25.08.2021
  132


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Көсе атануы

Алдар алпыстан асып, бұрынғы тұрған өлкеден екінші өлкедегі бір ханның қол астындағы көп елдің ішіне келеді. Ел Алдарды құрметтеп, көрнекті орыннан қоныс беріпті. Көшіп кеткен өлкесінің тоналған байы, саудагері, ишаны, шайтаны, ханы бас құрап, Алдарды тауып,  алтындарын қайтарып алмақ болады. Төрт ханның нөкерлерінен сұрыпталып, алаяқ қудан, елді құртқан сұмнан ала шапан кигізіп алпыс кісі шығып, Алдарды тауып келуге аттандырады. Бұлар астыртын сұрау салып, елден елге өтіп, тұтқиылда бас салуға келе жатқанын Алдар естіп, үйіне ауыл адамдарын түгел жинап, жеті қой сойып, ас береді.


— Жақсылар тұз-дәм айдап орталарыңа келіп, құрметтеріңізді көріп отырған қонақ едім. Таңертең Әзірейіл келіп: «Күн жарым өмірің қалды, қамыңды жаса», — деді.


— «Қам» дегенде ол дүниеге қазан-ошақтың керегі болмас. Осы отырған көпшілікпен өзім бірлесіп, моламды қазбақпын. Өлген соң, жуып ешкім әуре болмасын, өзім жуынып кебінімді киейін.


Бүгін моламды қазарда жеті қой сойдым, бұл-қош айтарым, ертең өлерде жеті қой соям, ол молаға көмерім болады. Жеті, қырқымды өлген соң балаларым бере жатар, ол менің міндетім емес. Ал жүріңдер, моламды қазайық, - дейді Алдар.


Жиналған адамдар қайран қалады. Шоқ ағаштың ортасындағы алаңнан: «Менің молам осы жерден болсын, тірідегі үйім түндікті киіз үй еді, молам да соған ұқсас болсын», - деп, моласын дөңгелек етіп қаздырып, бүйірінен есік, төбесінен тесік қалдырып, моласын жаптырады.   Түнде ішіне: он күнге мол жеткендей ас-суын көп қылып, отын жинап, шақпақ тас, түтік мақта, қалақ, көсеу кіргізіп қояды. Ертеңіне елді қайта жинап, жеті қой сойып беріп, қош айтысады. Киіп жүрген киімдерін қолынан үлестіріп, үстіне ақ кебін киіп, қатын-баласына көрісіп, моласына
кіреді.


— Енді аузын жауып, құрандарыңды оқып, қайта беріңдер, — дейді. Ұзын аят оқылып, қатын-балалары жылайды. Молдалар Алдардың үйінде отырып, құран шығарады. Жетісін беріп жатқанда, іздеп жүрген алпыс жасауыл келеді.


— Бұларың не? — дейді алыстан келген адамдар.


— Бұл Алдар деген ақ пейіл адам еді. Сол өліп, жетісін беріп жатырмыз, — депті жиналған жұрт.


— Қолымызға тірі түспей-ақ кетті, — десіп күңкілдепті қулар.


— Кел, мұның моласына барып көрейік, — дейді  біреуі. Өзгесі мақұлдап, молаға келеді. Төбесіне шығып тесікті көреді.


— Ой, құдайдың қүдіреті-ай, мынаның моласынан түтін шығыпты. Талай кісіні зарлатып еді, енді тозаққа өртеніп жатыр екен. Бұл мұндардың моласына бір-бір отырып кетейік, — деседі.


— Ал баста!


Бірі төбедегі тесікке отыра бергенде, қызып тұрған көсеу май құйрыққа быж ете қалады. Ернін тістеген күйі шалбарына орала, жүгіре түседі.


— Болдың ба? — дейді кезекте тұрған бірі. Ол ернін тістеген күйі, иегін тесікке қарай нұсқайды.


Құйрығын екіншісі де күйдіріп, үшіншіге иегін көтереді. Сөйтіп бәрі де құйрығына күйген көсеуді бастырып, елге көріне алмай, атқа да міне алмай, бір көлдің басына келіп, аттарын сойып, үнем қылып, құйрықтары жазылғанша жатады да, тәуірленген соң, сол елдің ханына келеді.


Олар арызын айтып, хандарының хатын көрсетіп отырғанда, үстіне үлде мен бүлде киген бай адам ханның ордасына келіп, кіруге рұқсат  сұрайды. Жібекпен кебіндеп ат мінген кісіні хан өзі шығып қарсы алады. Төр алдындагы төсегіне отырғызып, шекер-шербетін беріп отырып, келген жұмысын сұрайды.


— Құрметті тақсыр хан! Көп жүрген еліңдегі Көсеу деген бай едім. Әкемнен көп қазынамен бірге алты жүз құл қалып еді. Соның  ішіндегі  алпыс бұзығы қашып, момынды елден талап, керуенді жолдан талап қарақшы болып кетті. Соларды іздете қуып, ордаңызға келіп отырмын.  Солар — мынау отырғандар. Бәрінің құйрығына көсеу басқан таңбасы бар. Нанбасаңыз, шешіндіріп көріңіз.


Мынаусын пәлен ханның елінен, мыналарды түген ханның елінен сатып алғанмын, құйрықтарына басылған көсеу мынау, — деп көсеуді  ханның алдына қойыпты Алдар. Хан нөкерлерін шақырып шешіндірсе, бәріне таңба басылған болып шығады. Хан алпысының айтқан сөзін   тыңдамай, қаһарына мінеді де, бәрін зынданға жауып:


— Енді не істейсіз, бай? Байлатып еліңе жеткізіп берейін бе, әлде алыстан келген біреуге саттырып, алтынын алып берейін бе? — депті.


— Тақсыр, бұл алаяқтар, қайтып барғанмен тыныш жүрмес, саттырып ақшасын беріңіз, — депті.


Сол кезде ел талайтын бір патша, ұры-қарыдан нөкер жинап, сондай адамдарды сатып алып жүр екен. Саудагерлер осы ханның еліне  келіп, алпысына бір дорба алтын беріп, сатып алыпты. Алдар алтынды алып, аулына қайта келіпті. Кейінгі ханның ордасынан шыққан соң, «көсеу» деген ат қосылып, Алдар Көсеу болыпты.


Ол көсе емес екен, сақалы беліне түскен, бетіне нұры тамған сұлу кісі болыпты. «Көсеу» деген сөз қысқартылып, халық Алдар Көсе деп атап кетіпті.

...Кейінгі ханның ордасынан шыққан соң, «көсеу» деген ат қосылып, Алдар Көсеу болыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу