Аңыздар ✍️

  25.08.2021
  644


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қазыбектің үш атасы Бұлбұл

Бұлбұлдың екі қатыны болыпты. Үлкен бәйбішесі —  Қаракемпір. Қаракемпірден бес бала. Екінші қатыны — Құбакемпір. Құбакемпірден бес бала, үлкені — Күшік, Алдияр, Шаншар, Үсен Құдайберлі, екеуінің балалары күндес болыпты. Қаракемпірдің балалары марқа туып, Құбакемпірдің балаларына күн көрсетпепті. Сонда Қаракемпір бәйбіше балаларын шақырып алып:


— Сендерден бір тілек сұрайын, бересіңдер ме? — депті.


Сонда балалары:


— Не сұрайсыз? — депті.


— Сұрайтыным сол — мына Құбакемпірдің балаларына тимеңдер, — депті. Сонда балалары:


— Оның несі бар?


— Құбакемпірдің балалары сендерден нәсіпті болады, әрі қасиетті болады.


«Тоқалдан туған баланы қасиетті болады» деп айтты деп, онан сайын ұра береді. Сонда бір күні өз балаларын жинап алып:


— Сендерден енді бір тілек сұрайын бересіңдер ме?».


Балалары:


— Соңда не сұрайсың, — депті.


— Осы Құбакемпірдің баласының ішінде Шаншарына тимеңдер!


— Оның несі бар?


Сонда Қаракемпір бәйбішенің айтқаны:


— Басқасынан көрі өзінің нәсібі ағып тұр, басыңда бағы жанып тұр, ғаделеттің бейнесін үш жүздің баласы танып тұр. «Абыз» деген атағы өз бойына қонып тұр, — деді. Сонда «тоқалдан туған Шаншарды бізден артық болады деп» айттың деп, онан сайын ұра береді. Сонан кейін Шаншарды оңаша шығарып алып ұратын болыпты. Сонан кейін Қаракемпір бәйбіше күйеуі Бұлбұлға келіпті:


— Менен туған балаларды қараңыз, бұларың не істеп жүр!


Сонда Қаракемпір бәйбіше Құбакемпірдің балаларына күн көрсетпейді.


— Осының ішіндегі бір Шаншарын сұрап ала алмадым. Шаншардың түбінде Абыз атағын алатынын өзіңіз де білерсіз. Сонда күйеуі:


Бұлбұлдың айтқаны:


— Мен қарғасам, ол шіркіннің тұқымы құрып кетер, атқан оқ қайтып келмей қояр. Өзіңнен туған ұлға өзің де барарсың. Мен ұлықсат берейін. Сонда Қаракемпір бәйбіше ұлдарын жинап алып:


— Қолдарыңды көтерші, — депті. Сонда ұлдары үлес алатындай қолдарын көтеріпті. Сонда Қаракемпір бәйбіше:


— Сендердің тұқымың құрымасын, тұқымың Шаншардың жамауыңда кетсін! — депті. Осы Шаншар үш қатын алыпты. Бірінші әйелі — Қыздамбике, екінші әйелі — Айбике, үшінші әйелі — Нұрбике.


Бірінші Қыздамбикеден — Алысай, екінші Айбикеден төрт ұл туған: Келдібек, Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп туыпты. Үшінші Нұрбикеден: Төлеу, Бертіс, Нұрлыбек туыпты. Осының ішіндегі Айбике бәйбішенің төрт бегі болып атанған ең үлкен Келдібегі отыз жасқа келгенше қатын алып,
бала сүймепті. Басқалары қатын алып, бала сүйіп, бет-бетімен ауыл болып кетіпті. Келдібектің бұл уақытқа шейін әйел алмау себебі — үшінші атасы болыпты деген кісі Келдібектің түсіне аян беріпті. Сонда былай депті: «Сен қатын алмайсың, ешбір әйелге көзіңді салмайсың. Алатын әйелің мынадай болады: ұзын бойлы сары қыз, оң жақ аяғының азырақ ақсағы болады. Оң жақ бетінің құлағының түбінде танадай меңі болады, екі емшектің арасында алақандай қалы болады. «Ә» деп көзіңе түскенде самалдан жел соққандай көзің мен көңілің үйіріле түседі. Осы кездескенше шаһуатыңды ешқайда шанышпайсың!» Сонымен Келдібек бір талай жүріп қалады.


Бір күні қазақтың көшпелі заманыңда Шаншардың көші келе жатса, бір шағын көш келіп, көшке қосылып, араласып кетіпті. Сол кезде Келдібек көштің алдына шығып, алдын басқарып, көштің артына қарай серпіліп келе жатса, бір шағын көш жеті-сегіз түйесі бар, сол түйенің жаныңда бір қыз келе жатыр. Ұшып бара жатып сол қызға көзі түсіп, көзі үйірілгендей болады. Қыз да бұған қарап, көз тастап, тесірейіп қарай қалады. Қарсы келе жатқан, тілге келе алмай, сөйлесуге сылтау таба алмай, өтіп кетіпті. Кетіп бара жатып артына қараса, қыз да қарап бара жатыр екен. Былай шығып ойына түсті. Көштің соңына бармай, ойға түсті. Қызды қайта көруге, тілге қайта келуге, көш келіп бір өзеннен өтуге кездесті. Сол кезде сол қыздың түйесі оралып, жүгі ауды, қыз аттан қарғып түсіп, түйенің жүгін басып түзетіп, атына қайта барып еді. Бақылап тұрған Келдібек қыздың сілтей басқан аяғына көзі түсті. Көш жөнеле бергенде, жанасып келіп қызға амандыққа келді:


— Бұл көш кімдікі, сіздер кім боласыздар?


Бұл:


— Кіші жүздің елі боламыз.


— Қайдан көшіп келесіздер, қайда барасыздар?


Қыз айтты:


— Біз «Абыз» деген кісінің ауылын іздеп келеміз. Сонда Келдібек:


— Бұл жақта «Абыз» деген кісі бар ма? Абыз деген кісі жоқ қой.


Қыз айтты:


— «Абыз» деген ат ардақтап қойған аты болуы керек. Шын атын мен атай алмай келе жатырмын. Ауыл басшылары білу керек.


Сол бес-алты ауыз сөздің ішінде көзін айырмай бейнесі не қарап, бетіңдегі танадай меңге көзі түсті. «Тағы да бір белгі сі табылды» дегендей, көңілі жүйткіп, қуана түсті. Қыздың да қас-қабағы жабыса түсіп, жауап бергендей болды. Көш сол өзеннен ұзамай келіп, жағалай қона қалды. Қыздың ауылы ұзамай қатарласып қона қалды. Келдібектің бағанағы қызының сөзі есінен кетпей, қалған белгісін іздемек болды. Соған сылтау іздеп бір қойды әкеп сойдырып етін пісіртіп, бір қыз, бір келіншекті шақыртып алып, сол ауылға ерулік беріп жібермек болды. Қызға мынадай тапсырма берді:


— Осы ауылдың ұзын бойлы сары қызы бар, оң жақ аяғының ақсағы бар. Оң жақ құлағының алдында танадай меңі бар. Көрнекті белгісі — сол. Қыздың сен қойнына жат, екі емшектің арасында нендей белгі бар екен, — деп қызға қатты тапсырма берді. Сонымен кешке жақын қыз бен келіншек ерулік алып жетіп барды. Соныменен сол күні сол ауылға қонып, қыз бала сол қыздың қойнына жатты. Қыз баланың екі көзі төсінде болып, жас баланың алақанындай қалды байқады. Ертеңінде қыз бен келіншек тазадан екі көйлек киіп үйге қайтты. Барған қызды оңаша шығарып алып сұрай бастады. Келдібекке қыз екі емшегіңнің арасында жас баланың алақанындай қалы бар екенін айтты. Сонда Келдібек көңілі жүйткіп, бірталай өмір қырағын өткізіп алған Келдібек қанша шыдамды болса да, асығыс түрде әкесіне кісі салыпты. Атам Бұлбұлдың түсімде айтқан арнаулы белгілері табылды. Осы көршілес келген орта жүздің ауылында бір қыз айнымай ұсап болды. Ал енді соған сөйлесуге болады. Содан Шаншар Абыз қонаққа шақырып, ерулігін бере бастады. Жөн сұрап, жұмыстарын біле бастайды. Сонда келген ауылдың сөздері:


— Біз Кіші жүздің еліміз, өз елімізден ғаделетсіздік, зорлық-зомбылық көрген соң, «Шаншар Абыз» деген кісі бар деп, бауырында қоныс бар деп, қай жағынан соқса да көмегі бар деп, орал таудың аймағындай көлемі бар деп іздеп, біржолата көшіп келдік. Бізді іздейтін еліміз жоқ, мал жаятын жеріміз жоқ, — деді.

Шаншар айтқан:


— Ер туған жігіттің өз кәсібі өзіме, малдың өз нәсібі өзімен, «Елден ел кетсе — жұт» деген. «Елге ел қосылса — құт» деген, дарияны ешкім жалап арам қылмайды, Тәңір жаққан шырағыңды ешкім үрлеп өшірмейді. Бұл айтқан сөздерің дұрыс, қарсы отырып қабыл алдық. Төскейде мал қосылған, төсекте басымыз қосылса қайтеді, — деді. Сонда қыз әкесі Сүлейменнің берген жауабы:


— Атыңыз бен аулыңызды іздеп келдік, төрелігін өзің айта бер, ауырмайтын жерден кесе бер, өзің ұнатып шеше бер, — деді. Сонымен, сол қызды алып беріпті, Қыздың аты Тоқмейіл екен. Келдібек алып болып, жайғасқан соң қызға:


— Сенің атыңды «Тоқмейіл» деп қалай қойған?»


Сонда қыз айтыпты:


— Соғымды сойып жатқанда туыппын. Сол күні қорада ерте қашқан он екі қой туып, егіз болыпты. Сонда шешеміз айтыпты: «Соғым сойып жатқан тоқшылықта туды, он екі қой егіз болды, иншалла, бұның арты сегіз болар, — деп, Тоқмейіл қойыпты. Сонда қыз тұрып:


— Сіздің атыңызды Келдібек деп қалай қойған?


— О жақ, бұ жақтан келгендер болса, келімсектерді ала бересіңдер деп Келдібек қойған.


Сүйтіп біраз әзілдескен осы Тоқмейіл деген анадан алты ұл туыпты, мұны халық «Ақсақтың алтауы» дейді екен. Қазыбек туғанда анасы айтыпты:


— Осы шіркін нәсіпті болады, білем, — деп. Екі емшегі сүйретпедей үлкен екен, шаруашылықты істегенде, емшекті иығынан асырып тастайды екен. Бала арт жағынан еміп, өзі алдыңғы жағынан жұмыс істеп отырады екен.


Қазыбекті алдына алып құшқаңда, шешесі былай дейді екен:


— Айналып, толғап өсірсем,
Ақ сүтімді беріп кешірсем,
Адалдан болар нәсібің,
Тіліңнен болар кәсібің,
Әлди, әлди-ай, —


дейді екен. Екінші ұлы Сәдімбек туғанда, айтыпты: «Осы шіркін ызақор болар, бір емшегімді еміп отырып, көңіліне бір нәрсе ұнамаса, екінші емшегімді тырнап тастайды», — деп. Осы айтқаны айнымай келіп, кейінде Қуандық, Қаракесек болып Нұраның өзеніне таласыпты. Сонда Қуандық еді Нұраға «жолатпайым» деп қаракесекті лақтырған. Омбыдан жандарал келіпті. Сонда дау «бейітіне бар» деп дауға сүйеп, сол бейітті жандарал келіп көрмек болады.


Сонда Садыбектің бір ауылы сол бейіттің басында қонып отыр екен. Сол ауыл сол бейітті бұзып, кірпішін бір сайға тасып тастап, орнын тегістеп, қой түнетіп жіберіпті. Сондықтан Нұраның суына ортақ қылып, өзенді бөлек қылып, жандарал қайтып кетіпті. Кейінгіде ұрпақтарын «мола бұзған Садыбек» деп күлкіге айналдырды. Ел адамдары: «Анасының айтқаны айнымай келді» деп жүреді.


Үшінші баласы Асан туғанда: «Осы шіркін даңғой болады. Олай-бұлай жүгіріп отқа да түседі, суға да түседі» депті. Асан деген ел болды. Бір күні түсте қымыз ішіп отырғанда Татырау жерден бір құйын келіпті. Сонда «қымыз ішіп, қызып отырған жігіттері Асан ауылының аттан салып жау қаптап кетті» деп жабыла шауып, қырылып қала жаздапты. Кейінде мұның ұрпақтарын ел «құйынға шапқан Асан» деп, «Анасының айтқаны айнымай келді» деп күлкіге айналдырып жүреді.


Төртінші баласы — Балапан. «Осы шіркін шешен болады» дейді екен. Жылағанда тандайынан мөр көрінеді екен. Шешендікпен он сегіз жаста би болыпты. Мұның да анасының айтқаны келіпті.


Бесінші баласы — Үсен. «Осы шіркін кербез болар» депті. Қолына күйе жұқса, қолын шошайтып денесіне жуытпай кешке шейін жылайды. Мұның кейінгі ұрпақтары кірпігіне кір жуытпайтын шытырайған сәнқой болды. Бұған да анасының айтқанындай келді деседі.


Алтыншы баласы — Бөдене. Бұған қойған сыны: «Осы шіркін батыр болар, білем» дейді. Емшегімді сорғанда сүйек-сүйегімді солқылдатады, қолбау шыдамай, бір жастан асқан соң өңірдің жүн терісінен істеген кеудешесін бұлқынып жылағанда созып-созып тастайды», — депті. Кейінде Қажыбек жан шақ келтірмейтін батыр болыпты. Тарлықта қалғандай талай ерлік істепті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу