта берсін лайым,
Бір-біріне риясыз құшақ жайғаны.

Үлкен, кіші амандықта болайық,
Әрбір сәттен бақыт, шаттық табайық.
Өзге тілді жақтап "мәңгүрт" болғанша,
Қазақ тілді, қазақ болып қалайық!

Жібек Искакова



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу