Аңыздар ✍️

  25.08.2021
  482


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қаз дауысты Қазыбек шешен жайында

Ертеде Қазыбек би нөкерлерін ертіп Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан ежептәуір қартайып қалса да, сыр білдірмейді. Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтереді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып әңгіме-дүкен құрады.


Қазыбек Әнет бабаға бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті. Бірақ Әнет баба:


— Қазыбекжан-ай, жасы келіп қартайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың? — деп ештеңе айтқысы келмепті. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз ақылын тыңдамай еш жаққа кетпейтінін білдіріпті. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннің бұл қылығына күле қарап:


— Болмадың ғой, айтайын, — деп сәл ойланып, — «әкім» деген сөзді жадыңда сақта, — дейді. Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын білдіріп, жора-жолдасымен еліне қайтыпты.


Ол жол-жөнекей өзімен бірге келе жатқан нөкерлерінен:


— Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңыздар ма? — дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті:


— «Ә» дегені — әділ бол, «к» дегені — күншіл болма, көпшіл бол, «і» дегені — ілтипатты бол, «м» дегені — менмен болма, мейірман бол дегені, — депті.


Әнет бабаның сол өсиеті ел арасына кең тарап, ұрпаққа үлгі болып қалған екен.


* * *


Қазыбектің әкесі Келдібек би қыз таңдап, үйленбей жүрсе керек. Ойламаған жерден бір қиырдан бір аяғы ақсақ, бір көзі қыли жас қызға көңілі ауып, құда түсіп, айттырып алады. Әке-шешесі баласының айтқанына келіскенімен, аса қолдай қоймайды.


Әкесі:


— «Таңдаған тазға жолығадының» кебі келді, сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз, — дейді.


Әкесіне Келдібек былай дейді:


— Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Қыли көз сөзі менен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетер балқып, —


деп жауап қайырады. Келдібектің замандастары әзілдескенде осыны алдына тартып, қағытып жүріпті. Бірде олар Келдібектің өз үйінде отырып соқтыға берген екен. Сонда жас келіншек отырғанда сыпайылап былай депті:


— Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату, жақсы-ақпын.
Татулықтың белгісіндей тамаша,
Төрт божаңды билейтін ұл таппақпын, —


деген екен. Айтқанындай қаз дауысты Қазыбек дүниеге келіпті. Үш жүзге әйгілі аты шыққан би атаныпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу