25.08.2021
  143


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қазан қайнатқан сөз

Бір жолы Төлеу, Уәйіс, Нысанбай ақындар сапарлас жүріп, бір үйге қонақ болады. Үй иесі бар болса да, сараң екен. Қонақтарды көңілсіз қарсы алып, ниетімен жөн сұрапты да, үшеуінің көңілдерін көжемен аулап, өздері қызыл іңірден жатып, қонақтарына төсек салып қойған екен.


Үш ақын жатарда сыртқа шыққанда көрші үйде қонақтар бар екенін байқайды. Ол үйдің қазандығында қызыл от лаулап жанып, тоқтының жас еті былқылдап пісіп жатады. Бұл жайды көңілдеріне түйген үшеуі үйге енеді. Киімдерін шешіп, шамды өшіріп, жатуға ыңғайланғанда, байқаса, көрші үйдің қазандығындағы оттың жарығы есіктің саңылауларынан өздері жатқан үйдің ішіне түсіп тұр екен.


Бұл жай үш ақынның көңілдерін алаңдатып, ойларына түрткі, шабыттарына қозғау салады. Былқылдап пісіп жатқан ет есіне түсіп, үй иесінің сараңдығына күйінген Нысанбай:


— Нысанбай өзім атыс әкем қойған, — деп өлеңдеткенде,


Уәйіс;


— Бұл несі басын бастап, соңын қойған, — деп оның сөзін іліп әкетеді. Екі ақынның сөздерін Төлеу қағып әкетіп:


— Қайнаса біздің сор да қайнап жатқан, Мынау үй қонағына тоқты сойған, — деп өлеңдете аяқтапты. Қонақтарының бірінің сөзін бірі іліп-қағып өлеңдеткеніне құлақ түріп жатқан үй иесі бұлардың бекер адамдар еместігіне көзі жетіп, жатып қалған төсегінен тұрып, үш ақыннан кешірім сұрап, түн ішінде қой сойып, қазан асқан екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу