Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  138


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Көк шыбар ат

Бейсенбі билік басында болған жылдардың бірінде қазақ ортасында болған съезге өзінің тума жылқысы ішінен шыққан таңдаулы көк шыбар атын мініп барады. Бежеңе есесі кеткен бір адамдардың айдап салуында, аттың сыртқы тұлғасына қызыққан екі жортуылшы ұры, көк шыбар атты оңашада бөгенайлап көреді. Сонда көк шыбар аттың тілінің астында дөңгелек қара қалы, ауыздығының тыртығы барын байқайды. Дәл осы белгілерді куә етіп, атқа таласу ойына келген жалақор шідерде тұрған аттың мойнына асылып жылайды: «Қайран жануарым-ай, дөненінде асаудан үйреткен едім, сонда езуін ауыздық қиған еді. Алты жасында жоғалған еді», — деп зарлайды. Съездегілер: «Бұл Бейсенбінің аты еді, мұнысы қалай болды?» — деп тамсанады. Бежең өзінің тума малы екендігі шындық деп айтса да, ана екі ұры белгіміз бар дейді. Екі жақтан сұралып аттың ерекше белгісі сарапқа салынады. Бежең сыртқы тұлғасын, жасын айтқанымен нәзік белгілерін нақты айта алмай қалады. Ал екі жалақор көріп алған белгісін айтып, нақ шындықтай етіп сөйлеп, құстай қондырып, оқтай төндіреді. Ат тілінің астындағы қара қалы, езуінің жыртылуы сияқты белгілер бойынша ат жалақорларға тәуелді болады. Өз басының жалаға ұшырап, әділетті істің әділетсіз істің алдында жеңіліс тапқанын әрі аттың нәзік белгілерін біле алмағандығына Бежең қатты ызаланады. Атты ұрыларға жетектетіп жатып: «Жанаттың шыбарын жегеннің жаны желінеді» деген ел арасында тараған тәмсіл бар еді. Менің шыбар атым емес, елім жанаттың шыбар аты еді, жаның желінбесе болды, мен бір тайдан кедей болмаспын, сендерге бақ па, сор ма? Оны болашақ белгілесін», — деп қалады. Айтушылар аңызына қарағанда осы съез ақырласпай-ақ, әлгі екі ұрының бірі ауырып, өлім халіне келеді. Жан үзер алдында: «Керейдің киелі биінің атын жаламен алған едім, жанаттың шыбарын жеймін деп жаным желінді, ол дүниеге алып кетпейін, атты иесіне тапсырыңдар», — деп өсиет айтыпты. Атты қолына алған соң, Бежең осы оқиғаға байланысты «Көк шыбар ат» деген күй жаратқан екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу