Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  98


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Көкейкесті (ІІ нұсқа)

Тәттімбет өмірінің соңғы жылдары болса керек. Бірде күйші қатты науқастанып қалады. Сонда ол өзінің басынан кешкен өмірін еске алып, халқының алдында өтелген-өтелмеген парызын ой таразысына салады да, өзінен-өзі мұңға батады. «Көкейде жүрген арманымды толғай алмай кететін болдым-ау» деп ширығады, жанарына ыстық жас үйіріледі. Мұңдас-сырлас дос-жарандарының хал-жайын ойлайды. Сөйтіп, толғанып жатқанда елдің бір азаматы келіп көңілін серпілткісі келеді. Тәттімбет күйлерінің ел арасына кең таралғанын, мұрагер шәкірттерінің көбейіп келе жатқанын әңгімеге арқау етеді. Бірақ Тәттімбет өз арманының әлі орындалмағанын ойлап, іштей назаланады. Осы тұста күй толғағысы келіп, домбырасына қол созады. Отырғандар жүкке сүйеулі тұрған қоңыр домбырасын қолына ұстатады. Тәттімбет жастығын биіктетіп, домбыраны кеудесіне сүйеп, шалқалап жатып, сыры терең, толғанысты бір күй тартады. Күңіренген күй әуені отырғандардың сай-сүйегін сырқыратады. «Бұл күйіңізді жаңа естіп отырмыз, қандай күй болды екен?» — деп сұрайды. Сонда, Тәттімбет: «Көкейкесті» болсын, — деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу