Аңыздар ✍️

  25.08.2021
  135


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қабан ақынның сыны

Жетісудің әйгілі батырлары Өтеген, Райымбек Қарашпен тұстас екен. Өтеген батыр жерұйықты іздеп, жапанды аралап еліне оралғаннан кейін Дулат Қараш, Өтеген, Албан Райымбек, Жалайыр Қабан — төрт батыр Өтегеннің үйінде бас қосады. Райымбек, Өтеген — құрдас, Қараштың жасы олардан кіші екен, бәрінің үлкені Қабан көрінеді.


Райымбек сөз бастайды:


— Өтеген, ел аралаған сыншы деген, жер дүниені аралап келдің, жасымыз болса келді, батырсың, әрі көпті көрдің, өлген күнде жәйіміз не болады, қайсымыз қайда қаламыз, соны айтшы, — депті.


Өтеген:


— «Аға тұрып сөйлеген ініден без» деген, дүниенің жарығын бұрын көрген алдымыздағы ағамыз Қабан айтсын, — деп сөздің кезегі Қабанға бұрыпты.


Сонда Қабан:


— Екеуің біріңді-бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме, тыңдаңдар, айтып көрейін, — деп сөз бастапты. — Обалым атымды Қабан қойған әке-шешеме болсын, атым Қабан болғандықтан, бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде боламын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылмайды. Ал, Өтеген, сенің жайлы, жылы мінезің бар еді, жылжып аққан судың жағасында қаласың, бірақ түбінде жылжисың. Райымбек, сен көпшіл ең, қиямет қайымға дейін басыңнан дабыр кетпейтін үлкен жолдың бойында қаласың, — депті-міс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу